Қамауға алынған Нұржан Әлтаев «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 доллар алып отырған.
"135 мың доллар пара алған": Антикор Нұржан Әлтаевқа қатысты істің мән-жайын жариялады
4,502
оқылды

Қамауға алынған Нұржан Әлтаев «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 доллар алып отырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

«Биылғы жылдың 7 маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Н.Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстады.

Н.Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алып отырды деген күдікке ілінді.

Кейіннен Әлтаев 2019-2020 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымын атқара отырып, Мырзахметовтен пара алуын жалғастырды. Жалпы алғанда, ол пара ретінде 135 000 АҚШ долларын алды. Бұл аса ірі көлем болып саналады.

Алынған пара Нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесуге, сондай-ақ Әлтаев жетекшілік ететін салаларда Мырзахметовке жалпы қамқорлық және мүдделеріне лобби жасауға бағытталған», - делінген хабарламада.

Антикордың мәәліметінше, Нұржан Әлтаев жасаған қылмыс жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, тиісті құжаттармен, заттай дәлелдемелермен, барлық қатысы бар адамдардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен расталды.

«Жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, прокуратура органдарының келісімі бойынша Әлтаевтың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Әлтаев Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы бойынша мәселе шешілуде.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - делінген ведомство ақпаратында.

© Sputnik / Владислав Воднев