Ақтөбеде 19 жастағы қыз 7-қабаттан құлап қаза тапты.
«Үстінде футболка ғана болды» – Ақтөбеде көз жұмған 19 жастағы қыздың туыстары араша сұрайды
1,533
оқылды

Бұл оқиғаға қатысты полиция өзін-өзі өлтіру бабымен іс қозғаған. Бұл туралы Aikyn.kz AstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Бірақ бойжеткеннің жақындары оған сенбейді. Бұл қылмыстық іске күмәнмен қарайды. Әділ тергеу жүрсін деп талап етіп отыр.

Бұл оқиға Ақтөбені дүр сілкіндірді. 8 маусым күні түнгі он екі жарымда көпқабатты үйдің жетінші қабатынан бойжеткен жерге құлап түскен. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Бірнеше сараптама тағайындалды.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов: «Ақтөбе қаласы ПБ 1 қалалық полиция бөлімімен Қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни яғни өзін-өзі өлтіруге жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр», – дейді.

19 жастағы Әйгерім Орынбасарова Қ.Жұбанов университетінің денешынықтыру факультетінде екінші курс студенті болған. Ата-анасы ол кішкентай кезінде ажырасып кеткен. Сондықтан қыз тек анасымен тұрыпты. Сол күні Әйгерім таңертең шаруаларымен үйден шығып кеткеннен оралмаған.

Марқұмның ағасы Аслан Елшібаев: «Оның үстінде тек бір футболка мен шұлығы ғана болған. Пәтер іші қан болған екен. Пәтерде сол күні шу болған, біз барлығын кейін білдік. Тергеу тобына айтарым, біз 105-бап, суицид дегенмен келіспейміз. Істі соңына дейін тексеріңіздер. Бұл жерде кісі өлтіру, зорлау және қарақшылық пен ұрлық болуы мүмкін», – дейді.

Әйгерімнің жақындары сол күні не болғанынан хабарсыз. Қыздың ол пәтерге неге барғаны және өлімге не себеп болғаны әзірге белгісіз.