«Қоғамдық бақылау» заңына сәйкес мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың жұмысына қо­ғам­дық бақылау тетіктерін қалыптастыру мақсатында «AMANAT» партиясының фрак­ция депутаттары Аста­надағы ЖЭО-3-тің құрылы­сымен танысты.
Қазандық құрылысы қазанда біте ме?
1,147
оқылды

Осы күнге дейін аяқталмай тұрған бұл жобаның құрылысы 2010 жылы басталған болатын. 

Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша Үкімет нысан құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бір топ Мәжіліс және мәслихат депутаттары құрылыс барысымен танысты. Жобаның бас мердігері – «ЦентрКаз­ЭнергоМонтаж» АҚ. Жобаның құны 122 млрд теңгені құрап отыр. Алайда жобаның құрылысы 13 жылға созылып жатқанын айта кету керек.

Қондырғылар да қаражат бөлінген сайын сатып алынып отырған. Мердігерлердің ай­туын­ша, жобаға қаражат мем­лекет тарапынан тұрақты бөлін­бегендіктен оның құрылысы жылдарға созылып отыр. Қазір жобаның құны 158 млрд теңгеге көбейтілді. Себебі құрылыс материалдарының қымбаттауы 36 млрд теңгеге саналып отыр. Техникалық аудиттің мәлі­ме­тін­ше, құрылыс 83 пайызға орын­далған. Құрылыстың басында жүргендер екі қазандық қазан айында іске қосылатынын айтады. Қазір өндіріс орнында 602 адам қызмет етіп жатыр.

«ЖЭО-3 құрылысының аяқ­талуын мемлекет пен елорда тұрғындары күтіп отыр. Себебі қыс кезінде тұрғындар жылу тоқтаусыз берілгенін қалайды. Нысанға біз жауапты екенімізді түсінеміз. Барлығы қаржылан­дыруға тәуелді екенін білеміз. Биыл Мемлекет басшысы нысан­ның қаржыландыруын мемлекет жүзеге асыратынын айтты. Бізде оны тапсырмаудан басқа нұсқа жоқ. Сондықтан ЖЭО-3 пай­далануға толық тұрғыда желтоқ­сан айында беріледі. Оған дейін қазандықтар кезеңдеп іске қо­сылып отырады. Алғашқы екі қазан­дық қазан айында іске қосылады», – дейді мердігер ком­панияның өкілі.

Өз кезегінде құрылыс бары­сымен танысқан депутат Ерлан Саиров жұмыстардың дайын­дығын 90 пайызға бағалай ал­майтынын айтты.

«Астанадағы жағдай мүшкіл болғандықтан ЖЭО-3-тің құры­лысын тексеріп жүрміз. Бұл жер­де мәселе өте көп. Себебі құ­рылыс 2010 жылы басталған. Мердігер компания жұмыстар 90 пайызға дайын деп отыр. Алайда 90 пайызға жетпейтін түрі бар. Қазан айына дейін барлық жұмыс бітеді деп отыр. Бүгінде барлық қа­зандықтардың барлығы жет­кізіліп, жылу құбырлары қаланың негізгі магистраліне қосылған деп отыр. Оның барлығын уақыт көрсетеді. Қазан айында оны келіп тағы да қадағалаймыз», – деді ол.

Депутат Ерлан Саировтың пікірінше, дайындық әлі күнге дейін қажетті деңгейде емес: «Қабылдап алған ұйымдардың өзі нысанды толық мемлекеттік қабылдауға алмағанын айтты. Сондықтан бақылау бойынша жүзеге асыруды жалғастырамыз», – деді ол.

Нұрлан ҚОСАЙ