Таиландтан 37 жастағы павлодарлық денге безгегін жұқтырып келген. Ер адамды шетелде маса шағып алған. Pavlodarnews.kz мәліметінше, 37 жастағы павлодарлық облыстық ауруханаға 38 градусқа дейінгі температура, бөртпе, ентігу, әлсіздік, летаргия, балтыр бұлшық етінің, буындардың ауырсынуы секілді шағымдарымен қаралған.
Таиландқа қыдырып барған павлодарлық денге безгегін жұқтырып келді
1,188
оқылды

"Науқас бір апта бойы үйінде ауырған, амбулаториялық кезеңде емдеу нәтиже бермеген соң инфекция бөліміне жүгінді. Тексеру кезінде инфекционист дәрігерлер әрдайым басқа елдерге барған-бармағанын сұрайды. Жігіт осы жақында ғана Таиландтан келген, оны жәндік шағып алыпты. Ер адам шұғыл ауруханаға жатқызылды, клиникалық және аспаптық зерттеу жасалды. Диагноз  денге безгегі. Алтыншы күні пациент айығып, үйіне шықты",  деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.

Ведомство Павлодар облыстық ауруханасында науқастарды толық тексеру және емдеуге қажет барлық нәрсе бар екенін, дәрігерлер үнемі біліктілігін арттыратынын, шетелдік немесе жергілікті инфекциялардың кез келген түріне дайын екенін атап өтті.

"Денге  адамға масадан берілетін вирустық инфекция. Тропикалық және субтропикалық климаты бар аймақтарда жиі кездеседі. Қазақстанда тек шетелден әкелінген жағдайлар тіркеледі, бұл ауру бізге тән емес. Адамнан адамға жұқпайды. Бірақ денге безгегі қан кетіп, шок туғызатын, кейде өлімге апарып соғатын геморрагиялық қызба тудыруы мүмкін",  деді Денсаулық сақтау басқармасы.