«AMANAT» партиясы жанындағы Респуб­ликалық Жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жастар мәселесі талқыланды
782
оқылды

Онда жасөспірімдер мен жастар арасындағы буллингтің таралуы және жастардың психикалық денсаулығы мен суицидтің алдын алу тақырыптары талқы­ланды. Кеңеске Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырыс барысында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Н.Оспанова, Денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник, Бала құқықтары жө­нін­дегі уәкіл А.Саин, Бас прокуратураның қо­ғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары С.Сәмет, психология ғылым­дарының кандидаты, доцент А.Мамбет­алина, балалар қауіп­сіздігі бойынша тре­нер, «Ангел» балалар қауіпсіздігі орталығының негізін қалаушы З.Джума­гулованың тақырыпқа қатысты баяндама­лары тыңдалды.

«Суицид 15-29 жас аралығындағы жастар өлімі­нің негізгі себептерінің ішінде жол-көлік оқиға­ларынан, тубер­кулез­ден және зорлық-зомбылықтан ке­йін төртінші орында тұр. Суицид жағдай­ларының өсуі Жамбыл, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Осы ай­мақтарға тән жағдайларға сүйене оты­рып, еңбек, қаржылық және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған про­филак­тикалық шаралар қажет. Осыған байланысты, жалпымемле­кеттік тәсіл мен барлық мемлекеттік сектормен бірге ведом­стволардың қатысуы маңызды», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.

Ал Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет 2023 жылдың соңғы 5 айының қорытындысы бойынша, балалар суициді 33,3 пайызға өскенін мәлімдеді. Жиын барысында сарапшылар тарапынан ұсыныс-пікірлер тыңдалып, сұрақтар қойылды.