Мәжілісте Ұлттық қордан балаларға берілетін төлемдер туралы заң жобасы талқыланды.
Ұлттық қордан балаларға берілетін соманы 18 жасқа дейін алу мүмкін бе?
1,899
оқылды

Бүгін Мәжілістің отырысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ балаларға Ұлттық қордан төленетін төлем мәселелері бойынша баяндама жасады. Осыдан кейін депутат Мұрат Ергешбаев әріптесінен кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қаражат алу мәселесі қалай шешілетінін сұрады.

    "Заң жобасына сәйкес, Қазақстан азаматтары кәмелетке толған кезде тұрмыс жағдайын жақсарту және білім алу үшін Ұлттық қордан қаражат ала алады. Алайда жобада кейбір мәселелер қарастырылмаған. Мәселен, 18 жасты күтпей, бала 16 жасында 9-сыныпты бітіріп колледжге түссе қаражат алу мәселесі қалай шешіледі?" - деп сұрады Мұрат Ергешбаев.

Үнзила Шапақ кейбір мәселелер әлі де талқыланып жатқанын айтты. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан қазір ондай қажеттілік жоқ деп жауап берді.

    "Бүгінде  9-сыныптан кейін балаларды колледждерге қабылдау үшін мемлекеттік гранттар бөлінеді, мемлекеттік жоспар бар, қазір бізде ешқандай қажеттілік жоқ. Осы заң жобасы аясында білім алу нормалары үшін біз талқылауға дайынбыз", - деп жауап берді Еділ Оспан.

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов: "Сіз 18 жасқа дейін қаражатты қолдануға болмайды деп айтқыңыз келеді ме?", - деп нақтылады.

Оқу-ағарту вице-министрі: "Иә, 18 жасқа дейін ақша қажет емес, олар тегін қамтамасыз етіледі", - деп жауап берді.

Осы ретте мәжілісмен Еркін Әбіл заң жобасында 1-2-топтағы мүгедек балалардың кәмелетке толғанын күтпей-ақ қажет болған жағдайда жинақ ақшасын пайдалану мүмкіндігі неге қарастырылмағанын сұрады.

"Біздің екі мақсатымыз бар: өмір сүру жағдайын жақсартуға және білім алуға мүмкіндік беру. Кейбір балаларда туғаннан дер кезінде араласуды және тиісінше ерте емделуді қажет ететін көптеген аурулар бар екенін атап айтқан жөн. Біз қажет болған жағдайда, жеке есепшоттарында жинақталған қаражат есебінен мұндай балалардың тез арада емделуіне неге мүмкіндік бере алмаймыз?" - деп сұрады Еркін Әбіл.

Үнзила Шапақтың айтуынша, бұл тәсілмен мәселелерді шешуде күмән бар.

    "Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бұл қаражат кез келген уақытта қажет. Дегенмен төлемдерді жіберген кезде мәселе толығымен шешілетініне күмәніміз бар. Мұндай балалар аз, бірақ қарсы тараптың құқықтарының ұстанымы әрқашан болуы керек. Ең үлкен қорқыныштың бірі Қазақстаннан шетелге емделуге жібереміз, сол уақытта ақша жетпей қалса, біздің қандай кепілдіктеріміз бар? Емдеу басталады, бірақ еш нәтиже әкелмейді. Бұл мәселені тағы талқылаймыз", - деп жауап берді Үнзила Шапақ.

Осыған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық қордан төленетін төлемдер көлемін арттыруға болатынын айтқан болатын.

сурет: inbusiness.kz