Абай облысында 14 адамның өмірін жалмаған жалынның беті әлі қайтар емес. Өңір-өңірден ағылған өрт сөндірушілер мен техникаға да, тікұшақтардан тонналап төгілген суға да ауыздық бермеген асау оттың қою түтіні көршілес Жетісу облысына да жетті.
Орап жатыр от-жалын...
766
оқылды

Мұқым елдің назарын Абай жеріне аудартқан жалын 8 маусымда тұтанған еді. Бірақ бұл жалынның 2 күннен соң бет қаратпай кететіндігінен көпшілік хабарсыз болатын. 

8 маусым, сағат 12:03.

Семей қаласынан 25 шақырымдай қа­шықтықтағы Батпаев орман шаруашы­лығының 66-кварталында өрт шықты. Екі рет жай түскендіктен тұтанған қызыл жалын тез арада ауыздықталған жоқ. Оған себеп – «Семей орманы» мем­лекеттік орман табиғи резерваты техника­сының биік құм төбелерде орналасқан аймаққа жете алмауы еді. Техника бар­ғанша, өрт аумағы 20 гектарды құрады. Ми қайнатар ыстық пен екпінді желдің салдарынан тілсіз жау екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты жалмап кетті... 

Өртті сөндіруге 158 адамнан тұратын «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті ат­қарушы органдар мен Қорғаныс министр­лігінің жеке құрамы және техникалары жұмылдырылды. Сондай-ақ Өскемен, Астана, Қарағанды қалаларының құтқару бөлімшелерінен қызметкерлер мен арнайы құралдар жіберілді.

9 маусым, сағат 08:57

Арада 1 тәулікке жуық уақыт өткен соң төтенше жағдайды тізгіндеуге 4 тікұшақ тартылды. Олар әуеден 12 рет жалпы көлемі 30 тонна болатын су төкті. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Марат Күлдіков келді. Жер­гілікті атқарушы органдар Бородулиха ауылында Островский атындағы орта мектеп пен колледжде эвакуациялық пункттерді орналастырды.

9 маусым, сағат 13:00

Орман өртіне байланысты жедел штаб құрылды. Абай облысындағы Успенское, Поднебесное және Барышевка ауылда­рының тұрғындары өз бетінше басқа ай­мақтағы туыстарының үйлеріне орналасты. Бұл елді мекендерде шамамен 200-ге жуық шаңырақ бар. Барышевка ауылындағы 2 тұрғын үйге өрт тиді...

Аталған елді мекендерді қорғауға 122 адам мен 30-дан астам техника жіберілді. Таңғы сағат 6 жарымнан бастап вице-министр мен облыс әкімінің орынбасары МИ-2 тікұшағында өрт аймағына аэро­визуалды барлау жүргізді.

9 маусым, 16:30

Қызыл жалынмен күресте 700-ге жуық адам, 177 техника, 6 тікұшақ жүрді. Авиа­циялық техника 80 рет жалпы көлемі 192 тонна болатын су төкті. Камышенка ауылы маңындағы Камышен орман шаруа­шылығында, Каштак бағытында, сондай-ақ Успен ауылында өрт өршіп тұрды. Орман өртіне байланысты Семейде төтенше жағдай жарияланды. 

Іле-шала жалынмен жан алысып, жан берісіп арпалысып жатқан 14 орманшымен байланыс үзілді... 

9 маусым, сағат 18:01

Арада 2 сағат өткен соң өрт сөндіріп жүрген 3 қызметкердің қаза тапқаны мәлім болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Сондай-ақ Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына қажет барлық көмекті көрсетуді тапсырды.

Абай облысының Бородулиха ау­данындағы орман өртін сөндіруге 800-ге жуық адам, 200-ге тарта техника және 9 тікұшақ жұмылдырылды. Осы күні таңер­теңгі сағат 5:35-тен бастап тікұшақтардан 93 рет жалпы көлемі 263,5 тонна болатын су төгілді.

Өрттің таралуына жол бермеу үшін орман аймағына іргелес орналасқан Тәуел­сіздік, Пионерская көшелері мен Южный шағынауданы аумағындағы жер жыр­тылған.

9 маусым, сағат 22:00

Болып жатқан оқиғаға жаны ауырған жұртшылық жанұшыра жәрдем беріп бағуда. Жергілікті халық ауылдық округ­терден ыстық тамақ дайындап, әкеліп жатыр. Бір күннің ішінде өрт болған аумаққа қап-қап ет пен көкөніс, қорап-қорап консерві, жүздеген келі дәнді дақыл жеткізілді. Одан бөлек, өрт сөндірушілерге ауыз су, ыдыс-аяқ және жеке күтім құрал­дарын ұсынып жатқандар қаншама...

10 маусым, сағат 00:55

Семей билігі 800 адам сыятын тоғыз эвакуациялық пункт дайындады. Халықты жедел эвакуациялау үшін 10 автобус жіберілді.

Ормандағы өртті сөндіруге Қызылорда, Қарағанды, Алматы облыстарынан қо­сымша күштер келіп жатыр. Өрт аумағы 60 мың гектардан асты... Өрт Талица, Каштак, Барышевка, Успенка, Поднебесное және Камышенка елді мекендеріне қарай үш бағытта таралуда.

Үшінші күн дегенде ауа райының беті бері қарап, орманға сіркіреп жаңбыр жауды. Аспаннан жауынмен бірге үміт себілгендей болды...

10 маусым, сағат 14:35

Жағдай біртіндеп тұрақтанғанымен, сөндіру керек бірнеше өрт ошағы бар. Төменгі жақта жалын әлі күшінде. Тілсіз жау тізгінделген аймақтағы халық жайлап үйлеріне оралып жатыр.

10 маусым, сағат 20:13

Өрт сөндіруге 1 жарым мың адам мен 300-ге жуық техника тартылған. Бүгінге дейін тікұшақтар әуеден 486 рет жалпы көлемі 1 мың тонна болатын су төкті.

Қып-қызыл жалынмен арпалысып, қаза тапқандар саны 14-ке жетті. Прези­дент Қ.Тоқаев Семей жеріне келіп, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруа­шылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті. Осы қайғылы жағдайға кінәлі­лердің бәрі заң бойынша жауапқа тар­тылатынын және марқұм қаһармандардың отбасыларына міндетті түрде көмек көрсетілетініне уәде берді. 

11 маусым, сағат 11:40

Екі елдімекенде өрттің жаңа ошағы анықталды. Алдыңғы күндерге қарағанда, жел күшейіп, онсыз да ауыздықтау мүм­кіндік болмай тұрған қып-қызыл тажалды одан әрі құтыртып тұр. 

Президент Абай облысында өртенген орман алқабын тікұшақпен аралап шықты.

Семей орманындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өртке қатысты тергеу Қылмыстың кодекстің «Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүргізіледі. Тергеу жүріп жатқан бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

11 маусым, сағат 22:31

Өрт Таврия ауылындағы Каштак орманшылығына қарай бет алды. Техни­каның 65 пайызы сонда жұмыл­дырылды. Ал Успен орманшылығында шағын өрт ошақтары шығып жатыр. Сонымен қатар Жерновка ауылында ахуал өршіп тұр, себебі техниканы ауыл аумағына кіргізуде кедергі бар. Өртпен күрес негізінен түнде жүргізілуде. Өрт сөндірушілердің қазіргі міндеті – жалынды елді мекендер аумағына жібермеу.

12 маусым, сағат 00:55

Қою түтін салдарынан Семей қаласы Бұлақ ауылының 80-ге жуық тұрғыны эвакуацияланды. Тұрғындар азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз етілген эвакуациялық пункт­терге орналастырылды.

12 маусым, сағат 17:00

Тілсіз жаудың қалың түтіні Жетісу облысының аудандарына жетті.

Түні бойы Талица ауылының шығыс жағынан далаға қарай өрбіген өрт сөнді­рілді. Экология министрлігі елді мекен­дерге төнген қауіптің беті қайтқанын мәлімдеді.

Ерте ме, кеш пе қауіптің беті де, жалын­ның қызуы да қайтар. Тіпті, қазір күйік шалған даланың қайта ну орманға айналуы бек мүмкін. Ал сол орманға қорған боламыз деп жүріп, жалынға жұтылған 14 жан енді қайтып келмейді. Өзекті өртейтін ең үлкен өкініш те, осы... 

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ