«AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің ұйымдас­тыруы­мен семинар-кеңесі өтті.
Жемқорлықты жұмыла жеңеміз
734
оқылды

Жиынға Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіп­сіздік комитеті, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің Алматы қаласы бо­йын­ша департаменті, Мем­ле­кеттік қызмет істері агент­тігінің Алматы қаласы бойынша депар­таменті өкілдері және Алматы қаласының мәслихат депутаты қатысты. Күн тәр­тібіне  сыбай­лас жемқорлыққа нөлдік төзім­ділікті қалып­тастыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәсе­лелері қойы­лып, ол бойынша салалық органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.

«Бүгінгі көтеріп отырған мә­селе – қоғам дамуы үшін өте өзекті. Сол себепті де, Прези­дент­тің кезектен тыс сайлауы­нан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауал­ды бағдарламасын іске асыру жө­ніндегі іс-қимыл жоспары бекітіліп, онда Президент Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы одан арғы күрес бойынша іс-ша­раларды қабылдауды тап­сырды. Сондай-ақ оған дейінгі өз Жолдауында Мемлекет басшысы әлеуметтік, экономи­калық мәселелерге тоқталып, бірқатар бастама көтерді. Жеке кәсіпкерлік бастамаларды ын­таландыруды, яғни, мемлекет­тік капитализмнен және мем­ле­кеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту фор­ма­сына өтуді тапсырды», – дей­ді Алматы қалалық мәсли­ха­ты­ның депутаты Зәуреш Өмірбаева.

2022 жылды және 2023 жылдың ағымдағы кезеңінде «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жа­нындағы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл кеңесі­нің мүшелері 29 іс-шара өткізді, оның ішінде 17 семинар мен 12 дөңгелек үстел. Сонымен қатар аймақтың партиялық бақылау органдары БАҚ пен әлеуметтік желілерде тұрғындардың кө­терген қызу мәселелерін тұрақ­ты түрде қарастырып келеді. Партияның аймақтық және аумақтық филиалдары 30-ға жуық резонанстық мәселені қарады, оның ішінде 13-і оң шешімін тапты, 17-сі түсін­дірілді.

Нұрлан ҚОСАЙ