Coursera компаниясының бас атқарушы директоры Джефф Мад­жонкальда «Coursera қазақ тілінде» жобасына қатысушы 25 аймақтық университет басшыларымен, өкіл­дерімен және студенттермен кез­десті.
Гибридтік оқыту –  тренд емес, алғышарт
2,073
оқылды

Жиынға келгендер өңірдегі оқу орындарының академиялық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаның ал­ғашқы нәтижесі қандай болғанына көз жеткізді.  

Astana IT University ғимаратында өткен кездесуге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, Coursera компаниясының бас атқарушы директоры Джефф Мад­жонкальда, BMG Upskill компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы мен Coursera өкілдері қатысты.

Coursera – Стэнфорд, Йель сияқты әлем­дегі ең таңдаулы деген 170 универ­ситеттің оқу курстары мен Google, Microsoft, META секілді алпауыт 75 компа­нияның маман дайындау және біліктілікті арттыру курстары жинақталған кешенді білім беру платформасы. Сапалы білім мен тұрмысқа, қызмет барысына қажет дағдыларды кеңінен тарату мақсатында әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен технология алыптарын біріктірген ірі білім беру ұйымы. Бұл платформаны әлемнің 200 елінде 110 млн адам қол­данады. Компания басшысы Джефф Маджонкальда жиында білім беру жүйе­сінің болашағы мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, өзгерістер, жаңашыл­дықтар туралы айтты.

«Жоғары оқу орындары студенттерінің цифрлық дәуірде өркендеп, дамуына қажетті маңызды дағдыларды үйрету үшін Ғылым және жоғары білім министр­лігімен күш біріктіргенімізге қуаныш­тымыз. Бұл ынтымақтастық еңбек нары­ғында сұра­нысқа ие машықтарды да­мыта­тын білім беру бағдарламаларына сұраныс бар екенін көрсетеді, сондай-ақ Үкімет пен жо­ғары білім беру жүйелері Coursera көмегімен бүкіл студенттер контингентін кәсіби дағдыға үйрете ала­тын тиімді модель ретінде қызмет етеді. Coursera  жобасының аясында бірқатар зерттеу жүргізіп келеміз. Сонда байқаға­нымыз, бүгінде жұмысқа орналасуға ниетті жас маманнан жоғары оқу орнында оқыған негізгі мамандығының дипломы­мен қа­тар замана ағымына жылдам бейім­делгені, жаңа дәуірдің машықтарын уақытылы меңгергені талап етіледі. Мәселен, қазір жұмыс берушілер кез келген маман ие­сінің кәсіби білікті болып қана қоймай, үлкен деректермен, жасанды интеллектпен жұмыс істеу, ұжымдық іс-шараларды ұйымдас­тыру, әлеуметтік желілердің тиімді те­тіктерін меңгеру сынды машығының бол­ғанын құп көреді. Бұрынырақта дү­ние­жүзі бойынша талант­тар тең үлес­тірілген, тек мүмкіндіктер әртүрлі болды деп келсек, бүгінде баршаға бірдей мүм­кіндік жасал­ған. Өйткені жұмыс беру­шілер компания­сына лайық­ты маманды әлемнің түкпір-түкпірінен іздеп таба ала­ды. Coursera платформа­сында зама­науи дағдыларды үй­ренуге мүмкіндік беретін алдыңғы қа­тарлы оқу орындары мен технология алып­тарының курстары топтастырыл­ды», – деді Джефф Маджонкальда.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру жүйе­сіндегі инфрақұрылым тапшылығын толыққанды шешу мүмкін емесін айта келе, толыққанды онлайн немесе аралас білім беруді дамытудың маңызына тоқ­талды. 

«2025 жылға қарай студенттердің саны 800 мыңға көбейеді деген болжам бар. Бүгінгі 600 мыңнан астам студент үшін 200 мың аудиториядағы орын мен 55 мың жатақханадағы орын тапшылығы бар. Әлбетте, бұл мәселені шешу үшін мем­лекет қыруар қаражат бөліп жатыр.  Әйтсе де, инфрақұрылым тапшылығын түбе­гейлі шешу мүмкін емес. Өйткені студент саны жыл санап өсіп жатыр, бұл көр­сеткіш 800 мың, миллионға жеткенде аталмыш проблемамен қайтадан бетпе-бет келеміз. Сондықтан білім беруді то­лықтай онлайн немесе гибридтік, яғни аралас жүйеге көшіру – заманауи тренд емес, алғышарт. Сол арқылы инфра­құ­рылым тапшылығын шешуге мүмкіндік туады», – деді министр. 

«Coursera қазақ тілінде» жобасы ая­сында әлемнің ең үздік профессорларының курстары қазақ тіліне аударылып жатыр. Бұл жұмыс Coursera-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырылуда. Қазір 50 курс қазақ және орыс тілдеріне толықтай аударылып, платформаға жүктелген және келесі 50 курстың аудармасы аяқталып, плат­формаға жүктеліп жатыр. Аударма жұмысы жалғасады. 

«Бүгінгідей жаһандану мен цифр­ландыру жағдайында халықаралық еңбек нарығындағы бәсекенің артуы ұлттық білім беру жүйесінің ашық әрі бәсекеге қабілетті, үздіксіз оқу мен кәсіби дағды­ларды дамытуға жол ашатын икемді үлгісіне қажеттілік тудырды. «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында әлемнің ең үздік профессорларының курстарын қазақ тіліне аударуды бастадық. Бұл – еліміздің болашағы, тіліміздің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан өте маңызды бастама», – деп толықтырды Саясат Нұрбек. 

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Ғылым және жоғары білім министр­лігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында қазақ тіліне 654 курс аударылып, елі­міздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 студентке осы курстардан өту мүм­кіндігі беріледі. Қазір бұл универ­ситет­терде жалпы саны 155 мың студент білім алады.

«Бұл жоба қазақстандық студенттерге заманауи білім алып, жаңа трендтерді меңгеруге жол ашады, еңбек нарығында жоғары білікті және сұранысқа ие маман атануына, сондай-ақ қазақ тілінің өзек­тілігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Биыл түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде ҰБТ тапсырды және бұл әлемдік үздік курстардың мазмұнын қазақ тіліне аудару сұранысқа ие екенін көрсетеді. Әрі бұл көрсеткіш жыл санап арта түседі», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.

Қазір аймақтық 25 оқу орнының студенттері жалпы 26 мыңнан аса курсты аяқтады. Соның ішінде курстарды 

11 358-і – қазақ тілінде, 8 653-і ағылшын, 6 096-ы орыс тілінде өткен. Қазақстандық студенттер арасында «Кәсіпкерлік: кәсіптің негізін қалау», «Командаларға жетекшілік ету: көшбасшы ретінде даму», «ХХІ ғасыр жұмыс орнындағы қарым-қатынас», «Кәсіби және жеке өнімділікке арналған уақытты басқару», «Ин­женер­лерге арналған дифференциалдық тең­деулер», «Проблеманы тиімді шешу және шешім қабылдау» деп аталатын курстар жоғары сұранысқа ие болды.

Шәкәрім атындағы Семей мемле­кеттік университетінде «Есептеу техни­касы және бағдарламалық қамсыздан­дыру» мамандығын оқып жатқан студент  Сағыныш Мұратбекқызы Coursera плат­формасында курстар жаңа әрі заманауи дағдыларға үйрететінін айтады.

 «Бұл білім алаңының берері көп. Онда әртүрлі сала бойынша түрлі-түрлі тақырыпта курстар бар. Әрі білім алып қана қоймай, шетелдегі белгілі де беделді жоғары оқу орындарының  сертификатына ие боласың,  бұл үлкен мотивация береді. Курстардың мазмұны жинақы, пайдалы, көп үйренген сайын қызығушылығым артып жатыр. Бұл платформада контентті тез қабылдауды үйрендім. Алдағы уақытта да бірқатар курс оқитын ойым бар. Бола­шақтағы мамандығымды толықтыратын курстар көп білім мен тәжірибе сый­лай­тынына сенемін», – дейді студент. 

Coursera 200-ден аса мемлекетте жо­ғары халықаралық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді. Платформада бар­лық сала мен бағытты қамтитын жал­пы саны 10 мыңнан аса курс бар. Coursera-ның Қазақстандағы жергілікті ресми серіктесі – BMG Upskill компаниясы. Бұл ұжым COURSERA-QAZAQSTAN плат­формасын дайындап, өңірлердегі универ­ситеттерде Сoursera бөлімдерін құрды. 

Кездесу барысында «Coursera курс­тарын оқу процесінде қолданатын үздік халықаралық университеттердің тә­жірибесі» тақырыбындағы уоркшоп өтті. Жиын Courserа платформасындағы курс­тан сәтті өткен студенттерді марапат­таумен аяқталды.

Айдана НҰРМҰХАН