Көптеген инфекциялық аурудың емі табылып, вакцинация жүргізу арқасында соңғы жарты ғасыр уа­қытта жоғалып барады. Алайда ек­песі бар болса да, қаупі сейіл­меген, медицина саласы­ның қатаң бақы­лауынан шығып кет­се, қайта өршіп халыққа қатер төн­діретін аурулар аз емес.
«Осы жөтел кетер ме тамағымнан»...
1,588
оқылды

Соның бірі – көкжөтел. Біз осы сырқатты ем­деу және оның алдын алумен айналысып жүрген маман­дардың пікіріне құлақ түрген едік.  

Ауру қалай жұғады?

Дәстүрлі ән мен эстрада жанрын тоғыс­ты­рып жүрген Ғалымжан Жолдасбайдың орындауындағы «Көкжөтел» әнін көпшілік біледі. Бұл әнді Маңғыстаудың жеті қайқы­сының бірі –  Өскенбай Қалмамбетұлының баласы Хамит Өскенбаев шығарған деп айтылады. Әннің аты – «Қыздар-ай». Әнді ол өкпесіне суық тиіп ауырып жүрген кезде шығарған екен. Ол серуендеп жүріп, бір топ қызға жолығады. Қыздар «ән салып бер» деп қолқа салады. Шырқайын десе –  айықпаған ауруы, күркілдеген жөтел бар. Ақыры әнді де айтып, қайырар тұсын жөтелімен жалғастырыпты. Алайда әннің әзілге бұрған мәні жеңіл болғанымен шындығында көкжөтел –  аса жұқпалы әрі ауыр өтетін қауіпті ауру. 

Біз тілдескен медицина мамандары оның адамнан адамға жұғатын қауіпті бактериялы инфекция екенін айтады. Індеттің қоздырғышы Bordetella Pertussis деп аталады. Бұл ауруға қарсы екпе болмаған кезде, өткен ғасырдың басында көкжөтел жұқтырған емшектегі балалар­дың шетінеу саны дифтерия, қызылша, полиомиелит және менингиттің өлім-жітімін қосқаннан да көп болған. Жаппай вакцинациялау арқылы індет 150-200 есеге азайып, өлім-жітім сап тыйылды. Десек те, қауіптің беті әлі қайтпаған. Инфекция­сының қоздырғышы әлі ортамызда бар. Ол организмге түсіп, тыныс алу жолдарының сілекейлі қабығын зақымдайды. Көк­жөтелге тән белгілер инфекциядан 10-14 күн өткен соң дами бастайды. Бастапқы кезеңде суық тию белгісі секілді көрінеді. Дене қызуы көтеріліп, мұрын бітеліп, су ағады, түшкіру және құрғақ жөтел байқа­лады. Бацилла бөлетін уыт ұсақ бронхтар­дың спазмына әкеліп соқтырады. Бұл тыныс алу жолдарының рецепторын тітір­кендіреді, олар ақпаратты жүйке жүйесі арқылы мидың жөтел орталығына жібереді. Содан барып ауыр әрі булығып жөтелу тоқтамайды. Жөтел науқастарды түнде және таңертең азапқа салады. Ежелгі Қытайда бұл ауруды жүз күндік жөтел деп те атаған. Оған қоса тәбет нашарлайды, әлсіздік пайда болады, тері құрғайды, мұрын-ауыз айналасы көгереді, қалшылдау, бұлшық еттердің құрысып-тырысуы пайда болады, тыныс алуы қиындайды. 

Көкжөтел балалар мен жасөспірімдерге үлкен қауіп төндіреді. Ересектерде де індет ауыр өтеді. Алайда бала кезінде вакцина алғандарда иммунитеттің дамуына, ағзаның жұқпалы сырқаттан қорғауына байланысты жеңіл болуы мүмкін. 

Вакцинадан қашпау керек

Көкжөтелдің алдын алудағы ең тиімді және ықпалды шара –  иммундау. Вакци­нациялау үшін екі түрлі: бүтін жасушалы және жасушасыз вакциналар қолданылады. Екеуі де де ауруға қарсы тиімді қорғанысты қамтамасыз етеді. Көкжөтелге де вирустық гепатит, дифтерия, қызылша, полио­миелит, сіреспе, туберкулез эпиде­миялық паротит секілді вакцина немесе жоспарды екпе жасалады. 

«Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы мін­детті профилактикалық екпелер жүр­гізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысында көкжөтелге қарсы иммун­дау жүргізу айқындалған. Көкжөтелге қар­сы иммундау Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес: балаларға 2, 3, 4, 18 айында және 6 жасында жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Яғни, алғашқысы үш ай­лығында, одан кейін 1,5 ай сайын жа­салады. Ал ревакцинасы 1,5 жылдан соң. Бұл – «АКДС» (адсорбцияланған көкжөтел-дифтерия-сіреспе вакцинасы) деп атала­тын аралас вакцина. 

Ол «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 85-бабы 5-тармағына сәйкес бюджет есебінен тегін әрі егілетін адамның вакциналау жүргізуге келісімін ала отырып жүргізіледі. 

ДДС деректеріне сенсек, жыл сайынғы иммундау дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, паротит, қызамық секілді ін­деттен болатын 2-3 миллион өлімнің алдын алуға мүмкіндік береді.

«Неліктен міндетті түрде вакцина алу керек? Өйткені халықтың 95 пайыздан астамы екпе алған кезде оның тиімділігі жоғары болады. Иммундау әлемде 3 мил­лион адамды құтқарып, бір миллионнан астам адамды ауру және өмір бойы мүгедек болып қалудан қорғайды. Балаларды жос­пар­лы иммундау енгізгенге дейін бала өлі­мінің басты себебі инфекциялық ауру­лар болып келді. Тіпті, осы  көкжөтел, қы­­зылша, тырысқақ секілді індеттер қазір­гі кезде де науқасты азапқа салатын, сон­дай-ақ өлім-жітімге жеткізуге себепші бо­­лып отыр. Жыл сайын 10,6 миллион бала жа­­сы беске жетпей шетінейді, өкініштісі, оның 1,4 миллионы вакциналау арқылы ал­дын алуға болатын аурудан көз жұмады», – дейді Астанадағы №1 қалалық балалар ауруханасының Пульмонология бөлімше­сінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Валентина Новикова.

Алайда қазір, кейбір ата-аналардың иммундауға деген сенімсіздігі бар. Тіпті, пандемия кезінде вакцинадан бас тарту немесе екпеге қарсы шығу секілді қозға­лыс­тар пайда болған еді. Зерттеулер көр­сеткендей, вакциналаудың 5%-ға төмендеуі аурудың өршуін 40-тан 4000%-ға артты­рады. ДДҰ осындай індеттің өршуін болдырмас үшін халықтың кем дегенде 95%-ын вакциналауды ұсынады.

Мәліметтерге жүгінсек, елімізде жыл сайын шамамен 5 млн адам, оның ішінде 1,3 млн 14 жасқа дейінгі бала екпе алады. Ма­мандар COVID-19 пандемиясы сал­дарынан жоспарлы иммундаудан өтетін балалар саны азайғанын, бұл алдын алуға болатын аурулардың өршуі және оның өлім-жітімінің өсуіне ықпал етуі мүмкін деп қауіптеніп отыр. 

Медицина мамандарының айтуынша, егер вакциналау жүргізілмесе, көкжөтелмен ауырған он баланың біреуінің өкпесі қа­бынып, 1 мың бала ауырған жағдайда оның ішіндегі 20-сының ауруы тырысуға ұласып, төрт баланың миына зақым келуі (энце­фалопатию) мүмкін.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мони­торингтің ғылыми-практикалық орталы­ғы» ШЖҚ-ғы РМК филиалының ұсынған мәліметіне бойынша 2022 жылы елімізде көкжөтел жұқтыруға қатысты 3 оқиғасы тіркелген. 

«Үшеуі де мамыр айында анықталған. Бұл – 100 тұрғынға шаққанда, 0,01 көр­сеткіш. Екі науқас Атырау облысында, бір сырқат Солтүстік Қазақстан облысында анықтал­ды. Оның біреуі жасқа толмаған, екіншісі 2-3 жас арасында, үшіншісі 30 жас­­тан асқан. Осы үшеудің екеуі екпені ал­­маған, ал біреуіне екпелердің кейбірін ғана алған. Екпе алмағанның біреуінде бас тар­­тылған болса, екіншісінде вакцина са­луға денсау­лығы келмеген», – дейді орта­лық­­­тың эпи­демиологі Екатерина Василевская.

Оның айтуынша, қазір елімізде аралас АбКДС вакцинасын салдыру көлемі балалар арасында өте жоғары екен. Яғни, 95 пайыздан кем емес. Бұл ДДҰ ұсынған межеге жетеді. 

Педиатр Инна Калакпасованың тү­сіндіруінше, көкжөтелді емдегенде, анти­биотиктер, сондай-ақ антигистамин препараттары тағайындалады.

«Көкжөтел – жұқпалы. Аурудың инку­бациялық кезеңі – орта есеппен 7-14 күн. Науқас инфекцияны 25 күнге дейін жұқ­тыруы мүмкін. Сондықтан оны осы ара­лықта оқшаулау қажет. Ауру қоздырғы­шы науқастың жөтелу немесе түшкіруі салда­рына ауа тамшыларымен таралады. Оны­мен 7 жасқа дейінгі балалар көп ауырады. Егер осы аурудың екпесін алмаған бала науқаспен байланыста болса оның жұқтыру ықтималдығы 70-90 пайызға жетеді», – дейді Инна Калакпасова.

Айта кетерлігі, бабаларымыз көкжө­телмен ауырған науқасқа қасқалдақтың қанын ішкізіп немесе етін жегізіп емдеген. Қазір кептердің де қанын ішкізеді екен. Сондай-ақ киікотын қайнатып ішеді. Халық арасында дерті жазылмаған сәбидің ата-анасы көлденең көк атты кісінің жолын тосып, одан кеңес сұрайды. Қазірде көк атты болмаса да, көк көйлек киген көшедегі адамнан сұрайды. Ол кісі қандай ем айтса, ырымдап сол емді жасайды. 

Қысқасы, індет өршіп кетсе, оның бе­тін қайтару өте қиынға соғады.  Оны күні кеше ғана коронавирус пандемиясы кезінде көрдік. Сондықтан инфекциялар­дың таралуына тоқтау салу үшін медицина мамандарының кеңесіне құлақ түріп, міндеттелген екпеден бас тартпауымыз керек.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ