Қызылорда облысында жалпыұлт­тық бірыңғай жобалар пулы қалып­тасып, биылдың өзінде ғана құны 13,4 миллиард теңге тұратын 9 жоба жүзеге асырылды.
Өңірді дамытудағы өзгеше әдіс
1,069
оқылды

Бұл туралы өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуни­кациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді. 

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткен баспасөз мәслихатында баяндама жасаған ол биыл 4 айдағы атқа­рылған жұмыстарға тоқталып, алда істелуі тиіс қыруар шаруа күтіп тұрғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, елдегі жүзеге асырылып жатқан аса маңызды саяси реформалардың іс жүзінде қолдау табуына Сыр жұртшылығы жарқын болашақ жолына тура таңдау жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Айталық, соңғы жылдарда Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірде қолға алынып жатқан тың жоба көп. Биыл төрт айда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң нәтиже көрсеткен. Мәселен, ауыл шаруашылығының өнімі – 1,6, өңдеу өнер­кәсібінің  көлемі – 1,9, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,4, сауда көлемі – 2,5, инвестициялар тарту – 42,1 және құры­лыс жұмыстарының көлемі  44,0 пайызға артқан.  

«Қызылорда облысының бюджеті 593 мил­лиард теңгеге жетті. Бұл былтырмен салыс­тырғанда 53 пайызға артқан. Бюджеті­міздің 64 пайызы әлеуметтік салаға бағыт­талған. Сондай-ақ өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секто­рында 2013 жылдан бері мұнай өндіру 6,5 миллион тоннаға азайды. Жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бас­сей­нінде геологиялық-геофизикалық зерт­теу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекі­ту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Арал бассейнінің батыс пен шығыс бөлігінде зерттеу жалғасуда. Сараптама қорытындысы келер жылы анықталады», – дейді өңір басшысы. Ал шикізатқа тәуелділікті төмен­дету мақсатында экономиканы әртарап­тандыруға бағытталған түрлі жоба қолға алы­ну­да. Индустрияландыру аясында аймақта құны 607 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асып жа­тыр. Егер бұл мақсат ойдағыдай іске асса, 6 мың 300 тұрғынды жұмыспен қамтуға мүм­кіндік беретін көрінеді.  

Сонымен бірге облыста былтыр қазан айынан бастап өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауыты жұмысын бастаған. Былтыр зауыт елімізді 32 мың тоннадан ас­там өніммен қамтамасыз етсе,   биыл 4 айда 3,5 миллион текше метр шыны өнімі өндірі­ліпті. Зауыт өнімі республикада ғана емес, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжік­стан мен Ресейге экспортқа шығары­лып келеді. 

Алдағы уақытта шыны зауытының жа­нынан 32 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылатынын айтқан Нұрлыбек Нәлібаев: «Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ірі жобалардың бірі – «Шалқия» кен орнында тау-кен байы­ту комбинатының құрылысы. Оның жұмысы биыл басталады. «Бала-Сауысқан­дық» кен орнында қара тақта тасты авто­клавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс істеуде. Былтыр кешенде 454 тонна, ал биыл 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп, Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 миллиард теңге­ден асатын 36 жоба енгізілді. Ал былтыр құны 5 миллиард 100 миллион теңге болатын төрт жоба іске қосылды. Оның ішінде Үй құрылысы комбинаты, 350 орындық мек­тепті кеңей­ту, Балық өңдеу цехы, Көкө­ніс сақтау қоймасы бар. Биыл да 9 жобаны жүзеге асы­ру­ды қолға алып отырмыз. Оның ал­ғаш­қысы іске қосылды. Мұндай ірі жоба­лар­дың жүзеге асуы өңірде инвестиция кө­ле­мін арттыруға мүмкіндік береді. Айма­ғымыз инвестиция тарту қарқыны бойынша рес­пуб­лика көлемінде алдыңғы қатардан көрін­генін де айтып өткім келеді. Биыл ай­маққа 424 миллиард теңге көлемінде инвес­тиция тартылады», – дейді.

Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға да айтар­лықтай көңіл бөлінген. Соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық бе­рілуде. Биыл бес айдың өзінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көзден 23 мил­лиард теңгеге жуық қаржы қаралып, 1 700 жо­баға қолдау көрсетілген көрінеді. Атап өтсек, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлт­тық жоба»  аясында жыл басынан бері несие портфелі 8 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 76 мың бірлікті құрап, 33%-ға ұлғайыпты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5%-бен жеңілдетілген несие берілген. Ал «Ауыл аманаты» аясында тағы да 2,5%-бен 3 миллиард теңгенің 454 жобасына жеңілдетілген несие ұсынылған. Мемлекеттік қолдаудың бұл шаралары не­гізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыт­талуда.

Халықты жұмыспен қамту мен жаңа жұмыс орындарын ашу – облыс алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес былтыр өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жыл­дық жоспар 263 пайызға орындалыпты. Оның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыс­сыздық  4 пайызға тұрақтап отыр. Одан бө­лек, биыл «Өңірлік жұмыспен қамту    Жол картасы»  аясында жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Осылайша, өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жеткізу мақсат етілген аймақта 19 мың жұмыс орны құрылыпты. Оның 16 мыңға жуығы жаңа жұмыс орындары екенін де әкім ерекше айтып өтті.

Ауыл шаруашылығы – өңір эко­номикасының негізгі салаларының бірі.

Табиғи-климаттық жағдайына байла­нысты аймақтың егіншілік саласы суармалы егіске негізделген. Биыл осы егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында мал азықтық және бақша дақылдарын, сондай-ақ негізгі дақыл – күріштің көлемін де ұлғайту жоспарланып отыр. Осы әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға ынталы тұрғындар үшін былтыр арнайы жер телімдерін  дайындап беруді бастағандарын айтқан облыс әкімі: «Бұл игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудан­дарда 5 488 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілді. Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр диқандарын мем­лекеттік қолдау мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алуға қол жеткі­зілді. Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 миллиард 200 мил­лион теңге қаралды. Сондай-ақ Украина мемлекетінің ғалымдарымен бірлесіп өңірі­мізде демонстрациялық алаң ашылуда. Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына бай­ланысты тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы әртараптандыру бағытын­дағы дақылдардың, күріштің бірнеше сортын тәжірибе ретінде енгізу», – деді.

Сыр өңірінің экономикалық және эко­логиялық жағдайы, халықтың тыныс-тірші­лігі өзен суымен тікелей байланысты. Сон­дықтан Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашанда өзекті.  Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 8 мил­лиард 500 миллион текше метрге азайып кеткені сыр жұртшылығын ғана алаңдат­пайды. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуал болғандықтан,  Аралдың тағдырын Парламент пен Үкіметтің алдында да үнемі көтеріп келе жатқанын тілге тиек еткен Нұрлыбек Машбекұлы: «Мемлекетара­лық келісімнің нәтижесінде былтыр теңізге 816 миллион текше метр су келсе, биыл бес айда  1 миллиард 600 миллион текше метр су түсті. Мемлекет басшысының қолдауымен был­тыр­дан бастап «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асуда. Бұл жоба келесі жылы аяқталады. Қолға алған ісіміз сәтті жүзеге асса, Көкарал бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңізде су айналымы қалып­та­сады», – деп отыр. 

Бүгінде аймақтағы өз мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, былтыр 157 мың гек­тар жер қайтарылса, биыл 200 мың гек­тар­дан астам жерді қайтару қолға алынбақ. Сонымен бірге облыстағы ауылдарды дамытуға да ерекше ден қойылған. Облыс көлеміндегі ауылдық аумақтарға биыл 17 миллиард 100 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфра­құрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік ны­сандар құрылысын салу мен жөндеу жұ­мыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдау­ға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Осы жұмыстарға тұрғындарды ынталандыру мақсатында биылдан бастап өңірде «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізі­луде.  Конкурсқа облыстық бюджеттен 467 миллион теңге бөлініп,  «Үлгілі ауыл», «Үлгі­лі аудан орталығы», «Қы­зыл­орда қаласының үлгілі шағынауданы» номинациялары бо­йын­ша жеңімпаз анық­талады. Тәуелсіз сарапшы­лардың төрелі­гімен анықталып, жеңімпаз атанған елді мекендерге 14 техника табысталмақ. Бұдан бөлек, қаланың жеңім­паз  шағын аудан­дарына қосымша скверлер мен спорттық алаңдар салып, көше-аула­ларға жарықтан­дыру жұмыстары жүргізілетін болады. Өңірді дамытуға арналған мұндай ынталандыруға бағытталған конкурсты ай­мақ басшылығы жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ. 

Журналистердің сауалына жауап берген облыс әкімі өңірдегі қолға алынып жатқан бірқатар жұмыстың жемісін беріп, алдағы жыл­дары да ел игілігі үшін атқарылатын жобалар жол үстінде тоқтап қалмайтынын айтты. Оның ішінде тұрғын үй саласы, инже­нерлік-инфрақұрылымды дамыту, халықты ауызсумен қамту, газдандыру мен автомобиль жолдарының жай-күйіне де айрықша ден қойылып отырғанын айтады. Бұл ғана емес, аймақтағы жылу-электр орталықтарының жұ­мысын жандандыру, жолаушылар тасы­малдау қызметін жақсарту, денсаулық сақтау саласының даму динамикасын да арттыруға назар аударылады. Президенттің бастама­сымен жүзеге асырылатын «жайлы мектеп»  жобасы аясында облыста  21 мектеп бой кө­термек. Бұдан бөлек, «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада дарынды бала­ларға арналған физика-математика бағы­тын­дағы мектеп-интернаттың  құры­лысы басталыпты. 

Өңірдің ажарын келтіріп, жұрттың жағ­дайын жақсарту бағытындағы бұдан басқа да жұмыстардың  бірнешеуіне тоқталған облыс әкімі Сыр елін көркейтуге үлес қосып жатқан жергілікті кәсіпкерлер мен облыстан шыққан меценаттар да барын айтты. «Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында олар да аймақтың дамуына белсенді араласып, қайырымдылық шараларына да қатысып келеді екен. Сөз соңында Нұрлыбек Нәлі­баев аймақ халқы атынан осы игі бастама­ларға қолдау білдірген жерлестеріне алғысын айтып, жұмыла көтерген жүк жеңіл боларын жеткізді. 

Жадыра МҮСІЛІМ