Ақмола облысында алдағы бір­неше жыл ішінде ондаған ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асы­рылады. Мұнда Мемлекет басшы­сының азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға баса назар аударылған.
Астықты өңір алға басады
1,231
оқылды

2026 жылға дейін шамамен 306 мил­лиард теңге сомасындағы 92 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Бұл туралы орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифинг барысында Ақмола облы­сының әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті. 

Жалпы, осы жылдың төрт айында өңір экономикалық және әлеуметтік саладағы көптеген бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткізген. Соңғы үш жыл қоры­тын­дысында әлеуметтік-экономикалық негізгі индикаторлар бойынша көрсеткіші тү­зелген облыстың алға қойған мақсаттары да жоғары. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің дамуы аса қарқын алған. Өнім өндіру көлемі 558 миллиард теңгеге же­тіпті. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде де өнім көлемі еселеп артқаны байқалады. Мәселен, өндіріс индексі 115,3 пайызды құраса, тау-кен өнеркәсібі 122,6 пайызға, металлургия 127,1, машина жасау 124,1 және тамақ өндіру өндірісі 105,5 пайызға өскен. Ал өнім шығару саласында комбайн өндірісі – 2,5 есе, трактор – 1,5 есе, өң­делмеген алтын – 37 пайыз, өсімдік және сары май өндірісі 1,5 есеге дейін ұлғайған. Өсім негізінен өткен жылы жаңа өндірістік қуатты енгізумен өнеркәсіптік әлеуеттің артуына байланысты ұлғайыпты. Жалпы, облыста 231 миллиард теңгенің 163 жобасы жүзеге асырылып, нәтижесінде 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. 

– Облыстың дамуына айтарлықтай маңызды үлес қосып отырған бірнеше нысанды атап өтейін. Олардың қатарында құны 105 миллиард теңге болатын «Эр Джи Процессинг» алтын өндіру фабрикасы, құны 27 млрд теңге болатын «Эс Джи Брик» кірпіш зауыты, 16,8 миллиард теңге сомасына салынған «ҚазақАлтын Технолоджи», 15 млрд теңге сомасындағы «Эс Джи Бетон» темірбетон бұйымдарын жасап шығару зауыттары бар. Мұнымен қоса, биыл Аршалы ауданында «Борей Энерго», Зеренді ауданында «Эталон Винд Пауэр» жел электр стансасы, Бұланды ауданында үшінші Макинск құс фабрикасы мен Аршалы ауданында екінші «Эс Джи Брик» кірпіш зауыты ашылады, – дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев. 

Өңір басшысының айтуынша, биыл сонымен қатар Бурабай ауданында «Бурабай Биогаз» ЖШС органикалық тыңайтқыштар өндірісі бойынша сағатына 5 мегаватт қуат беретін биогаз зауытын салу, Аршалы ауданында «Борей Энерго» жел электр стансасының екінші кезеңін аяқтау, Зеренді ауданында «Қазақ Дай­мондс» техникалық алмаз концентратын шығару фабрикасын салу, темірбетон бұйымдарын дайындау өндірісін кеңейту, Аршалы ауданында «SG Бетон» зауытының екінші кезеңін және басқа да жобаларды аяқтау жоспарланған. 

– Аталған өндірістердің жобалық қуаты есебінен, сонымен қатар өңірдің кә­сіпорындарының тұрақты дамуын сақ­тай отырып, осы жылдың қорытындылары бойынша тауар өнімінің рекордты көр­сеткіші айтарлықтай артады деп күтеміз. Былтыр ол 1,5 трлн теңгені құраған, бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. Жоғарыда аталған нысандар өңір дамуы үшін аса маңызды әрі жаңа жұмыс орын­дары, салық түсімдері мен әлеуметтік инфрақұрылымның жақсаруына септігін тигізеді, – дейді облыс әкімі. 

 Облыс әкімі машина жасау саласында өңірдің еліміз бойынша жетекші орындарға қол жеткізгенін атап өтті. Мәселен, «ҚазРостИнжиниринг» компаниясы мен «КАИК» компаниялары жыл сайын екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы тех­никасын шығарса, «Камаз Инжиниринг» акционерлік қоғамы жыл сайын мың жа­рым данаға дейін мамандандырылған ав­токөлік шығарады. Еуропа және Азияның алдыңғы қатарлы елдерінің робот­тан­дырылған жабдықтарын орнатады. 

Өңір – елдегі негізгі астықты аймақ­тардың бірі. Ауылшаруашылық өнімдерінің 10 пайызы Ақмола облысының үлесінде. Жалпы, осы жылдың төрт айдың қоры­тындысы бойынша ауыл шаруашылығында жалпы ішкі өнім көлемі 114 млрд теңгені құраған. Облыс әкімі сонымен қатар жыл басынан бері азық-түлік өндірісінде де өсім байқалғанын атап өтті. Әсіресе, ет өңдеу са­­ласы 51 пайызға, сүт өндірісі 13 пайызға, астық өңдеу – 11 пайызға, нан өнімдері мен басқа да салалар 25 пайызға көтерілген. 

– Бүгінде облыс ауыл шаруашы­лығын­дағы негізгі міндеттерді уақытында және сапалы орындап, егіс науқанын қолайлы ауа райында ойдағыдай аяқтады. Бұл, әрине жақсы өнім алудың кепілі. Жаздық егіс көлемі 5,2 миллион гектар алқапты құрайды. Бұл – еліміз бойынша аса үлкен аумақ. Өңірдің астық өндірісінде көш­басшылығын сақтап тұрғанын атап өткім келеді. Өйткені республика көлеміндегі астықтың төрттен бір бөлігі өндіріледі. Облыс өткен жылы тауық жұмыртқасы өндірісі жөнінен еліміз бойынша алғашқы орынға шықты, – дейді Ермек Маржықпаев. 

Облыс әкімі тұрғын үй құрылысының қарқынына да тоқталып, ел бойынша осы салада төртінші орында тұрғанын жеткізді. Биыл 51 көппәтерлі тұрғын үй салу жос­парланған. Осы жылдың 4 айында 212 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 1 920 отбасы баспаналы болды.

«Жыл соңына дейін кемінде 650 мың шаршы метр немесе 5 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар құрылыс географиясы кеңейіп келеді, ол барлық қала мен аудан орталық­тарында жүзеге асырылады. Жалпы, 2019 жылдан бастап облыс бойынша 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», – деді әкім. 

Сонымен қатар Степногорск және Ат­басар көпсалалы ауруханаларын жаңғырту жоспарлануда. Биыл Қоянды ауылында 50 адам қабылдайтын алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының, Сочинское ауылындағы медициналық пункттің, Новосельское ауылындағы ФАП құрылысы аяқталады. Ал Біржан сал ауданы Степняк қаласында аурухана құрылысы басталды. Облыс орталығында түрік инвесторымен МЖӘ аясында 630 төсек-орындық заманауи көпбейінді ау­рухананың құрылысы қолға алынбақ. 

Бұған қоса, өңір басшысы тұрғындарды ауызсумен толықтай жабдықтау жөніндегі жұмыс жайлы да сөз қозғады. 2025 жылға қарай 65 ауылда орталықтандырылған желілер салынады. 105 елді мекенде суды тазарту және беру үшін кешенді блок-модульдер қойылады. 

Табиғаты тамылжыған өңір туристер үшін де таптырмайтын мекен. Өңірге ке­летін барлық туристің 85 пайызы Щучинск – Бурабай курорттық аймағын таңдайды. Бүгінде мұнда 9 мыңнан астам келушіге арналған 183 нысан жұмыс істейді.

«Өткен жылы курорттық аймаққа жалпы ағын бір миллион адамнан асты, биыл 1 млн 200 мыңнан астам турист ке­леді деп күтудеміз. Демалыс маусымы ашық. Щучинск – Бурабай курорттық аймағын дамытуға биыл 4,6 млрд теңге бөлдік, шамамен 100 шақырым жол төсемі салынып, жөнделеді», – деді өңір бас­шысы. 

Абзал ТОҚАНОВ,

Ақмола облысы