Түриядағы екінші күніміз. Кайсериде таңғы ас ішіп, Иозгат қаласына жолға шығумен басталды. Жолдағы 1,5 сағат уақыт та босқа өтпеді. Гидіміз Түркі халықтарының тарихынан сыр шертіп, өзіміз оқыған Қарлұқ, Қыпшақ қағанаты, Қарахан, Оғыз мемлекеті жөнінде тереңнен әңгіме қозғады.
Түркия туризмі жауһарларының бірі - Йозгат
515
оқылды

Иозгатқа жетісімен Б.з.д. 140-120 жылдарға жататын ескі моншаның орнына бардық. Онда көне дәуірдің қолтаңбалары: жыланның, бұқаның кескіні тасқа қашалып бейнеленгенін көрдік.

Ескі моншаның алдында үлкен бассейн бар екен. Оның суы емдік қасиетке ие дейді қазба жұмысын жүргізген археолог. Тіпті, бір заманда Рим императорының қызы ауыр дертке жалдығып, осы суға түскеннен кейін құлан таза айыққан дегенді айтып қалды қаланың мэрі.

Ол судың қайнар көзі — монша маңынан шығатын жерасты бұлағы. Тастарды асқан шеберлікпен қалап жасалған арнайы құбыр арқылы бассейнге су құйған. Оны да өз көзімізбен көрдік.

Археологиялық қазба жұмыстары 2010 жылы басталған. Қазір туристер келетін орынға айналдыру үшін жұмыстар жасалып жатыр.

Өзімізге қатты әсер тұсы — бізді көліктен түскеннен бастап Иозган қаласының мэрі Омер Очыкэлдің өзі күтіп алуы, тарихи орынды өзі аралап, таныстыруы. Мэрмін деп аспандамай, бізбен бірге шай ішіп, көрген-білгенін әңгімеледі. Тіпті, әрқайсымыздың қолымызға сусабын салынған пакетін ұстатып, сый-құрмет көрсетті. Осындай үлгі аларлық істі көрген біз де риза болып танымдық саяхатымыздың келесі нүктесіне аттандық.

 

Нұрболат Жаңаберген

Айбын Құсанбек