Ғаламдық жаратылыста сөзден бұрын үн, дыбыс шыққанына ден қояр болсақ, сол үн мен дыбыстың келе-келе әуен әуезге, сарын сазға ұласқанын аңғару әсте қиынға түспейді. Өз төңірегін қоршаған аң мен құстың үні, ысқырынған жел, буырқанған дауыл дыбысы, су толқынысы, бұлақ сылдыры, жапырақ сыбдыры, бәрі-бәрі қосыла тоқайласқанда төгіліп түсер полифониялық сарын адамға ой салып, қиял қиясына жетелей жөнелгені даусыз.
Абылай ханның күйшілік өнері
1,388
оқылды

Олай болса, көшпелілер көшінің бұйдаұстары болып қалған қазақ жұртының бүгінде күй деп киелі өнер санатының алдыңғы легінде әспеттей ұстап келе жатқан ғажап төлтума өнері есте жоқ ескі күндерден шырға тартары табиғи заңдылық. Осынау ұлы өнердің бізге мәлім Қорқыт (ІХ ғ.), Кетбұға (ХІІ ғ.), Сары Салтық (ХІІІ–ХІV ғ.ғ.), Асанқайғы (ХV ғ.), Қазтуған (ХV ғ.) тәрізді қадау-қадау тұлғаларының музыкалық мұраларын бүгінгі ұрпақ игілігіне жарата білгендердің алғы өкілі қазақ жұрты екенін ерекше екпін түсіре мақтанышпен айтуға қақылымыз. 

Музыка әлемін зерттеушілеріміз қазақ халқында бес мың ән мен бес мың күйдің қарасын танып, қағаз бетіне таңбаланып түскенін мәлімдеп отыр. Еуразия қос құрлығын қарпи қамтып отырған осынау ұлан дәрия мол мұраның нақ иегері қазақ жұртының зейіні мен зердесіне, талғамы мен талантына, уақыт пен кеңістікті өз құшағына сыйдыра алған сайыпқыран салиқалығына таңданасың. Өзіңнің де сол жұрттың жұрағаты болғаныңа шат­танасың.

Екі жарым мың жылдық (Ақселеу Сейдімбектің дерегі. – А.Қ.) тарихы бар қазақ күйлерінің қай-қайсысы да өз дәуі­рінің шежіресі, сол шежіре аясындағы сан алуан оқиғаны күй тіліне түсіріп сөйлете ал­ған данагөйлігімен дараланатын баба­лар мұрасы. Сергек сезімнен туған кі­нәрат­сыз көңіл күйін тамыршыдай дөп ба­сар қалпымен әуен-әуез тілінде бей­нелеп берер күй сазы кейде жан дүниеңді қуалай кезіп кетіп, елжірете, егілте алса, кейде буын-буыныңды билеп алар ғажап сиқырлы сазымен өзіне еріксіз бауыр бас­тырары бар. Шамырқантып, шар болаттай қай­сар қуатты, топшысы болаттай серпін­ді шымыр сарынның ерекше еркіндікке құлаш ұрдырып, бойыңа буырқанған күш қотарары да аз емес.

Қазақ күйдің ішкі иірім нақышы мен сыртқы сипаттарын бажайлаған тұста оның әлденеше арнаға түсер сан тараулы қызметін дөп басып, анық ажырата алған. Мәселен, күйлерді «арнау күйлері», «сый күйлері», «тілек күйлері», «хабаршы күй­лер», «естірту күйлері», «бәсеке күйлері», «емеурін күйлері», «құлақ күйлері», «елік­теу күйлері» деп саралау үстінде әр күйдің өзіне ғана тән тұрпаты мен қызметін бел­гілейді. Мәселен, «Ақсақ құлан» күйі Жошыға құлан шайнап өлтірген ұлының қаралы хабарын жеткізсе, Қанқожа қобызшының әкесі Шыңғысқа Шоқан қазасын естіртуі, сыбызғышы Тулақтың осы мазмұнды азалы кепті шертуі тәрізді жағдаяттар төл тарихымызда жетіп артылады.

Ұшқан құс, жүгірген аңға қатысты, әсіресе ер қанаты – атқа бағыштай тар­тылған күйлердің де өз айтары бар сұң­ғыла сарын сазға толы ғажап жәдігерлер екені ақиқат.

Көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбек «...күйдің мүмкіндігі саз-сарын арқылы болатын эмоциялық әсермен шектел­мейді, сонымен бірге ақпарлық хабар беретін астарлы лингвистикалық тілі де бар», – деуінде үлкен мән бар. Бұл орамды ойдың астарында қазақтың сөйлеу тілінен басқа күй тілінде түсінік алатын рухани қасиеттің де жатқанын қаперге алмаққа керек. Ғалымның «қазақ күйлерін тың­даған адам қазақ тілін білмесе күйдің мән-маңызын, емеуріні мен астарын толық түсінуі мүмкін емес, эстетикалық-эмоциялық әсері жартыкеш болады», – деген пікірінде де «күй тілі» деген түсінік­тің түндігін түріп берген нақтылы шын­дықтың жатқанын мойындаған жөн.

Бұл не деген сөз? Бұл қазақ күйлері қа­заққа ғана тән төлтума өнер, оның бар болмыс-бітімі қазақ тарихына, соның қойнауында қордаланып жатқан оқиға желісімен, сыр сипат сорабымен, ше­жірелі аңызымен, нақтылы тұрмыс- тіршілігінің түскейі мен теріскейін қам­титын қабырғалы қалпымен ажырамас біте қайнасқан деген сөз.

Күй тілі, сол тілді сыңғырлы әуен ас­тарынан аңдап, ажырата алу сұңғыла­лықты, зор зерделілікті талап етсе, тың­даушыңның да бойында осы қасиеттер бар ма деген сауалдың алдыңнан көлбең беріп, көлденең шығуы заңды. Осы орайда ұлы ақын Ілияс Жансүгіровтің:

«Домбыра, сенде мін бар ма?

Мінсіз болсаң – тіл бар ма?

Тіл жоқ деуге бола ма,

Тілден анық үн барда?

Домбыраның күші мол,

Көмейінде күй барда», – деген тамаша жыр шумағы ойға оралады. Сөйтеді де ақынның «тіл жоқ деуге бола ма, тілден анық үн барда?» деген ой байламының әділ де ақиқатшыл айқын екенін мойын­дайсың. Өйткені Ілияс ақын күйді, күйдің тілін, жан жүрегімен терең сезінген, сол сезімін «Күй», «Күйші» дастандарында асқан дарындылықпен ақ қағаз бетіне төгілдіріп түсіргенін бек жақсы білетін едік.

Бұл күндері күй табиғатын анықтау үшін «шертпе күй», «төкпе күй» деген атау­лармен бөліп айтып жүрміз. Ал марқұм Ақселеу Сейдімбек болса, бұлай жіктеп атау күйшілік мектептің қасиет-болмысын толықтай ашып бере алмайды деген уәж айтады да, онысын нақты мы­ғым дәлел-дәйектемелермен шегелей бекітіп береді. «Шертпе» сөзі домбыра­шының қимыл-қозғалысын білдірсе, «төкпе» сөзі күйдің әуендік-дыбыстық сыйпатын білдіреді деген пайымдауы кімге болсын ой салмаққа керек.

Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Көк­балақ» повесі мен қаламгер Төлеген Қажыбайдың «Мұң» атты әңгімесінде күй табиғаты, күйші шеберлігі біршама сөз болады, Арқа күйшілерінің шеберліктері шырай береді.

Бір сөзбен айтқанда, қоңыр домбыра, қыл қобыз, жілікті сыбызғыда орында­латын он сан күй өзінің ажарлы көрі­нісімен, сырлы да сиқырлы сазымен, мұң-шерің, қайғы-налаң, қуаныш-сүйі­нішің, шаттығыңның, тұрмыс тірлігіңнің бәрі-бәрін өзгеде жоқ өз тілінде сөйлету арқылы көшпелі елдің көшбасшысы қа­зақ жұртының этномәдениетінің мәйе­гіне, уызды кәусәріне айналып кеткен.

Біз сондықтан да ән мен күй деп ата­латын ұлы өнерімізді қазақ халқының ұлан-дәрия мәдениетінің ажырамас бөлігі ғана емес, сонымен бірге оларда өз жұр­тымыздың барлық болмыс-бітімі қойын­даса жатқанын жыға тануға тиіспіз де­генге ден қоямыз...

«Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң қалмақ бар,

Күшіңді еппен алмақ бар.

Былай барсаң Қытай бар,

Жапырағыңды бұтай бар.

Былай барсаң орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар».

Осынау өлең жолдарында қаймана қазақ жұртының жыртыстай жырымдала жыртылып кетер кер кезеңге келген тұсын бейнелеген бейкүнә қалпы құлақ қыл­титады. Төрт құбыласы түгел қамауға түскен елдің тауқыметті тірлігі, талауға түсіп тоз-тозы шығар алдындағы алма­ғайып жантәсілім жосығы жота көрсетеді.

Жаратқан иесі үш мың жыл бойы жалына қол апарғызып, сауырын сипат­паған тәкаппар көшпелілердің соңғы тұяғы – қазақтарға да көз қиығын салып, аяушылық әузесін танытса керек. Тарих­тың ұстараның жүзіндей жүз төңкерілген толқыны өмірге өзегін жарған бір пер­зентті өз сыбағалы сыйындай ұсынып еді. Ол кәдімгі ұлы Абылай болды.

Абылай осындай тарихтың қос та­раулы жол айрығында қалған тұста қазақ жұртының қос шылбыр, бір тізгініне ие болды. Ерлігі мен серілігінен айырылып барып қайта қолға алу тұсы Абылай дәуірінен бастау алғаны да ақиқат. Оны ұлы Шоқан қапысыз аңдап, Абылай заманын «ерлік пен серілік заманы бол­ды» деп қадай айтуы тегін еместі. Тәңірі­нің теңдессіз ержүрек ерлікті сый етуі­мен бірге, оған көсемсеркелік қолбас­шы­лықты, айыр көмей шешендікті беруі, тар жерде жол тауып шығар көрегендікке ие етуі Абылай тұлғасын өз тұрғыласта­рынан дараландырып қана қоймайды, оны данагөй биікке көтеріп әкетеді.

Ол бүгінгінің шолақ ойлы, икемсіз де оралымсыз басшыларындай ұрда-жық, топас, тоңмойын, мансапқорлық қасиет­терінен мүлдем бөлек, мұның бәрін жат санаған салиқалы сардар басшысы болды. Дана Бұхардан бастап, Үмбетей, Ақтан­берділердің де үн-зарына құлақ тігіп, зерделеп отырды, Бөгенбай, Қабанбай легіндегі әр батырдың ақыл-кеңесіне өріс ашып, солардан өз кәдесіне жаратар оң­тайлы пікірлерді парықтай білді. Осының арқасында Абылай кеңінен пішіп, тоғыз толғап, он сан ойланып барып ортақ та ор­далы пікірге ұйыды, өз шешімін шеге­лерде алдындағы айтылған уәждерді екшеп барып қорытты. Осындай ұжым­дық пікірлерді пайымдау арқылы талай шаңды жорықтарда көк жебедей жау шебін жарып өтіп, жеңіс туын асқақтата алды. Оған  хан басын иіп, үнемі «Бұхареке, сөйлеңіз» ден алға салып, ақыл тартып отыруы, ащы айтса да шамданбай, қайта қарт жырауды дана да пана көріп, ығына жығылып отыруы Абылайдың ұлылығының өлшемі деп бағаланбаққа керек. Оның өле өлгенше өз биігінен төмендемей өтуінің бір парасы осы қасиетінде ғой деп шамалаймыз.

Хан ордасы беймарал шақтарда сахи даланың небір жайсаң жақсыларына, өрде озған өнерпаздарға толы болған. Күміс көмей әншілер, қазына көмбелі жыр­шылар, он саусақтың жорғасы домбыра­шылар, қияқ шалған қобызшылар, жілік сыбызғысынан сұңқылдата саз қотарған күйшілер хан ордасының салтанатын арттырып, сәнін сауық-сайран, мерекелі мейрам, арайы айшықты қызықты қуанышпен әрлен­діріп, әдемі жарастық­қа кенелткен.

Мұндай бір мұң­сыз қуанышты мол сәруәрлі сәттерде орда иесі Абылай да дом­быра­сына қол созып, тоқсан та­рау күй­лерге арна ашып, кейде аңырай азы­нап боздаған, енді бірде қуат-қайратыңды жаныған жігерлі әуенге аунап түсіп, тағы бірде оқыста опат болған қанды көйлек сардарларын іздеген елең-алаң сезім толқынысын сездірер улы да уытты әуез-әуенді шығаратын.

Абылай күйлері негізінен өз басынан өткен, көзі көріп, көңілге түйген оқиғалар орамынан өріс ашып, алтын арқаулы тінін сол оқиғалар желісі арқылы өрнек түзетін тәрізді. Сондықтан да ол күйлердің сарынынан ұлы сардардың өз көңіл күйінің күнгейлі көріністері бой бай­қатып, ой шайқайтын сезім дірілі жиі сыр беріп қалып отырары заңды. Тарихи оқиғалар: мейлі ол шаңды жорық болсын, жаужүрек Баян, қара қылыш бұжыр Жанай батыр өлімі болсын, опасыз жал­ған тірлікпен қоштасар қимас сәт бол­сын... бәрі-бәрі Абылайға ғана тән жан күңіренісі мен көңіл күрсінісі, опынысы мол өксікті өкініші, атой салып жауға ат­танысы, сардарларына дем берген қуатты сілкіністері әуен-әуез, сарын-саз тілінде сөйлейді, саған да сол тілден сыр тартуға жетелейді. Әрине, бүгінгі бізге Абылай күйлері толық сипатында – бас­талу, өрлеу, шырқау, төмендеу, жусау қал­пында етек-жеңі толық жинақылықта жет­ті дей алмаймыз. Ұлы сарындарда бір­ден бірге ауысу, алмасу үстінде үні үзі­ліп, толық бітімі сетінеп, жырым-жырым, жұлым-жұлым күйде жеткен. Алайда се­зім аясына салар зерделі көңіл табылса, күйлердің архитектоникалық құрылымын ойша бағамдап, бажайлай алуына болар дейміз. Сөйтіп, тұтас болмыс бітімін сезім сүзгісінен өткізе отырып елестете алар-ақ.

Мәшһүр Жүсіптің «Абылай хан хи­каясы» атты еңбегінде сөз болатын сары бура ұлы сардардың кие тұтқан текті түлігі болса керек. Хан жорыққа сайланған тұста сары бураның әрекетіне қарап бол­жам жасайды. Жорық жолға маңдайын беріп жатса жолы сәтті болып, көлденең қияс жатса бұл сапарын қош көрмегені деседі екен.

Сол киелі бурасына арнап шығарған күйдің болғанын аңыз етіседі қалың ел. Өкініші, ол күйдің жұғындысы да бізге жетпеген. Жобасы ұлы хан киесіне ай­налған сары бураны саз тілінде сұлбасын суреттеп, әдемі әспеттеген болар деген болжамдамыз.

Абылай заманы үнемі құба қалмақпен талас-тартыс кезеңі болса, сол тұс хан иесінің төңірегіне топтасқан алуан-алуан, балтыры байпағына сыймас небір жой­дасыз батырларға толы болған. Солардың бірі – қанжығалы Жантай батыр. Оның Үйсінбай, Арқандар атты екі інісі де ағасының қос қанаты іспеттес жойқын күш иесі болған деседі.

Арқандар қалмақтардың бір келе түйесін барымталап жүріп қоршауда қалып, найза ұшында жан берген. Інісінің мерт болуы Жантайға да, Үйсінбайға да оңай тимеген. Бес жүз жігітпен аттанған Жантайды тосып алған қалмақ қолының қарасы қалың екен. Осы тең түспес жой­қын шайқаста Жантай да мерт болған. Ұлы Тоқышқа астындағы торы тұлпарын түсіп берген батыр «мыналар болмады ғой, топты бұзып елге жет. Түбі кегімді алар сен боларсың» деген екен Жантай. Абылай Жантайдың мерт болғанын есті­генде «тасқа шапса кетілмейтін қайраулы қара қылышым-ай!» деп күйінген деседі.

Торы тұлпарды тұлдап, жал-құйрығын күзеп, жылына соятын етін бос қоя берсе керек.

Кезекті бір жорыққа шыққалы жат­қанда жайылымда бос жүрген торы ат хан ордасын айнала шауып келіп, шеру тартар шеріктер қатарына қосылыпты. Тұяқ дүбірін естіген хан елеңдеп «бұл кім бол­ды?» деп сұрағанда «Хан ием, Жантай батырдың жетім торысы ғой. Жорық дүбірін естіп иесін іздеп жүрсе керек», – депті төлеңгіті.

Күмбір-күмбір кісінеп, жер тарпып тұрған жетім торының мына зиятты әрекеті талайды томсыратып мұңайтса керек. Ханды да тереңге налаға батырған.

Абылайдан бізге жеткен «Жетім торы» күйінің шығу тарихы қара бұжыр Жантай батырдың қазасымен байланысты екені дау тудырмайды. Бізге Балқаш қаласында тұратын күйші Әшірбек Мүсәпіров жеткізген күй ұрпақ ұйып тыңдар жарқын жәдігерге айналған.

Абылай ханның соңғы туындысы дейтіндей екі күй бар. Олар – «Дүние қалды» және «Қайран елім».

1781 жылы хан Абылай оңтүстік аймақты аралауға шыққан. Үш жүзге жар салып батырларымен Түркістанда тоғысуға пәтуаласады. Орыс пен қы­тай арасындағы байланысты орнық­тырған ол оңтүстіктегі қазақ жұртын бір ыңғайлы етпек ойында болған. Түпкі мақсаты Шымкент, Сайрам, Ташкент, Қоқан, Бұхара, Үргеніш қазақтарын сарттарға тәуелді еткізбей, біртұтас етіп орнық­тырмақ екен. Жол-жөнекей Жиренше шешеннің жеңгесі­нің атымен аталған Жұпар қорығына ат басын тіреп қоналқалайды. Хан шеруі­нен хабардар жалпақ табан, талтаяқ сарттар қопаңдасып қалады. Кезінде өз қолымен Шымкент пен Сайрамға әкім етіп қойған Ғабдырахман сарт, Ташкенттегі Мырзахмет сарт Жұпар қорығын қарулы қолмен келіп, қоршап алады. Абылайдың Түркістанға зиярат етуге бара жатырмын дегенін тыңдамайды.

«Бірі етек, бірі жең болған,

Ежелден саған ел болған,

Орта жүзден кісің жоқ.

Найзасының ұшы алтын,

Кіші жүзден кісің жоқ.

Енді бұған қарап тұрғаннан

Басқа қылар ісің жоқ», – депті Бұқар жырау хан иесінің қамауда қалғанын түсініп. Жасағын ерте қайтарып жібер­геніне өкініп, бармағын шайнап тастаған Абылай қатты қапалы күйіктен құса үс­тінде өмірден өткен. «Қытай мен орыстан көрмеген, қалмақтан көрмеген қорлықты жалпақ табан жалаңаяқ сарттан көргеніне шыдай алмаған Абылай хан құсадан жүрегі жарылып кетеді» (М.Дулатовтың, А.Сейдімбектің деректері – А.Қ.).

Осындай бір алмағайып хал кешіп, мына өмірден баз кешіп, қайғы-нала қамалаған тұста «Дүние қалды», «Қайран елім» күйлерін толғапты ұлы хан. Қос сарында да  пәлсапалық тереңге бой­лауық саз бар. 48 жыл (Арыстан-ақын­ның дерегі – А.Қ.) мекен етіп, хан­дық құрған Абылайдың қос күйі оның өлді деген хабарынан бұрын Көкшетауға желмен ілесе жетіпті деседі. Қалың жұрт «Қайран елім» деп еңірей егілген ұлы сардардың қоштасу, бақұлдасу зарын осы күйдің тілінде түсініп, қабылдаған ғой. Бұдан басқа ханнан тәбәрік болып қалған «Майдақоңырдың» екі түрі, «Дүние сарсаң», «Қара жорғаның» екі түрі, Сәкен Сейфуллиннің А.Затаевичке жаздырған «Терісқақпайы», «Шаңды жорық», «Қоржын қақпай», «Садаққапай» күй­лерінің болғанын ескерсек керек.

Жорыққа аттанарда қалың қолдың алдындағы 40 салт атты күйші осы «Садаққапай» күйін орындайтын еді дейді аңыз. Олай болса, бұл күй аса жігерлі, бүгінгінің тілімен айтсақ, марш екпінді, алдағы жойқын жорыққа батыл бастар күрескерлік сарынға толы тегеурінді бол­ған ғой деп бажайлаймыз.

Қысқаша шолу үстінде отырып ойға қалдық. Шынында да, Абылай өз зама­нының сирек ұшырасар қайраткер ұлы тұлғасы ретінде ғана бағаланбаса керек. Ол ең алдымен терең сезімді серік еткен ғажап өнер иесі, оңды-солды шашу етіп тарқата шашқан асыл күйлерімен-ақ Құрманғазы, Байжігіт, Тәттімбет, Тоқа­лармен иықтасар өнерпаздығымен қым­бат адам ғой. Хан болмай, батыр, би болмай-ақ күйші қалпында-ақ қазақтың күйшілік өнерінде өлмес өмір сүре беруге қақылы ғаламат тұлға ғой дейсің. Әттең он саусағынан сорғалаған сол күй мұралары толық жетпегені өкіндіріп отыр емес пе?!

Не десек те, тәңір ием қаймана қа­зақтың жер бетінен жоңғарлықтардай жойылып, жұтылып кетпей есен қалуына тас қалқан, көш бастар көсемі етіп сыйға берген Абылай алдында мәңгілік қарыз­дарлығымыз қай ғасырдың жалына қол артсақ та, есте болмаққа керек. Ал оның болмыс-бітімі мен ұлы тұрпат-тұлғасын одан әрі ірілендіріп, биіктете түсер күй­шілік өнері әлі де қазыла ізденіп, зерделей зерттеуді қажет етеді. Оның ұлы күйлері бізбен, қазақ жұртымен бірге жасауға құқылы. Өйткені онда Абылай дәуірінің күрес пен шайқасқа, опындырған ай­қасқа, қан құстырған өлімге, жарқын күнге ұмтылған сенімге, салдық пен серілік­ке, еркін ерлікке толы сырлары, тауысып болмас жырлары, полифониялық ұлы үн-сарыны жатыр. Бізге сонысымен қымбат, ардақты, асыл жәдігер! 

Аян ҚАЖЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты