Павлодар облыстық мәслихат депутат­тары, «AMANAT» фрак­ция­сының мүше­лері мен партияның бақылау комиссиясы партияның сайлауалды бағдарламасын орын­даудың Жол картасы бойынша атқа­рылған жұмыстарды бақылау мақсатында Ақсу қаласына барды.
Жол картасына жүре қарауға болмайды
1,183
оқылды

Депутаттар іссапар барысында Ақсу қаласына қарасты Черемушки кентінде инженерлік желілер (сумен жабдықтау) салу, Ақсу қаласының магис­тралдық және тарату жылу желілерін реконструк­циялау және қалалық №7 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Чере­муш­ки кентінде сумен жабдықтау желі­лерін салу жұмыстары 2023 жылдың сәуір айында басталған. Аяқталу мерзімі – алдағы қыркүйек айы. Орталықтан­дырған су жүйесінің жалпы желісі 7,7 шақырымды құрайды. Қалалық құрылыс бөлімінің айтуынша, мердігер компания жұмыстың негізгі бөлігін аяқтаған, қазір су құбыры құдықтарын монтаждау жұмыс­тары жүргізілуде.

Ал 1971 жылы салынған қалалық №7 орта мектеп сол уақыттан бері күрделі жөндеу көрмеген екен. Күрделі жөндеу жұмыстарына: жылу мен электр жабдық­тау жүйелері, кәріз, қабырғалар, едендер, тө­белер мен есіктер енді. Үш айға со­зылатын құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 230 миллион теңге. Мердігер ұйым мектеп оқушылары оқу жылын аталмыш мектепте бастайды деп сендірді. 

«Біз бұл жөндеу жұмыстарын бақы­лауда ұстаймыз. Қалалық және облыстық депутаттар үнемі тексеруге шығып тұрады. Мерзімі бар, уақытылы және сапасыз орындалса, тиісті шаралар қолданатын боламыз. Бұл мектеп 50 жыл жөндеу көр­меген. Былтыр облыс бойын­ша көптеген мектеп мерзімінде тап­сырыл­­мады. Сондықтан үлкен жауапкер­шілікпен қа­раңыздар», – деді облыстық мәслихат депутаты Раушан Даумова.

Сондай-ақ депутаттар мен жергілікті партия филиалы Достық және М.Омаров атындағы ауылдық округ әкімдерінің сайлау алдында берген уәделері бойынша есебін тындады. Аталған ауыл әкімдері «AMANAT» партиясының атынан сайлауға қатысқан болатын.