Бүгінде партияның Семей қаласындағы өңірлік филиалы жанындағы гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне жалпы сомасы 72 млн теңгеден асатын 85,5 тонна бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік жеткізілді.
«AMANAT» партиясы өрттен зардап шеккен Абай облысының тұрғындарына көмек көрсетуді жалғастыруда
795
оқылды

Ел аумағында Абай облысының өрттен зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде партияның Семей қаласындағы өңірлік филиалы жанындағы гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне жалпы сомасы 72 млн теңгеден асатын 85,5 тонна бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік жеткізілді.

Оқиға орнында Астана қаласынан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарынан келген «Жастар рухы» Жастар қанатының 500-ден астам волонтері жұмыс істеуде.

Мәселен, бүгін «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы 15 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттарды жинады.

«Абай облысындағы апат – бәріміз үшін аса қайғылы жағдай. Аманаттықтар Арыс, Мақтаарал және Әулиекөлдегі оқиғалар кезінде зардап шеккен отандастарымызға да көмектескен еді. Бұл жолы да шет қала алмаймыз. Партияластарымыз, өнеркәсіптік кәсіпорындар, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдары үлкен үлес қосты. Жүк бүгін жеткізіледі», – деді партияның қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сақтаған Сәдуақасов.

Өз кезегінде, Павлодар облысындағы партиялықтар 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті.

«Сын сағатта әрбір жерлесіміз үйіне аман-есен оралса екен деп тілеймін. Құтқарушылар өрт сөндіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұл – нағыз ерлік, шынайы патриотизм. Олар өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жақындарына көмек көрсетіп жүр. Гуманитарлық көмек жинай отырып, Абай облысының тұрғындарына өз қолдауымызды көрсетіп жатырмыз», – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова.

 «Жастар рухы» Жастар  қанатының Павлодар өңіріндегі волонтерлері зардап шеккендерге көмек көрсету және қалпына келтіру жұмысына атсалысу үшін Абай облысына келіп үлгерді.

«Жастар рухының» белсенділері Абай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін волонтерлер тобын құрды. Жағдай тұрақтанғанға дейін халықты эвакуациялау, елді мекендерге гуманитарлық көмек жеткізу ісіне атсалысуға дайынбыз. Өзгенің қайғысы, бөтеннің қасіреті деген ұғым жоқ. Мұндай жағдайда ешкім сырттай бақылап отыра алмайды. Осындай сәтте бірлік пен ынтымақ таныту қажет», – деді Павлодар облысының «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Еламан Асылбеков.

Өз кезегінде, Қостанай облысындағы аманаттықтар 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл – жеке бас гигиена заттары, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, азық-түлік пен дәрі-дәрмектер.

«Қайғылы оқиғаның қаншалықты күрделі екенін өте жақсы түсінеміз. Апаттың алғашқы минуттарынан-ақ «AMANAT» партиясының мүшелері, біздің ірі кәсіпорындарымыздың басшылары, қалаларымыз бен аудандарымыздың тұрғындары абайлықтардың ауыр жағдайына бей-жай қарай алмай, көмек қолын созуға ниет білдірді», – деді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Бибігүл Аққожина.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы партиялықтар да шет қалмай, екі күн ішінде 15 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Белсенділер мен партия мүшелері респираторлар мен қорғаныс құралдарын, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, су, күйікке қарсы майлар, бинт және т.б. заттарды жеткізуде. Заттардың басым көпшілігі облыстағы кәсіпорындар қызметкерлерінің бір күндік жалақысынан жиналған қаражатқа сатып алынды.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фракциясының жетекшісі Тұрарбек Әзекеновтің бастамасымен «Семей орманы» орман шаруашылығының қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмек ретінде «Қазмырыш» АҚ 1 млн теңгеден бөледі.