Бүгін ОКҚ алаңында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифинг өтті.
Қызылордада биыл 13,4 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылмақ
1,150
оқылды

Брифингте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2023 жылдың 4 айында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасына қол жеткізгенін айтты.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімі – 1,6%, өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 1,9%, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,4%, сауда көлемі – 2,5%, инвестициялар тарту – 42,1% және құрылыс жұмыстарының көлемі 44%-ға артқан. 

«Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда 53%-ға артық. Облыс бюджетінің 64%-ы әлеуметтік салаға бағытталған», – деді Н. Нәлібаев. 

Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру 6,5 млн тоннаға азайды. Жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін Шу-Сарысу бассейнінде биологиялық, геофизикалық зерттеу аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Арал бассейнінің батыс, шығыс бөлігінде зерттеу жалғасуда. Өңір басшысы сараптама қорытындысы 2024 жылы анықталатынын айтты. 

Шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар қолға алынған. Индустрияландыру аясында өңірде 607,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда, бұл 6,3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 

«2022 жылдың қазан айынан бастап облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауыты жұмысын бастады. Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз етті. Биылғы жылдың 4 айында 3,5 млн текше метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республикамызбен бірге, Өзбекстан, Қырғызстан Тәжікстан және Ресейге экспортталуда. Қазір шыны зауытының жанынан 32,8 млрд теңгені құрайтын үш ілеспе кәсіпорын ашылады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді», – деді облыс басшысы. 

Ірі жобалардың бірі – Шалқия кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы биыл басталады. «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. Әкімнің мәліметінше, 2022 жылы кешенде 454 тонна, ал биыл 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп, Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталған.  

Сонымен қатар облыста жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілген. Өткен жылы құны 5,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылса, биыл құны 13,4 млрд теңге болатын 9 жоба жүзеге асырылады. Бұл өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. 

Әкім сонымен қатар өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріліп отырғанын айтты. 2023 жылдың 5 айында кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға түрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы тартылып, 1700 жобаға қолдау көрсетілді, - деп нақтылады облыс басшысы.