Жәбірленушілер қаражатты әншінің есепшотына аударған.
Сиви Махмудиге сеніп, 10 жылдан бері жинаған ақшасынан айырылып қалды
4,670
оқылды

Бір топ тұрғын көлік аламын деп қаржысынан айырылды. Олар әнші Сиви Махмуди мен оның көмекшілеріне алданғанын айтты. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.    

Алданғандардың кейбірі 18 миллион теңгені әншінің шотына аударған. Қызылордалық ағайынды жігіттер осыдан үш ай бұрын әлеуметтік желіден Дубайдан пайыздық үстемесіз көлік тасымалдайтын жігіттердің аккаунтын тапқан. Сұрастыра келе, таныстарының су жаңа көлікті осы адамдар арқылы алғанын білген. Ортадағы делдал жігіт оған қоса өзін танымал әнші «Сиви Махмудидің көмекшісімін, әрі продюсерімін» деп таныстырыпты. 

Сырымбет Жораев: «Сиви Махмуди әнші болғаннан кейін сеніп қалдық. Сосын ойланбай ақшаны аудара салдық. Әнші ғой, беретін шығар деп ойладық. Ұзағы 21 күнде, бір айда береді деген еді, алдап кетті», – дейді.

Маңдай тері, адал еңбегімен он жылдан бері тірнектеп жинаған ақшасын еш ойланбастан Сиви Махмудидің шотына аударған. Бес жарым миллион теңге шотқа түскен соң, өзін әншінің көмекшісімін деп таныстырған Абай Малахов та ұшты-күйлі жоғалған. Енді не көлік, не ақша жоқ.

Жұмағали Елемес: «Көлікті аламын деп алданып, жұбайыммен ажырасайын деп жатырмын. Ата-анам да қатты уайымдап отыр. «Не қылдың, балам?» деп сұрайды», – дейді. 

Осылай алданғандар саны қазір қырыққа жуықтаған. Мәселенің мән-жайын білу үшін әншінің өзіне хабарластық. Сөйтсек, Сиви Махмуди бұл көмекшімен ат құйрығын кескеніме біраз болды деп отыр. Қазір әнші экс-көмекшісінің үстінен арыз жазып, соттасуға дайындалып жатыр.   

Әнші Сиви Махмуди: «Сіздің атыңызды пайдаланып жүр, ақша қарыз» деп бір емес, екі-үш адам хабарласты. Мен таңқалдым, Абайға хабарластым, ол мойындамай қойды. «Жоқ, мен олай істеген жоқпын, ондайды білмеймін» деді. Оған дейін менің карточкамды сұраған. «Карточкаларым бұғатталып қалған еді, бере тұрасыз ба?» деп сұраған», – дейді.   

«Карточкам бұғатталып қалды» деп Сивидің сеніміне кіріп алған Абай Малаховтың нақты қанша адамнан ақша алғаны белгісіз. Белгілісі, ол қазір Дубайда сауық-сайран құрып, Instagram-да әдемі фотоларын жүктеуден қолы тимей жүр. Соңғы тиынын беріп, күн емес, талай ай бойы безгек қағып жүрген жұртқа «өзім де алданып қалдым» дейді. 

Сивидің бұрынғы көмекшісі Абай Малахов: «Мен осы телефонды ұстап жүргеніме 15 жыл болды. Телефоным қосылып тұр. Барлығымен байланыста отырмын. Мен қашып жүрген жоқпын. Инстаграмдағы парақшамды ашып қарасаңыз болады. Менде бәрін тіркеп, жазып алып отырған командам бар. Мен өзім де сондай жағдайға түсіп отырмын. Мені мына жақта бір миллион долларға алдап кетіп отыр», – дейді. 

Заңгерлер шетелден қандай да бір мүлік аларда, ортадағы делдалды мұқият зерттеп алған жөн дейді. Себебі, уәденің құжаттағы келісімшарт секілді күші жоқ. 

Заңгер Әлімжан Жұбатқан: «Оқырманы көп болса, атақты адам болса соның артынан жүгіретін заман болды. Адам сәл де болса сауатты болу керек қой. Мұның барлығына қазір заңмен тыйым салу керек. Қазір мұндай шағым көбейіп кетті», – дейді. 

«Бір айда су жаңа көлік мінеміз» деп армандап, ақшасыз қалған адамдар дәлелдерін жинап жатыр.