Осы күні Орталық Азия саяси партияларының өкілдері Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, ҚКП ОК насихат бөлімінің меңгерушісі Ли Шулэймен кездесті.
«AMANAT» партиясының делегациясы саяси партиялардың «Қытай – Орталық Азия» диалогіне қатысты
1,171
оқылды

12 маусымда Бейжіңде саяси партиялардың «Қытай – Орталық Азия» диалогінің «Қытай мен Орталық Азия арасында неғұрлым тығыз қауымдастық құруға ықпал ету: саяси партиялардың жауапкершілігі» тақырыбындағы алғашқы отырысы өтті. Кездесуге Орталық Азиядағы бес мемлекеттен 26 саяси партияның көшбасшылары қатысты.

Мәжіліс Төрағасының  орынбасары, «AMANAT» фракциясының мүшесі Альберт Рау бастаған отандық делегация құрамында «AMANAT» партиясының хатшысы Руслан Әлішев және Парламент Мәжілісіндегі Қазақстанның өзге де саяси партияларының өкілдері болды.

Альберт Рау бұл кездесу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары және Сианда өткен «Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммиті аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың жалғасы саналатынын атап өтті.

«Қауіпсіздік пен даму – ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде бір-бірімен тығыз байланысты екеніне толық сенімдіміз. Бірде-бір мемлекет жаһандық сын-қатерді жеке-дара еңсере алмайды. Сондықтан саяси партияларға ішкі саясатты жүргізумен қоса, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты орнату міндеті жүктеліп отыр. Партияаралық байланыстар мемлекеттер арасындағы саяси сенім мен диалогті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттерімізді дамытуға бағытталған барлық жасампаз жоспарымыз бейбітшілік пен тұрақтылық жағдайында ғана мүмкін болмақ. Өкінішке қарай, 1991 жылдан кейін қалыптасқан бірполярлы әлем бұған кепілдік бермеді. Бұған қоса, қақтығыстар саны да артып барады. Осыған байланысты, Қазақстан экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге және жалпыға ортақ қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған Қытай бастамаларын одан әрі ілгерілетуге дайын», – деді ол.

Сонымен қатар Альберт Рау қытайлық әріптестерін Қазақстанның қазіргі партиялық-саяси күн тәртібі және елдегі ауқымды саяси өзгерістер туралы хабардар етті. Ол «AMANAT» – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық тірегі екенін атап өтіп, партиялардың экономика саласындағы өзара ынтымақтастығының негізгі бағыттарын атап өтті.

«AMANAT» партиясының басым бағыты – минералдық шикізатты терең өңдеуге бағдарлана отырып, тың технологияны пайдалану арқылы экономиканы әртараптандыру. Мәселен, Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Алайда бізде оны өндіру мен жартылай фабрикаттар өндірісі ғана жолға қойылды. Бүгінде қытайлық компаниямен бірлесе отырып, Шығыс Қазақстанда ҚХР-дың атом электр стансасына жеткізілетін отын әзірлеу өндірісі қолға алына бастады», – деді ол.

Өз кезегінде, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетіндегі халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Лю Цзяньчао ҚКП Орталық Азия елдеріне саяси сенімді тереңдету, стратегиялық байланысты нығайту және дамуды жандандыру үшін маңызды платформа ұсынатынын атап өтті.

«Біз Орталық Азия елдерінің саяси партияларымен өзара қолдау көрсетуге, бірлескен дамуға, бейбітшілік пен келісімді, барлық деңгейдегі байланыстарды нығайтуға, бір-біріміздің негізгі мүдделерімізді берік қолдауға және даму жолына қатысты тәуелсіз таңдау жасауға, экономика және сауда,  энергетика, инновация және гуманитарлық ғылымдар сияқты түрлі саладағы ынтымақтастықты ілгерілетуге, ынтымақтастығымызды күшейтуге және «Бір белдеу, бір жолдың» бірлескен құрылысында жетекші рөл атқаруды жалғастыруға дайынбыз», – деді ол.

Осы күні Орталық Азия саяси партияларының өкілдері Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, ҚКП ОК насихат бөлімінің меңгерушісі Ли Шулэймен кездесті.

Оның айтуынша, ҚКП ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен өзге де көшбасшылар қол жеткізген маңызды консенсусты жүзеге асыру үшін Орталық Азия елдерінің партияларымен жұмыс істеуге, Қытай мен Орталық Азия арасында барынша тығыз қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ Қытай – Орталық Азия біртұтас қауымдастығын құруға ықпал етуге дайын.

Сонымен қатар тараптар мемлекеттік басқару, партиялық оқытуды дамыту және партия кадрларын даярлау саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.