«AMANAT» партиясы елордадағы «Балаларды оңалту ұлттық орталығының» жеті қызметкеріне мемлекет берген баспанасын сақтап қалуға көмектесті.
«AMANAT» 7 дәрігерге мемлекет берген баспананы сақтап қалуға көмектесті
1,279
оқылды

 Мамандар мұның Медицина күні қарсаңында жасалған ерекше сый екенін айтып отыр.

2016 жылы бір топ дәрігер қаладағы тұрғын үйлердің бірінен пәтер алған. Бірі бір бөлме, енді бірі үш бөлмеге дейін баспаналы болған. Онда да тегін үй емес, ай сайынғы төлемі бар. Нақтырақ айтсақ, Astana Business Campus компаниясы UMC корпоративтік қорының құрамында болған мекеме қызметкерлеріне бастапқы жарнасыз, 15 жылда төлеп, кейін сатып алу мүмкіндігімен пәтер ұсынған. Сөйтіп, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының 11 маманы баспаналы болған. Оның арасында көпбалалы, жалғызбасты, мүгедектігі бар балаларды өсіріп отырған отбасылар да бар.

«Біз бұл үйге 2016 жылдың қарашасында көшіп бардық. Ол кезде бір ғана талап – айлық төлемнің екі айын бірден депозит ретінде төлеу. Көпбалалы әке ретінде төрт бөлмелі пәтер алдым. Айлық төлемі 463 мың теңгеге шықты. Шынын айту керек, алғашқы жылдары қиналдық. Бір жалақымен төлеу мүмкін емес. Содан қосымша екі-үш жерде тағы жұмысқа орналастым. Келіншегім де жұмыс істейді. Оның жалақысымен өмір сүрсек, менікімен пәтерақыны төлеп отырдық», – деген дәрігер Ғалымжан Жылқыбаев биыл кенеттен ұялы телефонына хабарлама келгенін сөз етті.

Оның айтуынша, мекеме Денсаулық сақтау министрлігінің құрамына кіргендіктен, үйдің толық ақысын төлеуді не болмаса ипотека рәсімдеу немесе үйді босатуды сұраған.

«Онда да бұл хабарламаны ұялы телефонның WhatsApp мессенджеріне жіберген. Басқа ешқандай ресми хат та келмеді, таныстырылым да болмады. Осыны реттеу үшін бар-жоғы 10 күн берген. Компания басшылығына хабарласып, мәселенің егжей-тегжейлі қарауын сұрағанымызға қыңқ етпеді. Тек бір-біріне сілтеп, әбігерге салды. Ал бұл үйді меншігіме алу үшін 45 миллион теңге төлеуім керек. Шынын айтқанда, салп етіп бере салатын менде ондай қаржы жоқ», – деді №2 қадам бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Лекерұлы.

Осы салада жүрген дәрігерлердің еңбек өтілі 15 жылдан 39 жылға барады. Қай-қайсысының жұмыс тәжірибесі де, біліктілігі де, кәсібилігі де мол. Атап айтар болсақ, балалар неврологі Абдулла Құдайбергенов, логопед Алмаш Шалқарбаева, Фарида Каженова және тағы басқалары бар. Арасында төлемі аз қалған жандардың кейбірі пәтерді ипотекамен рәсімдеп алды.

«Баспаналы болдық деп қағанамыз қарық, сағанамыз сарық боп жүргенімізде мына бір жағдай төбемізден жай түскендей болды. Әр жерге хат жазып, он күннің ішінде сандаламыз деп күйзеліске түстік. Еңбек жолымды сонау 39 жыл бұрын Жетісу облысында учаскелік дәрігерден бастап, бөлім басшысы да, бас дәрігер де болдым. Зейнетке шыққан соң, жастарға жол беріп, қатардағы дәрігер болуды жөн көрдім» – деген дәрігер Алмагүл Саятова осы баспана мәселесімен біраз әбігерге түскенін жеткізді.

Ал көпбалалы ана Жадыра Жакежанованың айтуынша, жұмыс істейтін мекемесі Денсаулық сақтау министрлігіне өткенінде бұл үйдің мәселесі қозғалмаған. «Осы мәселені сұрағанымызда бәрі шешілген деген. Алты ай күттік, ешкім ештеңе демеді. Кенеттен мәселенің шешілмегенін білдік», – деді невропатолог дәрігер.

Сөйтіп, бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған дәрігерлер «AMANAT» партиясы Өркениет филиалының атқарушы хатшысы Мария Мұхтарқызынан көмек сұрайды.

«Мария Утебаева қазіргі таңда әлеуметтік проблемаларды көтеріп, дәрігерлердің көптеген мәселелерін шешіп жүрген белді азаматша. Атқарушы хатшының көмегімен дәрігерлер партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде, сол кездегі вице-премьер Алтай Көлгіновтің онлайн қабылдауына жазып, партияда аталмыш мәселенін оң шешімін табуына ықпал етті. Біз партияға жүгінгенімізге шынайы қуанып отырмыз. «AMANAT» партиясының өкілі Мария Өтебаева тұрғын үй комиссиясының құрамында болғандықтан, дәрігерлердің әртүрлі жағдайынан хабардар екенін естігеннен соң бірден жағдайымызды айттық. Міне, осыдан бастап сең қозғала бастады. UMC-дің юристері хабарласып, жағдайды оңтайлы шешілетінін жеткізді», – деді медбике Айсұлу Абдрахманова.

Осы мәселенің мән-жайын «AMANAT» партиясы Өркениет филиалының атқарушы хатшысы Мария Өтебаевадан сұрауды жөн көрдік. Оның айтуынша, кеше компанияда жиналыс өтіп, мәселенің оң шешілгенін жеткізген.

«Тек мақұлдауы қалды. Үй алған жеті адамның тағдыры оңынан шешілмек. Халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жүргендіктен, кез келген өтінішті тыс қалдырмаймыз. Әуелде бәріне жан-жақты хабарластым. Мәселенің оң шешімі табылмаған соң, осы дәрігердің бәрін жинап, партияның орталығына барып шағымдандық. Сөйтіп, Алтай Көлгіновке байланысқа шықтық, іс орнынан қозғалды. Алда келе жатқан медицина қызметкерлері күніне жақсы жаңалық болар.

Оның үстіне, мұндай жағдайлар әрқашан партияның бақылауында тұрады. Сонымен бірге партияның сайлауалды бағдарламасында да дәрігерлерге көп көңіл бөлінген. Сондықтан ақ халатты абзал жандарды әрқашан бағалап, жұмыстары елеулі болуы керек. Біз дәрігерлерді әрқашан да қолдаймыз», – дейді Мария Мұхтарқызы.

Тіпті, ұсыныс ретінде ол Денсаулық сақтау министрлігіне, Үкімет басшыларына дәрігерлерді қолдап, 4-7 пайыз арасында тұрғын үй бағдарламасын қарастыру керегін айтты.