Ат баптау, аттың құлағында ойнау қазақтың қанында бар қасиет. Ал Джигитовканы ат спортының осы түрімен айналысатын әуесқой жігіттер жігіттік өнер деп атап жүр. Сонымен бірге вальтижировка спортының жалғасы ретінде әлемдік спорт саласына енген қиын өнер саналатын Джигитовка соғыс жылдарынан қалған деген де нұсқау бар.
Жылқы жалына жармасып өскен
1,376
оқылды

Соғыс кезінде ат үстінде әртүрлі іс-қимылдар жасалып, кейінірек сол қимылдар өңделіп, циркте көрсетілетін акробаттық әдіс-тәсілдерге ұласқан. Демек, ат спортының әскери-қолдан­балы түріне жататын бұл өнер ат бап­тайтындардың да қолынан келе бермейді. Ең бастысы, аса мұ­қияттық пен ептілікті талап ететін бұл өнерде аса қатты жылдамдықпен шауып келе жатқан аттың үстіне секіріп мініп, секіріп түсіп, атты айналып, тіпті бір жағынан екінші жағына ауысу, төбесінде тұрып, жатып шабу сынды күрделі жат­тығулар көрсетілді. «Бізге ат жақсылап, әдемі шауып берсе болды. Қалған үстін­дегі жұмыстар өзіміздікі», дейді Шым­кент циркінде Джигитовка көрсететін «Тұмар» командасының жігіттері. 

Былтыр Астана қаласында өткен «Азия жаңғырығы» фестивалінде жылқылардың қатысуымен өнер көр­сеткен Шымкент цирктің «Джигитовка» қойылымы 13 мемлекеттің цирк өнер­паздары әзірлеген бағдарламалар ара­сынан алтын жүлдені иеленіп қайтқан. Ат үстіндегі түрлі тәсілдерді мүдірмей орын­дап, қазылардың ерекше ілтипа­тына ие болған шабандоздардың ара­сында 5 ұл 2 қыз бар. Олар Азамат Жолдас, Азамат Ерман, Бекбол Камалов, Абдуғали Абдразақ, Бақдаулет Тастанбек және жетекшісі Ерсейіт Камалов. Сонымен бірге қазақтың екі аруы Бибі Үмбетова мен ат құлағында ойнаған суретімен әлемді тамсандырған Балнұр Садық бар. 

Біз Джигитовканы еркін меңгерген, ат құлағында ойнайтын бабы келіскен батыл шабандоз жігіттермен сөйлесіп қайттық. 

Қазақтың жылқысы асау болады

Азамат Жолдас цирктегі атпен өнер көрсету ойындары құрылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан 26 жастағы жігіт. 11 жылдан бері екінші үйі санала­тын цирктегі әрбір атты жанындай жақсы көреді. Жылқыларына Черниш, Гиган, Ақбура, Ақтанау, Талисман, Буден деп ат қойған. 

«Атқа қызығу дегенді алдымен сезі­ніп көру керек. Бұл ерекше құмарлыққа жатады. Циркте денеңді оңай жара­қаттап та алуға болады. Қанша мәрте денемізді майып етіп алсақ та қызығу­шылығымыз артпаса кеміген емес», – дейді мұның алдында иппадромда жұмыс істеген Азамат. 

Ол 5 сыныптан бері аттан түспепті. Сол кезден бері Шымкент қаласындағы атшабарда қыз қуу, теңге ілу сынды жарыстарға қатысқан. Кейін циркке жолы түсіп осындағы аттарды үйретіпті. «Келешекте өзіңді басқа салада сынап көре аласың ба?» деген сұрағамызға: «Жоқ, қандай жағдай болмасын бо­лашағымды тек жылқымен байланыс­тырамын. Басқа жұмыс істесем де жылқы шаруашылығын қоса алып жүруім мүмкін. Бұл іске бар ынта-ықы­ласымды қойғанмын. Алла Тағаланың өзі: «Істеген жұмыстарыңнан ләззат алың­дар, сол арқылы ризықтарыңды арт­тырамын» дейді. Жалпы менің бі­луім­ше осы бағытты таңдаған адам шы­ға алмайды екен», – деп жауап берді ол. 

Бақдаулет Тастанбек пен Азамат Ерман командаға 2 жыл бұрын қосы­лыпты. Екеуі де М. Әуезов атындағы университеттің «Театр және өнер» факультетінің түлегі. Бастапқыда он­шақты жігіт болып келген олардың арасында барлық қиындыққа шыдап қалған осы екеуі ғана. «Жуырда дип­ломымызды аламыз, жұмысты осында жалғастырамыз деп отырмыз. Бірге келген жігіттердің көбісі шыдай алмай кетіп қалды. Ат үстіндегі әдіс-тәсілдер­дің қиындығанан бөлек, денені жаралау жағдайлары жиі болады. Мұнда жалақы үшін емес, осы саланы барынша сүйе­тін­дер, қанша қиыншылық көрсе де мойы­майтындар іріктеліп қалады екен», – дейді Бақдаулет бізбен әң­гімесінде. 

– Кез-келген тіршілік иесін алдау, мақтау ұнайды. Біз аттарды үйретерде, бір нәрсені дұрыс істесе басынан сипап сәбіз, қант береміз. Сонда оның миында «Мен осы нәрсені дұрыс істеген екен­мін, демек, дұрыс әрекеттерге қалаған затымды береді екен ғой» деген ой қалып қояды. Оларды төм­пештеудің керегі жоқ, ерегісіп қалады» дей­ді ол тағы бірде. 

Ат үстінде экстремалды ойын көр­сетерде алдымен жылқыны мұқият үйретіп алатыны белгілі. Жоғарыда ай­тып өткеніміздей, Джигитовка ойы­нына қатысатын аттардың басты мін­деті манежде дөңгелете жақсы шауып беру. Сондықтан мұнда аттарға аса көп тәсіл керек емес. Олар бастапқыда залға кірмей, манежде жүрмей, біраз қиғылық салады. Одан бөлек, оларды халыққа, жарыққа, дауысқа үйретудің өзі біршама уақытты алады екен. «Біз жануарды халыққа үйрету үшін бастапқыда көрер­мен залын қараңғылап қойып кіргіземіз. Ат шауып бара жатқанда көзі көрмейді, жан-жағына қарамайды. Алайда оқыс жағдай болып қалса жүрісінен жаңылуы мүмкін. Сондықтан барынша сақ бо­ламыз», – дейді Азамат Ерман. 

Мұндағы жылқылар асыл тұқым­дыларға жатады. Әсіресе, «рысактар» өте көнбіс келеді. Сол үшін циркке негізінен «рысактар» алынды екен. «Мысалы өзіміздің қарабайыр қазақтың жылқылары мінезділеу, асау болады. Онша-мұншаға көне бермейді. Ал әдіс-тәсілдердің сәтті шығуы спортшы мен атқа байланысты. Ат пен шабандоздың байланысы мықты болуы тиіс. Күн сайын 2-3 сағаттық дайындық жүр­гіземіз. Олардың денесін әр күні қыз­дырып, бабына келтіріп отыру керек. Біздің көп уақытымыз да дайындыққа кетеді. Жылына 2-3 рет қыста-жаз мезгілінде демалдырып алатынымыз бар. Есік алдындағы арнайы қоршаудағы құмға шығарып аунатамыз. Ол жерде секіріп ойнайды. 3 мезгіл ережемен та­мақтанады», – дейді Азамат тағы бірде. 

Баладай баптайды 

Жылқы да ауырып, мазасызданып қалатын кездері болады. Көктем, күз мезгілінде инъекция арқылы дәрумен­дер салынып тұрады екен. Әсіресе, көктемде өзге жануарлар көк шөпке шыққанда мұндағылар да соны аңсаса керек, қураған шөпке қарағысы кел­мейді. Ал ат баптаушылар көк шөпте ауру болуы мүмкіндігі болғандықтан дәрумен егеді. Цирктегі қазанаттар неғұрлым күшті, қуатты болса олардың шабысы да жақсы болады. Сондықтан олардың ішіп-жеміне ерекше назар аударылады. 

Күн сайын жаттығу жүргізілгенімен мұндағылар жиі қойылымға шыға бермейді. Басшылық бекіткен кестеге сай мереке күндері ойын көрсетеді. Ал ауыл-аймаққа шығатын Шапитода Джигитовка көрсетіле қоймайды. Себебі манеждің ұзындығы 13 метрден кем болмауы тиіс. Жуырда еліміздегі ең жас цирк саналатын Шымкент цирк ұжымы Алматы циркінде 15 күнге жуық гастрольде болып қайтыпты. 

«Алматыда көрермендер көп жи­налып аншлаг болды. Көрермендер ризашылықтарын білдіріп жатты. Өкінішке қарай, мұндағылар әлі циркке үйрене алмай жатыр. Цирк өнерін бағалай бермейді. Біз сыртқа шығып келсек шабыт алып, қуанып келеміз. Бір жылдары Қытай мемлекетіндегі бірнеше қаламен келісімшарттарға отырып, жиі барып жүрдік. Онда цирк дегеніміз кәдімгідей бизнес. Тіпті, ірі компа­ниялар өздерінің жарнамасын цирк арқылы шығарады. Халық қатты қызығады. Кез-келген қойылымда ине шаншар жер болмайды. Тағы айта кетер жайт, онда ат өнерін көрсетусіз цирк болмайды. Ма-шу өнеріне ерекше ілтипат көрсетеді. (Ма-ат, шу-шоу деген мағына береді). Сондықтан олар үнемі келісімшарт арқылы өзге мемлекеттер­мен ат үстінде ойнайтын жігіттерді ал­дыртады. Қытайлықтар атқа мінуге қор­қады. Біз ол жаққа үйретілген аты­мызды алып бармаймыз. Сонда үйретіл­гендері болады, егер жоқ болса 1 ай бұрын барамыз», – дейді Азамат Жолдас. 

Дәл қазір Шымкент цирк ұжымы балалардың жазғы демалысына арнайы қойылымдар ұйымдастырып жатыр. «Бізді мұнда байлап тұрған ат. Күн сайын жаттығуға келеміз, жылқыларды дайындап сүртіп жуындырамыз. Олармен сөйлесеміз», – дейді жігіттер. Команда мүшелері бірін-бірі алмастыра алатындай барлық әдіс-тәсілді мең­герген. Джигитовка өнері арқылы түрлі әдіс-тәсілдердің техникасын ұйым­дастырады. Оған қыздар да белсене қатысады. Жоғарыда айтып өткені­міздей, Балнұрдың қазақтың ұлттық киімімен ат үстінде ойнаған фотосы шартарапқа тараған болатын. Әкесі мен анасы да атшабарда жұмыс істегендік­тен, жастайынан сәйгүлікке қызығып өскен қыз қазір ат үстінде талай техни­каларды мүдірмей орындайды. Ол «Бәрі техникаға байланысты. Сонымен қатар физикалық та дайындық керек. Тә­сілдерді бір шығарып алған соң қиын емес», – дейді ол. Балнұр да болашағын атпен байланыстырады. Ат ұстайтын ферма құрғысы келеді. Ал белгілі фотограф Тұрар Қазанған өзінің әлеуметтік желісінде аттың жалында ойнайтын Балнұрдың суреті көптеген фото көрмеге қойылғанын, оның ішін­де Франция, Қытай, АҚШ, Жапония елдерінде көрерменнің ықыласына бө­ленгенін айтады. «Аттың үстіндегі қыз­ды қарашы, қазақтың қыздары сұлу екен» деп тамсаныпты көргендер. 

Біздің сол Балнұр бүгінде Джиги­товка ойынының көрігін қыздырып жүр. Кез-келген қазақтың делебесін қоз­дырып, рухын оятатын бұл өнерді де қолы­нан келген адам ғана орындай алса керек. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы