Сөз басында Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы аталған мәселені жан-жақты талқылап, ашық әңгіме құру, тығырықтан шығатын жол табу қоғамның басты талабы екенін айтты.
Нартай Аралбайұлы: «Балаларды толғандырған мәселеге атүсті қарауға болмайды»
803
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық жастарды қолдау кеңесінің ІІ отырысы өтті. Жиында жасөспірімдер мен жастар арасындағы буллингтің таралуы және жастардың психикалық денсаулығы мен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сөз басында Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы аталған мәселені жан-жақты талқылап, ашық әңгіме құру, тығырықтан шығатын жол табу қоғамның басты талабы екенін айтты.

«Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу жөніндегі мемлекеттік бақылауды күшейту қажет екенін айтқан еді. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, еліміздегі балалардың 66%-ы мектепте зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке тап болады. Тиісінше, мамандардың айтуынша, қорлау мен бопсалау элементтері балалардың бойында суицидтік мінез-құлық қалыптастырады. Өкінішке қарай, ДДСҰ-ның дерегіне сәйкес, еліміз жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша әлемде 10-орында тұр», – деді кеңес төрағасы.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова та буллинг – жасөспірімдер арасындағы өте өткір мәселе екенін атап өтті. Оған жол бермеу мақсатында ведомство биыл наурызда мектепішілік есепке алу тәртібін реттеуді көздейтін әдістемелік ұсынымды бекітті.

«Бұл ұсынымдар ерекше назар аударуды және уақытылы әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуді қажет ететін оқушыларды ерте анықтауды көздейді. Балалар арасындағы әлімжеттіктің алдын алу және ондай оқиғаларды дер кезінде анықтап отыру мақсатында жыл сайын 11 мыңнан астам педагог оқытылады. Сондай-ақ министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, өз-өзіне қол жұмсаудан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға ұсынды», – деді комитет төрағасы.

Ал ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник болса былтыр елімізде 1 456 денсаулық сақтау маманы суицидтің алдын алу бойынша оқудан өткенін айтты.

«Қазақстанда психиатр тапшылығы 40%-дан 15%-ға дейін төмендеді. 2022 жылы еліміздегі білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының психологтері 411 жасөспірімге қол ұшын созды. Жалпы, ел аумағында тұрғындарға 20 психикалық денсаулық орталығында, қалалық емханалар деңгейінде 76 бастапқы психикалық денсаулық орталығында, ауылдық деңгейде 203 психикалық денсаулық кабинеттерінде мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі», – деді вице-министр.

ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет балалар арасындағы суицидті тергеу жұмысы күшейтілгенін және прокурорлар 2 жылда уәкілетті, жергілікті атқарушы органдарға 163 қадағалау актісін енгізгенін, нәтижесінде 508 лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өтті.

«Былтыр балалар арасындағы суицид біршама төмендегенімен, өкінішке қарай, биыл 5 айда бұл жағымсыз үрдіс 33,3%-ға, яғни 54-тен 72-ге дейін артып отыр. Талдау нәтижесі 13-17 жас аралығындағы балалар өз-өзіне қол жұмсауға мейлінше бейім екенін көрсетті. Балалар өз-өзіне көбіне-көп үйде қол жұмсайды», – деді ол.

Сөз соңында кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы елімізде жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің, суицидтің алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанымен, отандастарымыз оң нәтижені сезінбей отырғанын жеткізді.

«Жасөспірімдер мен жастар арасында өктемдік, әлімжеттік бар екенін білсек те, нақты қанша бала оның құрбаны болып жатқанынан бейхабармыз. Мәлімет жоқ болған соң, құзырлы органдардың жұмысын да тиісті деңгейде бағалай алмай отырмыз. Бала – әрқайсымыздың, тіпті тұтас мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан оларды толғандырған мәселеге атүсті қарауға болмайды. Бүгін осы олқылықтың орнын толтыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныс айтылды. Оның барлығы тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданады. Тіпті, қажет болған жағдайда заңға өзгерістер енгізуге атсалысамыз», – деді кеңес төрағасы.

Айта кетейік, аталған басқосу әлеуметтік желі қолданушыларына тікелей эфирде ұсынылды.