Күн күйіп тұр. Аптап ыстық жер ап­шысын қуырып барады. «Қаз­гидромет» еліміздің 18 аймағында күн 42 градусқа дейін ысығанын тір­кеді. Осының бәрі әлемде климаттың қатты өзгергенінен хабар береді.
Қазақ ауылы қашан суға жариды?
979
оқылды

Көр­ші Қытайды бұрын-соңды бол­маған қуаңшылық басты. Орталық Азияның жағдайы мәз емес. Су үшін Иран мен Ауғанстан таяуда соғыса жаздады. Қазақстанда да жағдай күрделі. 600 мың адам сусыз қалған. Каспий теңізінен бастап, өзен-көлдерге дейін құрғап, таяздануда. Халықты сумен қамту қайтадан күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналды. Бұл түйткіл қалай шешілмек? Биыл су жете ме?

Уақыт аз, шөлдеген ауыл көп

Үкіметтің жоспары бойынша 1,5 жыл­дан соң Қазақстан халқы 100% ауызсумен қамтылуы тиіс. Уақыт аз қалды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінiң Су ресурстары комитетінің дерегінше, 2022 жыл­дың қорытындысында еліміз орталық­тандырылған сумен жабдықтау жүйесімен 96,8% қамтылды. Яғни, небары 3,2% ғана қалды. Алайда нақты санда 600 мыңдай адам орта ғасырлардағыдай суды өзеннен тасып ішуге мәжбүр. 

Ұлттық статистика бюросының есебіне сенсек, соңғы бес жылда бұл салада ауыз тол­тырып айтарлықтай ілгерілеушілік бай­қа­лады. Мысалы, үйіне құбырмен су кел­гендіктен колонкаға қатынауды ұмытқан қала тұрғындарының үлесі 2017 жылғы 90%-дан 2022 жылы 98,4%-ға жетті. Ауыл жақтағы прогресс бұдан да ғаламат көрі­неді: 5 жылдағы сумен жабдықтау көр­сеткіші 55%-дан 94,5%-ға дейін өсті. 

Бірақ сарапшылар бұл санға күмән келтіреді. Өйткені, мәселен, толық сумен қамтылғандар тізіміне қосылған қалаларда, тіпті Астананың өзінде суды колонкадан тасып ішетін үйлер жетерлік. Екіншіден, статорган ақпаратын әкімдіктерден жи­найды. Ал әкімқаралар жоғарғы басшы­лық­тан сөз естімеу не орынтағынан айрыл­мау үшін қосып жазуды әдетке айнал­дырған. Орталықтан жіберілген аудитор­лар, тексерушілер көптеген көркем есептің жалған екенін әшкереледі. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2022 жыл қорытындысында республикадағы 6,3 мыңнан астам ауылдың тек 4,9 мыңы ғана ауызсу проблемасынан азды-көпті құтыл­ған. Ал бұл Ұлттық статбюро айтып отыр­ғандай 94,5% емес, 77,8% ғана. Ендеше Үкіметтің 2025 жылға қарай Қазақстан халқын толығымен ауызсумен қамтамасыз ету жоспарының уақытылы орындала­тынына сарапшылар күмәнданады. Отыз жылда жасай алмағанды бір жарым жылда жасау, яғни шамамен 1,4 мың ауылға су құбырын жеткізу бюджет тапшылығы рекордтық шамаға дейін артқан қазіргі қысылтаяң, дағдарысты заманда мүмкін еместей көрінеді. 

Қазақстандағы Суды бағалау халықара­лық орталығы (IWAC) сарапшылары республиканың бұл мұрат жолындағы алға басқан қадамын кері тартатын басқа да кесапаттарды атады. 

«Қазақстан халқы өсіп келеді. Эконо­ми­каның суды көп тұтынатын секторлары да қарқынды даму үстінде. Мұның сыр­тында жаһандағы климаттың өзгеруі, Жердің қызуы жыл өткен сайын елге қатты ықпал ете бастады. Қуаңшылық проблема­сы өрши түспек. Мұның бәрі онсыз да аз су ресурстарының тапшылығын күшейтеді. Қазақстан Үкіметі экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне жете көңіл бөлмей келеді. Сонымен қатар суды ұтымсыз пайдалану, босқа шығындау практикасы сақталып қалды. Бұған қоса, институционалдық әлеуеттің жеткіліксіздігі, толыққанды қар­жы­ландырмау және өзге де факторлар экожүйенің деградациялануына, қолда бар су қоймаларының ластануына, елдегі су сапасының нашарлауына соқтырды», – деп түйткілді тұстарды түртіп көрсетті орталық мамандары. 

Олардың байламынша, елге төнген қауіп салмақты көзқарасты, сайма-сай шараларды талап етеді. Биліктің түрлі деңгейлері мен саналуан органдары ара­сында су ресурстарын қорғау және басқару бойынша бірлескен ісшаралар кешені мен ортақ тәсілдеме түзілмеген. Бұл кемшілік түзетілгені жөн. Су ресурстарын ара-тұра емес, ұдайы бағалау және мониторингтеу жүйесі дамытылғаны жөн. Сонда ғана негізделген, дұрыс, орынды шешімдер қабылдау мүмкін болады. 

Шіріген құбыр суды рәсуалайды

Қазақстанда су ресурстарына – Эко­логия министрлігі, ал сумен жабдықтау инфрақұрылымына Индустрия министр­лігі жауап береді. Бұдан бөлек, әрбір елді мекенді сумен қамту жергілікті әкімдікке жүктелген. Ақыр соңында, «сен саларда, мен салардың» кері келіп, жауапкершілік шекарасы шайылып кеткен. 

Индустрия министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитетінің сарапшысы Сұлтан Асылқановтың айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елде сумен жабдықтау, кәріз желілерінің 51%-ының тозығы жеткені анықталды. Желі­лерді қалпына келтіру шаралары нәтиже­сінде тозу көрсеткішін 2023 жыл соңында 50% дейін, 2024 жылы – 48%, 2025 – 47%, 2026 жылы – 45%-ға дейін жеткізу жос­парланып отыр. Яғни, ескі-құсқы құбыр­лардан мемлекет бәрібір арылмайды. Ал оларда алтыннан қымбат кәусар ай­далаға босқа ағып кетеді, жолай жоғалып, топы­раққа сіңеді, желден кебеді. 

2023 жылы сумен жабдықтау және канализация жүйелерін салуға және қайта қалпына келтіруге бюджеттен 280 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржының 59,6% қалалардағы жобаларға, тиісінше, шағын бөлігі ғана ауылдарды сумен қамтуға қарастырылған. Ауылдарда 267 жоба қолға алынған. Ендеше Смайылов Үкіметінің 1,4 мыңдай ауыл тұрғындарының қолын таза суға жеткізуі нығайбыл.

Әйтсе де, Үкімет әзірге 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен 100% жабдықтау жоспарын нық ұстанып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев «су барса, кез келген ауыл гүлденіп сала береді» деді.

«Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға, 402 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны жүзеге асыру үшін 113 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қалаларда 98,8%-ға, ауылдарда 96,3%-ға жеткізу жоспарланған. Қамту көрсеткіш­тері төмен өңірлерге қаражат басым негізде бөлінеді. Бұл өз кезегінде артта қалған өңірлердің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр.

Үйлесімсіз тірлік – ұлтқа қауіп

2025 жылды межелеген ірі міндетті уақытылы және сапалы орындау үшін рес­публикадағы әрбір елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету бойынша кезеңдік жоспар әзірленіпті. Әрбір қала мен ауылда іздес­тіру-барлау, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыс­тарының барысына мониторинг жүр­гізіледі. 

Министрдің дерегінше, бүгінде Қа­зақстандағы 89 қаланың 64-і орталық­тандырылған сумен толық қамтамасыз етілген. Қалған 25 қала 2025 жылдың соңы­на дейін кезеңдік жоспар аясында жабдық­талады. Қалаларда халық санының өсуіне байланысты, сондай-ақ сумен жабдықтау қызметтерін сапалы көрсету мақсатында республикалық бюджет есебінен су тазарту құрылыстарының қуаттылығын арттыруға, магистральдық сумен жабдықтау жүйелерін кеңейтуге, сондай-ақ кәріз жүйелерін да­мытуға ба­ғытталған жобаларды іске асыру жұмыс­тары жүргізілуде. 

Қазіргі кезде елдегі барлық 6295 ауыл­дың 4900-і ауызсумен қамтамасыз етіліпті. 2025 жылдың соңына дейін 1,4 мыңдай, нақтылағанда 1395 ауылдың ауызсу мәсе­лесін шешу жоспарланған.

Министрдің айтуынша, халқы аз ауылдарға құбыр тартылмайды. Оларға суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады. Бұған дейін ведомствоның мамандары 1 блок-модуль кешенінің бағасы шамамен 20 миллион теңгеден басталатынын хабарлаған. Сондықтан Үкімет бұл шығынды жергілікті әкімдіктер өз бюджеті арқылы еңсере алады деген ұйғарым жасапты. 

«Қалған 1,4 мыңдай ауылдардың 

69%-ы, яғни 963 тұрғыны аз елді мекен­дерге жатады. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін оларға жергілікті бюджет есебінен кешенді блок-модульдер орна­тылатын болады. Индустрия министрлігі арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жүргізіледі. Тағы 41 ауылда Экология және табиғи ре­сурстар министрлігі арқылы топтық су құ­­бырларын салу жобаларын іске асыру ая­сында кентішілік желілер салынады», – министр Марат Қарабаев.

Үкіметтің әдемі жоспарын әкімдер бұзып тұрған көрінеді. Соңғы жылдары ауылдарда шетсіз-шексіз әкім сайлау өтіп, жиі ауыс-түйіс, аласапыран болып жатқаны жасырын емес. Бұл да ауылдың ауызсу проб­лемасын шешуге кедергі жасайтын көрінеді. Мысалы, құбыр төселуі тиіс 126 ауылдың тек 59-ында ғана әкімдіктер жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеп тапсырған. 

Қалғанының құжаты дайын емес, демек бөлінген қаражат игерілмей, кері қайтады, басқа салаға бағытталады. Себебі ЖСҚ әзірлеумен іс бітпейді. Ол жоба содан соң сараптаманың оң қорытындысын алуы, ары қарай әкімдік жоғарыға қаржы­ландыру үшін бюджеттік өтінім беруі қажет. Олай болса, көптеген жоба келесі жылға шегерілуі ықтимал. Ал 2024 жылы билік енді аудан және қала әкімдерін сайлауға кіріспек. 

Айтпақшы, сарапшылар тұрғыны аз қалған ауылдарда блок-модульдер кешені жедел орнатыла салмайтынына, ол үшін сол ауылдарда суды іздеу-барлау жұмыс­тарын жүргізу талап етілетініне назар аудартты. Одан ары әлгі бюрократиялық шырғалаң басталады. 

Жердің қызуы болса, Қазақстан Үкі­метінің шабан қимылына еш қарайламай, күн сайын көтеріліп барады. БҰҰ-ның Қоршаған ортаны мониторингтеудің жаһандық жүйесінің Су ресурстары бағ­дарламасы өткізген жиында су тапшылығы халықты босқынға айналдырып, тұрғы­лықты орнынан түп көтеріле, үдере көшуге мәжбүр ететіні айтылды. Егер 2025 жылға дейін Үкімет қазақстандықтарды толық­қан­ды ауызсумен қамту мәселесін шеше алмаса, қауқарсыздық танытса, онда Қазақстан тіпті бейбітшілік жағдайында жаңа сын-қатерге, нәубетке кезігуі мүмкін.

Елдос СЕНБАЙ

Қуаныш САПАРБАЕВ (коллаж)