Мейрамгүл Жиенбаева Миргүл Жылқышинованың туысымен бірге Семейде бір университетте оқыған екен.
«Оттың ортасында қалғанын айтты»: қаза болған орманшының артында 2 баласы қалды
2,839
оқылды

Әлеуметтік желіде Миргүл Жылқышинова Абай облысында қаза болған орманшының бірі – Мейрамгүл Жиенбаева жөнінде естелігін бөлісті, - деп хабарлады ulysmedia.kz.

Мейрамгүл Жиенбаева Миргүл Жылқышинованың туысымен бірге Семейде бір университетте оқыған екен.

«Менің туған қалам Семейде қайғылы жағдай болып жатыр. Орман өрті 14 адамның өмірін қиып кетті. Солардың ішінде жалғыз бойжеткен – Мейрамгүл. Ол менің туысыммен бірге университетте оқыған. Семей орманында олар бірге тәжірибеден өткен. Менің туысым тұрмысқа шықты да, Астанаға көшіп кетті. Ал Мира орман шаруашылығына барып, шаруашылықтың басшысы қызметіне дейін өсті», – дейді ол.

Миргүл Жылқышинова Мейрамгүлдің өте еңбекқор болғанын еске алады.

«Басқаша болуы мүмкін емес те еді. Өте жауапты, еңбекқор әрі ештеңеден қорықпайтын. Ол нәзік болса да мойнына ердің жүгін арқалап, Семейіміздің тұмса табиғатын, тал-тоғайын, қарағайын жақсы көретін. Ол өзінің сенімді командасымен бәрін еңсереміз деп ойлаған… Мира соңғы рет байланысқа шыққан кезінде төбеден келетін өрттің ортасында қалғанын хабарлап айтқан. Ол орманды жақсы көретін, мәңгілік сол орманда қалды. Мейрамгүл ерлік жасады», – дейді ол.

Мейрамгүл Жиенбаеваның артында ұлы мен қызы қалды.

Еске салсақ, Абай облысындағы өртпен күрес бірнеше күннен бері әлі жалғасып жатыр. Алғашында 14 адамның жоғалып кеткені жөнінде ақпарат тараған. Үш адамның көз жұмғаны белгілі болған. Кейін 11 адамның денесі табылды.

Абай ауданында өрт әлі де жалғасып жатыр. Ал Президент Тоқаев кеше Абай облысына барып, марқұмдардың туған-туыстарымен кездесті. Бас прокуратура оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бүгін Қазақстанда жалпыұлттық қаралы күн.

Фото: ulysmedia.kz