Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Теміртау қаласында кеңейтілген көшпелі отырыс өткізді.
Мәжіліс депутаттары Теміртауда экология, энергетика және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін талқылады
1,008
оқылды

Жиын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы экологиялық, энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне арналды.

Алдымен Мәжіліс депутаттары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға барып, кәсіпорынның жекелеген объектілерінің жай-күйімен танысты.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Экология және табиғи ресурстар, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Төтенше жағдайлар министрліктерінің басшылары мен жергілікті және атқарушы органдардың, металлургия комбинатының, өңірдегі қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин бұл тақырыптың кездейсоқ таңдалмағанын айтып, Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміздегі өзекті мәселелердің алдыңғы қатарында тұрғанын атап өтті.

Осыған байланысты Экология кодексі әзірленіп, қабылданды. Кодекстің басты бағыттарының бірі – қоршаған ортаның зардап шеккен компоненттерін қалпына келтіру міндеттемесін қамтитын «түзету қағидаты» және «ластаушы төлейді» деген халықаралық экология қағидаттарын іске асыру.

Комитет төрағасы көптеген ірі кәсіпорын иелерінің өз өндірістерін жаңғыртуға қаражат салуға және инвестиция құюға мүдделі емес екеніне назар аударды.

– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіпорындар қоршаған ортаны ластау фактілеріне жол бермеу шараларын қағаз жүзінде қабылдайды, табиғатты қорғау іс-шараларын әзірлейді. Бірақ оларды іске асырудың тиімсіз екенін қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемінің азаймауы көрсетіп отыр. Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша, өткен жылы Теміртау қаласы Қазақстанның ең ластанған қалалары тізімінде көш бастады. Атмосфералық ауаға зиянды заттар шығарындыларының көлемі 231 мың тоннаны құраған, оның 87 пайызы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі, – деді Еділ Жаңбыршин.

Жиын барысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов кәсіпорында экологиялық заңнаманы бұзу фактілері бар екенін айтты.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бақылау объектісіне тексеру жүргізу үшін келген мемлекеттік экологиялық инспекторларды өз аумағына кіргізбеу фактілері бар екенін, тексеру кезінде лауазымды тұлғаларға жүйелі түрде кедергі келтіретінін атап өту қажет, – деді.

Экология министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қарағанды облысының 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасын орындау аясында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін атап өтті.

– Тексеру барысында экологиялық заңнаманың өрескел бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, бұл – шекті рұқсат етілген шығарындылардан асып кету, тазарту қондырғыларының тиімсіз жұмысы, рұқсаттардың болмауы және тағы басқалар. Жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар салдарынан Теміртау қаласының атмосфералық ауасы ластану индексі жоғары болып қалады. Бұл қоршаған ортаның жай-күйіне және халықтың денсаулығына теріс әсер етеді, – деді Досбол Бекмағамбетов.

Ал Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев 2023 жылдың 5 айында Т.Күзембаев, «Восточная», «Өркен-82», «Өркен» кеніші мен  «Кеңтөбе» шахталарында 5 рет тексеру жүргізілгенін айтты.  Тексеру барысында 911 бұзушылық анықталып, мемлекеттік инспекторлар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді.

Сонымен қатар отырыста Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің өкілдері, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның техникалық директоры сөз сөйледі.

Мәжіліс депутаты Арман Қалықов қордаланған мәселелерді көтеріп, депутаттар сұрақ қойып, кәсіпорынның экологиялық, энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздігі саласындағы негізгі проблемалар бойынша пікір алмасты.

Іс-шараны қорытындылаған Еділ Жаңбыршин мемлекеттік органдар тарапынан қабылданып жатқан шараларға, соның ішінде жүргізіліп тұратын тексерулерге қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның жұмысында әртүрлі саладағы бұзушылықтар жүйелі түрде анықталып отыратынын атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – кәсіпорынның заманауи технологияларды пайдаланып, ең бастысы жұмыскерлердің қауіпсіз жағдайда еңбек етуіне мүмкіндік жасау. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға, өндіріс көлемін көбейтуге, бюджетке түсімді ұлғайтуға және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Е.Жаңбыршин.

Комитет төрағасы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығына экологиялық, энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсартуда оң нәтижелерге қол жеткізу акционердің басты міндеттері екенін ескертті.