Мемлекет басшысы Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған деле­гациямен кездесті.
Қатармен сенімді серіктестік
1,433
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге ілтипат білдіре отырып, Астана халықаралық форумына Қатар үкіметі мен бизнес өкілдерін бастап келгені үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Қатар Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы ын­тымақтасты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Таяу арада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы кезеңде біз тиімді мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Былтыр Сіз елі­мізге мемлекеттік сапармен келдіңіз. Сондай-ақ жуырда Қазақстан Премьер-Министрі Қатарға сапармен барып келді. Бұл – дәстүрлі достық пен берік әріптестіктің айқын дәлелі. Сіз мемлекеттері­міздің арасындағы ықпалдастықты тереңдетуге зор үлес қосып келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Қазақ-қатар байланыстарын нығайту үшін Сізбен бірлесе әрекет етуге әрдайым дайынмын. Қатар инвесторларына барынша қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қатарға жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60-қа жуық өнім түрінің экспортын арттыруға дайын. Сондай-ақ іскерлік байланыстарды нығайту үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынастарын ашу маңызды.

Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни құрмет көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

– Астана халықаралық форумына шақыруы­ңызды қабыл алып, Қазақстанға келіп отырмын. Бұл – мен үшін зор құрмет. Былтыр қазан айында Қазақстанда кездескеннен кейін тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл – былтырғы келіс­сөздер барысында бауырлас Қазақстанмен арадағы қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асы­рылуын пысықтауға тағы бір мүмкіндік. Менімен бірге Қатардың іскер топтарынан құ­ралған үлкен де­ле­гация келді. Бұл екі елдің ара­сындағы ынтымақ­тастықтың табысты болуына жол ашады деп ой­лаймын. Түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді.  Біз басқа да бағыттардағы ынтымақтастықтың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз, – деді шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни.

Кездесу барысында тараптар еліміздің Қатар инвесторларымен мұнай-газ, тау-кен және метал­лур­гия, ауыл шаруашылығы, медицина, қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.  Сондай-ақ халық­аралық ұйымдар аясындағы өзара тиімді ынтымақ­тастық мәселелерін қарастырды.