Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев өмірден озды.
Бақ қонған бәйтерек еді
5,425
оқылды

Білімі мен тәжірибесінің арқа­сында бір емес, бес облысты бас­қар­ды. Ұзақ жыл бойы Үкіметте қыз­мет атқарған, мемлекеттің да­муына айрықша үлес қосқан асыл азаматтың қазасы қабырғамызды қайыстырды. 

Ұлттың өркендеуі үшін қызмет еткен тұлғадан көз жазып қалу – бір отбасының ғана  емес, бүкіл қазақ жұрты үшін де ауыр қайғы.

Елдің алғысына бөленді...

Бердібек Мәшбекұлы өмірден өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Календеров бастаған жамбылдық азаматтар барып, көңіл айтып қайттық. Ұлттық опера және балет театрында қоштасу рәсімі өтті. Республикамыздың Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жерлеу рәсімі биік дәрежеде ұйымдас­тырылды. Республикамыздың Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жерлеу рәсіміне бастан аяғына дейін қатысып, Президенттің көңіл айту хатын жеткізді. Жерлеу рәсіміне халық өте көп жиналды. Асыл азамат, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы респуб­ликамыздың өркендеп, өсуіне үлкен үлес қосты. Қай жерде жұмыс істесе де, халықтың алғысына бөленді. Осындай ел құрметіне ие болған Бердібек Мәшбек­ұлы­ның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

қоғам қайраткері

Халықшыл тұлға еді

Белгілі мемлекет және қоғам қайрат­кері Бердібек Мәшбекұлы қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік маңызды қадамдар жасап, Сыр өңірінің көшбасшы орын­дар­дан көрінуіне зор ықпал ете білген бірегей тұлға еді. 1995-1999 жыл­дары Қызылорда облысы әкімі лауазымы атқарған тұста талай игі бастамаға ұйыт­қы болып, өңірдің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін көз көрді. 

Жылдар жылнамасына зер салсам, Бердібек Мәшбекұлы Қызылорда об­лысын басқарған жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұралаған салалардың тынысын ашып, халықтың тұрмыс-жағдайын түзеуге зор ықпал жасағанын көруге болады. Қиын кезеңде оңтайлы шешім қабылдап, өңірдегі барлық саланың жанданып, күрішті аймақтың көркеюіне көп күш жұмсады. 

Сол кезең Сыр өңірінде өндіріс орын­дары тұралап, фабрикалар жарым-жар­ты­лай жұмыс істеп тұрған қиын шақ бо­латын. Әсіресе, өңірде ауыл шаруа­шылығы саласы тұралап тұр еді. Осы уа­қытта облыс әкімі лауазымына таға­йын­далған Б.Сапарбаевқа артылған се­нім жүгі жеңіл болмады. Саяси тұлға дер уақытында шұғыл шараларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп, 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдетуге бағытталған бағдарламаны қабылдады. Осыған орай облысты дамытудың ортамерзімді бағдарламасы негізінде тереңдету жұмыстары жедел қолға алынды. Нәтижесінде, инфляция деңгейін 40 пайызға төмендетіп, өнер­кәсіп өнімінің деңгейін 41 пайызға арт­тыруға қол жеткізді. Қызылордаға арна­йы экономикалық аймақ мәртебесін берумен айналысты.

Жарты ғұмыры ат үстінде өткен азамат қарапайымдылығымен де халық­тың көңілінен шыға білді. Мемле­кеті­міздің сындарлы саясатын зор білікті­лікпен жүргізді. Әрдайым бұқара халық­пен етене байланыста бола білген саяси тұлға елдің әлеуметтік мәселелерін ше­шу­мен жұртшылықтың жадында сақ­талып қалды. Білікті басшының қай қызметте, қай өңірде болса да, сол өңір халқының қызметінен қимастықпен шығарып салуы осы сөзімізге толық дәлел.

Мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам қызмет еткен. Талай сатыдан өтіп, еліне еңбегі еленген азамат еді. Тәуелсіз­дік алған жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, вице-министр, Премьер-Министрдің орын­басары деңгейіне дейін көтерілді. Эко­номика ғылымдарының докторы, әлеу­мет­тік ғылымдар академиясының құр­метті академигі дәрежесіне ие болды. Соңғы жылдары QazBioPharm ұлттық биофармацевтика холдингінің директор­лар кеңесіне де жетекшілік етіп, абырой тұғырынан түскен жоқ. 

Сапарбаев – тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында бес облысты басқарған саяси тұлға, халықшыл азамат ретінде көңіл түкпірінде қонақтап қалды. Елі үшін еміренген елжанды азаматтың 71 жасқа толған шағында келместің кемесіне мініп, бақилық болғаны жанымызға батты. Елі қолдаған ер, елін құрметтеген азаматтың  мезгілсіз қазасы қабырғамыз­ды қайыстырды. 

Көзкөрген азаматтың отбасына, ту­ған-туыстарына қайғырып, көңіл айта­мын. Марқұмның рухы пейіштің төрінде шалқысын!

Қожахмет БАЙМАХАНОВ,

қоғам қайраткері

Қызылорда облысы

Оның жұлдызы жарық...

 Ел басқарған әкім көп. Бірақ елдің есінде қалатындары некен-саяқ. Сол некен-саяқтың бірі – Бердібек Сапарбаев. Бес облыста әкім, министр, вице-премьер, тағы басқа  жауапты қызметтер атқарған Бердібек Мәшбекұлы қайсы лауазымда да абыройына дақ түсірмеген, адалдықтың, ар-намыстың туын жықпаған нағыз мемлекетшіл тұлға бола білді. Ол үнемі күрмеуі қиын күрделі учаскелерде қызмет етті десек, артық айтқанымыз емес. Соған қарамастан мәселені байыппен шешіп, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, қиыннан қиырға жол таба білген нағыз іскер, талапшыл, таразының басын тең ұстаған басшы бола білді.                   

Б. Сапарбаев 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып келген уақыт өңірдің өзегі талып, өкпесі өшіп тұрғандай ауыр кезең еді. Өндірістер тоқтап, шаруашылық шатқаяқтап, тірлік тұралап, жұмыссыздық жолды бөгеп тұрғанын былай қойғанда, ауыл түгілі облыс орталығы Шымкентте не жарық, не жылу, не газ жоқ еді. Көше де, үйлер де тасқараңғы. Көпқабатты үйлердің тұрғындары далаға, жерге тас, кірпіш қалап, жер ошақ жасап, төңіректен ағаш, бұта теріп жағып,  қазандарын қара күйеге қаптырып, тамақ дайындап ішуге мәжбүр болған. Сол кездері бес қабатты үйде тұратын біз де көршілермен бірігіп, бір қазан көтеріп (отынды үнемдеп), ортақ көже пісіріп ішкен күндерімізді әлі ұмытпаймыз. Қыстың суығында жылусыз азынаған үйде сырт киімімізді шешпей, төсекке қалың киімімізбен, қос қабат көрпе жамылып жатқан күндер де өтті. Міне, дәл осындай қиын-қыстау кезеңде, тұрмыстың тығырыққа тіреліп тұрған кезінде, соған сай ел ашынып, жұрттың жүй­кесі жұқарған шарасыз шағында ха­лықтың жан-жақтан жамыраған талабы мен қалауын табу жаңа келген әкімге оңай соқпағаны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, осындай қысыл­таяң кезеңде етектен тартқан бөрідей  әкімді тобықтан шалып, шабаланып шаужайына жармасқандар да болмай қалған жоқ. Бірақ Бекең ондайлармен айтысып-тартысып, уақыт кетіруді жөн көрген жоқ. Оның бар мақсаты қалайда қор­даланған проблемаларды шешу болатын. Өзбекстаннан келетін газды, Жамбыл облысы арқылы қырғыз елінен жететін электр энергиясын үкіметтік деңгейде шешудің күрделі жолдарын таба білу арқылы арқаны құрсаулаған ауырлық бірте-бірте жеңілдей бастады. Сөйтіп, Шымқалаға қайтадан сәуле,  шаңырақ­тарға шырай, адамдардың жүзіне нұр кірді. Жарықсыз, жылусыз, газсыз отыр­ған күндер артта қалып, енді бұқаралық игілікті шаралар ұйымдастырыла бас­та­ды. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы­ларға көмек көрсету мақсатында облыс әкімінің бастамасымен қайырымдылық шаралары қолға алынды. Сондай игі шараға сол кезде Байдулла Қонысбеков басқаратын облыстық телевидениенің   «Ақ желкен» балалар хабары арқылы телемарафон өткізіліп, қайырымдылық шарасынан облыстық «Қорған» қорына 1 миллион теңге қаржы жиналғаны есім­де. Есімде қалған себебі, сол хабарды жүр­­гізуге атсалысқан «Ақ желкен» бала­лар ха­бары жүргізушісінің бірі, менің 7-сы­нып­та оқитын ұлым Шапағат Орын­баев­қа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев­тың берген алғысхаты бүгінде азамат болып кеткен балам үшін әлі күнге ең үлкен марапат саналады. Қалталы аза­мат­тардан, аудан-ауданнан там-тұмдап жиналған 1 миллион теңге дегеніңіз – ол уақытта қыруар қаржы. Мұның өзі сол қиын кезең­нің бір мысалы ғана. Бердібек Сапарбаев шығармашылық адамдарына үлкен қолдау көрсетіп, оларға қамқорлық жасаған бірден-бір әкім. Зиялы қауым деген дардай ат-абыройы болғанымен, тек қалам-қағазынан басқа байлығы жоқ, үй-күйсіз, жағдайсыз жүрген қаншама ақын-жазушы, журналистер дәл осы Бекең облысқа басшылық жасаған жылдары баспанаға ие болғанын баса айтуымыз керек. Яғни, Мәдениет жылы атанған 2000 жылы өңірдегі қалам ұстаған қауым мен мәдениет саласының қызметкерлері арасындағы баспанасыз жүрген қаншама азаматқа кезінде қараусыз қалған жатақханаларды жөнге келтіріп, пәтер етіп, бөліп берген осы Бекең болатын! Мұны сол жатақ­ханалардан шаңырақ тауып, отбасын өрбіткен жандар қамқор әкімнің жақсылығын әлі күнге жыр етіп айтады. 

Әрине, Бердібек Мәшбекұлының өңірімізде басшы болған үш жылы ішінде қыруар шаруа қисынын тапты. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Ең бастысы, Оңтүстік халқы Бердібек Сапарбаевты ең қиын кезеңде ел еңсесін көтеруге күш салған,  күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, бар күш-жігерін жұмсаған, жанкештілікпен еңбек еткен қажымас қайраткер басшы ретінде ұмытпайды. Бекеңнің бұдан кейінгі жылдары атқарған қызметтері мен бейнетті еңбегін жұрт жақсы біледі. Ол кісі бүкіл саналы ғұмырын елдің жарқын  тұрмысы үшін тынымсыз әрекетпен өткерген АДАМ! Адамдардың алғысын, халқының бата­сын алып, енді ғана демалысқа шыққанда қайраткер тұлғаның демі үзілгені өте өкінішті, әрине! Бірақ жақсы адамның артында сөнбейтін жарық жұлдызы қалады. Сол жұлдыздың бірі  Бердібек Мәшбекұлының жұлдызы дер едім!                     

Асхан МАЙЛЫБАЕВА, 

Шымкент қаласы

Елінің бағын ашуға қызмет еткен тұлға еді

 

Бердібек  Сапарбаев туралы көңіл айтып жазу өте қиын. Жүрегіміз ауырып, қабырғамыз қайысып отыр. Соңғы рет мен Бердібек Мәшбекұлымен 5 наурыз күні кездескен едім. Сол күні Бердібек аға республикалық сайлауалды штабтың мүшесі ретінде Таразға келіп, екеуміз Жамбыл облысының бірнеше ауданын аралап, халықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Елімізде болып жатқан саяси реформаға байланысты өз ойымызбен бөлістік. Бұл соңғы кезде­суіміз екенін білмедік.

Бердібек Мәшбекұлы туралы көп айтуға болады. Адамшылық, адамгер­шілік, ізгілік кез келген пенденің өмірін­дегі биік мұраты болса керек. Көп пенденің бірі болып өмір сүру бар да, нағыз адам болып өмір сүру тағы бар. Өкінішке қарай, пенделерге қарағанда нағыз адамдардың саны тым аз. Бердібек Мәшбекұлы  пенделіктен өзін биік ұстап, адамгершіліктің биіктігіне жеткен тұлға еді. Ол үнемі қайнаған өмірдің ортасында жүрді. Премьер-Министрдің орын­басары, министр, 5 облыстың әкімі – осындай еңбектің арқасында үлкен абырой жинап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты басшы, үлкен жүректі ұстаз ретінде елдің зор құрметіне ие болды.

Әнет бабаның Қазыбек биге берген батасында келесі сөздер бар:

«Балам, әкім деген сөзді ұмытпа:

«Ә» деген әміршіл болма, әділ бол,

«К» деген – кекшіл болма, көпшіл бол,

«І» деген – іріткі салма, ізетті бол,

«М» деген – менмен болма, мейірбан бол».

Әкімге қажетті осы қасиеттің барлығы бойында бар еді. Оны халық жақсы біледі.

Әрине, Бердібек Мәшбекұлының өмірінде қиын кезеңдер де болды. «Тырнақтың астынан кір іздеп», аяғынан шалғысы келгендер де кездесті. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!»

Сол сияқты Бердібек Мәшбекұлының сағын сындырамын дегендер де болды. Өмірдің осындай қиын сәттерінен адал­дық, ашықтық, әділеттілік сияқты ұста­ным­дарының арқасында ол үлкен абы­рой­мен өте білді. Өзінің барлық өмірін халықтың бағын ашуға арнады.

Елімізге бергені аз емес. Әлі де беретіні бар еді. Өкінішке қарай, орта­мыз­дан бақилық өмірге кетіп қалды. Ар­тында басшы және ғалым ретінде жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұ­раны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтас­тықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – біздің парызымыз.

Бердібек Мәшбекұлының дана және дара тұлғасы халықтың есінде мәңгі сақтала бермек.

Махметғали САРЫБЕКОВ,

профессор

Дана ұстаз мәңгі есімде қалады

Бердібек Сапарбаев шығысқазақ­стандықтардың және барша елдің ыстық ықыласына бөленіп, елінің мейлінше түрлене түсіп, гүлденіп, көркеюіндегі өлшеусіз еңбегін нық сеніммен айта аламыз. 

Шығыс Қазақстан мен Өскеменде қызметімді бастаған тұста Бердібек Мәшбекұлымен тонның ішкі бауындай біте қайнасып, бірге қызмет еттік. Дана ұстаз және тәлімгер ретінде мәңгі есімде қалады.

Билік саласындағы мол тәжірибесін, білім-білігін, қажыр-қайратын қайтсем де облыстың атақ-абыройын асқақта­тамын деген мақсатқа арнады, халыққа қызмет етіп, Қазақстанымызды жан-тәнімен сүйді.

Амал нешік, ажал ғайып тамаша адамды ортамыздан алып кетті. 

Осы азалы сәтте марқұмның от­басына, туған-туыстарына, бүкіл ел жұртшылығына қайғыра көңіл айтамын. 

Елімізге ерен еңбегі сіңген Бердібек Мәшбекұлының аяулы есімі шығыс 

жұ­рт­шылығының есінде де ұзақ сақ­талады.

Жақсылық ОМАР,

Өскемен қаласының әкімі

Мәдениетке ерекше мән берді

Бердібек ағамен үш жылдай бірге қызмет еттік. Ең бірінші ол кісімен танысқанымда А. Жұбанов атындағы  Ақтөбе облыстық  филармонияның директоры едім. Облысқа әкім болып келгеннен кейін бір күні кешкісін филармонияға келді. Фойедегі люстраны көріп: «мынаған қанша шам жетпей тұр?» деп сұрады. Үлкен люстраның бірнеше шамы күйіп кеткен ғой. Соны меңзеп айтқаны ғой. Әкімнің бұл сұрағына ұялып қалдық. Қарапайым нәрсе болса да, соның өзін аңғарып, бақылағанына таңғалған едік. 

Бірде тағы концертке келіп қатысты. Әкімнің екі жағында Қанат Айтбаев екеуміз отырмыз. Ол Мәдениет басқар­масын басқарады. Екеуміз екі жақтан әкімге: «Ғимарат ескіріп кетті. Құрал-жабдықтар да ескірген. Ақтөбеге жаңа өнер орталығы керек. Концерт залын салып беріңізші» деп өтініш қылдық. Әкім біз айтқан ұсыныстың бәрін дәптеріне түртіп алған. Арада бір ай өтпей, «қаланың қақ ортасынан кон­церт­тік зал салынады» деген ақпарат жетті. Іргетасы қаланған күннен бастап сол жерде жүрдік. Әкім де күн сайын таңертең жетіде өзі келіп тексеріп кетеді. Сөйтіп, сегіз айда өнер орталығы салынды. «Енді халықтан ұят болмасын. Дұрыстап концерт өткізіңдер» деп қалжыңдап күлді. Сөзінде тұратын, іскер адам еді. Қарапайым қызметкерден бастап әртіске дейін жағдайын біліп отыратын. Бұл бір ғана филармониядағы жағдай. Одан бөлек, қаншама ұжым, қаншама елді мекен тұрғындары бар. Қым-қуыт тір­шілік арасында концертке де келіп, театрға да бас сұғып үлгеретін. Табиғи таза болмысы, қарапайым қалыбы, тура­шыл мінезі – ешқашан сол көрген кейіп­тен өзгерген жоқ. Мәдениетті, әдебиетті қадір тұтты. 

Ондай әкім туа ма, жоқ па, білмеймін?! Бір білерім, бекзат болмысты Бердібек Сапарбаевтай тұлғаның қайта тумай­тыны... Қалай таныдық, сол мінезінен ауытқыған жоқ. Қоштасу рәсіміне Бердібек Сапарбаевты сыйлайтын аза­маттың бәрі жиылып, қоштасып жатты.

Қош, қазақтың Бердібегі! Қош, қа­зақ­тың қара нары!

Елубай КЕНЖАЛИЕВ,

«Салтанат» би ансамблінің директоры