Жыл басынан бері 118 сауда орталығына бақылау жүргізілген.
«Қарапайым халық зардап шегіп отыр»: азық-түліктің негізсіз қымбаттауын бақылау топтары тексеріп жатыр
1,132
оқылды

«AMANAT» партиясы жанынан құрылған бағаны мониторингілеу тобы азық-түлік бағасын бақылау іс-шараларын жүзеге асырып жатыр.

 

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұхамеджан Болысбектің айтуынша, қоғамда азық-түліктің негізсіз қымбаттауы өзекті мәселеге айналып отыр.

«Баға инфляция және өзге факторларға қатысты өсуі мүмкін. Бірақ негізсіз қымбаттау  – дұрыс емес. Қарапайым тұрғындар мен халықтың партияға келіп, өтініш білдіруінің нәтижесінде қалалық филиал жанынан мониторинг топтар құрдық. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының тұрақты болуына, белгіленген бағаның өспеуі мен қымбаттамауын қамтамасыз ету үшін мониторинг топтары жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері 118 сауда желісін бақыладық. Ол: дүкендер, сауда орындары, базарлар, 46 медициналық жабдық орталығы, 37 жанармай құю бекеті», деді ол.

Оның айтуынша, бақылау тобының жұмысы аясында көптеген факті шығып жатыр.

«Мысалы, күні кеше сауда желісінде сатылымда тұрған баға бөлек, кассадағы баға бөлек тұрғанын анықтадық. Тексеріс кезінде баға 1,5 есеге көтерілген екен. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ұн құны 494 теңге тұратын болса, сауда желілерінде 800 теңгеге дейін өсіп отыр. Осындай деректер аз емес. Мониторинг топ күнделікті бақылауды күшейтеді. Себебі бағаның өсуі қарапайым халыққа айтарлықтай әсер етеді. Бақылау топтары әр ауданда жұмыс істейді. Оның құрамында сарапшылар мен қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, партия мүшелері бар. Бұл жұмысты біз белсенді жүзеге асыруымыз керек», деді ол.

Мұхамеджан Болысбек тұтынушыларды алдау мен бағаны көтеруді болдырмау қажетін жеткізді. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бойынша  Астана қаласының Инвестициялар  және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы жетекшісінің орынбасары Мақсат Шарабаев қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын айты.

«Бүгінде Үкіметтің тапсырмасы бойынша, өңірлік топтар жұмыс істейді. Біз бағаның өсу себептерін саралаймыз. Кездесулер өткіземіз. Біздегі кейбір сауда желілері бағаны негізсіз көтеруге жол береді. Бүгінге дейін 42 отырыс өткіздік. Бұл жұмыстың қорытындысы бойынша, қарақұмықты 25 пайызға арзандаттық. Ұнның бағасы 800 теңгеден 494 теңгеге дейін арзандатылды. Елорданың азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бағаны тұратқандыруға 14 млрд теңге бөлінді. Оның 12 млрд теңгесі айналымда жұмыс істеп жатыр», – деді ол.

Жиынға қаланың сауда орталықтарының өкілдері мен бақылау топтарының мүшелері қатысты.