Парламент Мәжілісінің кешегі өткен жалпы отырысында Палата бюросы ұсынған мәселелер де, депутаттық сауалдар да әдеттегідей өзектілігімен ерекшеленді.
Ұлттық қордан балаларға төлем қалай жасалады?
849
оқылды

Олар – орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселесі, Ұлттық қордан балаларға төлем жасау жайы, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару және тағы да басқа заң жобалары. Депутаттық сауалдардың арқалаған жүгі де одан ауыр болмаса, жеңіл емес.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төраға­лығымен өткен жиынның күн тәртібіндегі 12 мә­се­ленің ішінен депутаттардың ең көп шүйліккен заң жобасы – Ұлттық қордан балаларға төлем жа­сау жөнінде болды. Бірінші оқылымда талқы­ланып жатқандықтан болар, құжатты таныстырған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапаққа сұрақ қойғандардың қатары көп болды. Сонымен, Мемлекет басшы­сының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленген екен. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысы­ның жартысын жыл сайын екі мақсатта, яки тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану үшін кәме­лет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады. Тұрғын үйге жұмсалатын қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Ал білім алуда депутаттар баланың ел ішін­дегі оқу орындарымен қатар шетелде оқу ақысын төлеуді шектемеу қажет деп пайымдайды. Сон­дай-ақ Қазақстан азаматтығынан айырылған, жо­ғалт­қан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады.

«Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар ара­сында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыс­тың жекелеген уақыт аралығындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде, яки 2,6% мөлшерінде айқындау жоспарлануда. Осы заң жобасы шеңберінде Парламент Мәжілісі депутат­тарының бастамашыл тобы мемлекеттік орган­дармен бірлесіп, 6 кодекс пен 10 заңға толықтыру­лар мен өзгертулер әзірленді. 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсе­тіл­ген кезеңде азамат тарапынан талап етіл­меген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Жобаның негізгі тәсілдері «Балалардың құқықтары туралы» заң­да және Бюджет кодексінде айқындалған», – деді Үнзила Шапақ.

Одан өзге, осы күні мәжілісмендер орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ҰҚШҰ Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау, заң­сыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, Кәсіп­тік біліктілік, Онлайн платформалар және онлайн жарнама, Салық кодексі туралы сияқты заң жобаларын талқылады. Барлық заң жобасы да дауыс берулер қорытындысында одан әрі жұмысқа қабылданды.

Ал депутаттық сауалдар: отандық автокөлік тасымалдаушылар нарығын қорғау, ҚазҰАЗУ активтерін оқу орнына қайтару, Абай облысындағы орман өрті,  алғашқы медициналдық-санитарлық көмек мекемелерінің проблемасы, «Атырау–Астрахан», «Қалбатау–Майқапшағай» автотрас­салары, Павлодар облысы Ақсу қаласының жылу мәселелері, азаматтардың конституциялық құқын қорғаудағы Бас прокуратураның қарымы, кол­ледж­дердің білім сапасы, Ұлттық банктің жылдық пайыз мөлшерлемесі, ұялы байланыс нарығын демонополизациялау және сапасының нашар­лығы, су ресурстары, «орташа кіріс тұзағы», Қостанай мектеп кітапханашыларының ұжымдық үндеуі және тағы да басқа проблемаларға арналды. Сауалдардың көпшілігі Үкіметке, соның ішінде Премьер-Министрге, Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына, Энергетика министрлігіне, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және Бас прокурорға жолданды.

«2001-2022 жылдар аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1 000 төсек-орындық 3 жатақханасы, жалпы ауданы 18828,5 шаршы метр болатын 5 оқу-зертханалық корпусы, 700 шаршы метр көлемдегі әкімшілік-шаруашы­лық ғимараттары мен өзге де жылжымайтын мүлік объектілері, шамамен 5 гектар болатын универ­ситет ғимараттарына іргелес жер учаскелері, Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы 12 гектар жер учаскелері қолды болып кеткен. Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студент­тердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақ­хана­ларды қонақүй етіп қайта жабдықтаған, кара­оке,  басқа да ойын-сауық орындарын жасап, жын-ойнаққа айналдырған. Кейбір оқу корпус­тары бизнес орталықтарға айналған. Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы барлық шешім ректор Т.Есполовтың тұсында қабылданғанын жеткізіп отыр», – деді «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Ерлан Саиров. Депутат Бас прокуратурадан заңсыз қолды болған активтерді қайтару комис­сиясы  аясында аталған ғимараттардың мемлекет меншігіне қайтарылуын жедел қамтамасыз етуді, 2001-2022 жылдары осындай заңды белшесінен басып, барып тұрған бассыздыққа барған шенеуік­тердің заң алдында жауапкершілігін анықтауды, еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарының меншікті заңсыз беру мәселесіне аудит жүргізуді сұрап отыр.

Қара жамылған Семей жұртының қайғысын дер уақытында көтерген депутат, «AMANAT» партиясының белді мүшесі Нұртай Сабильянов болды.   

«Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев осы кезде Абай облысында халықтың ортасында болып, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті және оларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Бұл кез­десу­дің өте ауыр жағдайда өткенін барлығымыз көр­дік. Президент Үкімет, уәкілетті министрліктер мен өңір әкімдігінің алдына міндеттер қойды, тиісті шешімдерді қабылдап, жағдайды толық бақылауға алды. Бас прокуратура қозғаған қыл­мыс­тық іс аясында жауапты лауазымды тұлғалар­дың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлі­лер­дің барлығы заң бойынша жауапқа тарты­ла­тыны айтылды. Өз кезегінде Парламент Мәжілісі­нің депутаттары Абай облысына барып, өрт сөн­дірушілермен және тұрғындармен кездесті, ерік­ті­лердің жұмыстарын ұйымдастыруға атса­лысты.

Шынын айту керек, жергілікті жерде болған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиісті мемле­кеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмаға­нын тағы да көрсетті. Депутаттар Үкіметтің наза­рын орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметіндегі жүйелі проблемаларға ауда­рып, бірнеше депутаттық сауал жолдаған болатын. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген. Мұндай салғырттықтың орын толмас ауыр қай­ғыға алып келетінін өмір көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы  төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб­тың отырысында былтыр Қостанай облысын­да болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар сапасыз орындалғанын қатаң сынға алды», – деді аманаттық депутат.