«Отандастар қоры» ұйымының жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Қандастардың жайы сөз болды
1,124
оқылды

Басқосуды кеңестің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы жүргізді. Жиынға кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, көрнекті қоғам белсен­ділері, тиісті мемлекеттік органдар­дың өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. 

Отырыста «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы қордың былтыр атқарған жұмысы туралы есеп беріп, биылға арналған жоспарын та­ныстырды.   

«2018 жылдың аяғында толық құрылу үрдісін аяқтаған «Отандастар қоры» қоғамы осы уақыт аралығында шетелдегі қазақтардың ұлттық мәдени-гума­нитар­лық, рухани, тілдік қажеттіліктері үшін түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Әрине, пандемияға байланысты бірқатар жоба онлайн режимде жалғасты. Қордың тағы бір маңызды міндеті – елге көшіп келетін қандастарға ақпараттық-консуль­тация қызметін жүзеге асыру.  

Көші-қонды ұйымдастыру мәселесінде қордың қызметі қандастардың Қазақстан азаматтығын алғанға дейін оларға ақпа­раттық-консультациялық қолдау көрсету жұмыстары ретінде белгіленген. Біз бұл мін­детімізді елшіліктер және консул­дықтарымызбен «бір терезе» қағидатымен және елімізде мүдделі органдар және жер­гілікті атқарушы органдармен бірге жүзеге асырып келеміз», –  деп атап өтті Абзал Сапарбекұлы.

Қор президентінің айтуынша, 2022 жылы қоғамдық ұйымның ұйытқы болуы­мен әлемнің 40-қа жуық елінде қызмет етіп жүрген 100-ге жуық қазақ ұйымының басшыларымен және белсенділерімен 9 онлайн және 16 офлайн кездесу өткізіліпті. Сондай-ақ Еуропадағы қазақ құрылтайы, Өзбекстан мен Қырғызстандағы қазақ­тардың 30 жылдық мерейтойлық іс-шара­ларының басы-қасынан табылды. Соны­мен қатар Алтай қазақтарының Түркияға көшінің 70 жылдығына орай «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші бой көтерді. Түркияның Алания қаласында Abai Uii мәдени-іскерлік үйінің өкілдігі ашылды. 

«Қоғамның қазақ тілін үйрету бағы­тындағы ағартушылық жобалары жалға­сын тапты. 4 тілде жүргізілген «Онлайн қазақ тілі курсында» және әлемнің 8 еліндегі «Офлайн қазақ тілі курсында» 1000-нан астам қандас қазақ тілін тегін үйренді. Әлемнің 7 елінде қазақ тілінен дәріс оқитын 80-ге жуық оқытушы білік­тілікті арттыру курсынан өтті. Қазақ ті­лінде сөйлеуді жетілдіруге бағытталған «Достар алаңы», QAZAQSHA SPEAKING CLUB жобалары бастау алды», – деді Абзал Сапарбекұлы.

Мұнан бөлек, қандастарды ақпараттық қолдау орталығына және 14 өңірдегі фронт-кеңсеге қандастар мен шетелдегі этникалық қазақтардан барлығы 6318 өтініш түскен. Өтініштер бойынша ақпа­раттық-консультациялық қызмет көр­сетілген.

Қазақстан азаматтығын алудың жай-жапсарын түсіндіретін 11 бейнеролик түсірілген.

Қоныс аударуға басымдыққа ие 5 өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы және қолайлы елді мекендерді таңдауға мүмкіндік беретін еrulik.kz веб-платформасы одан ары жетілдірілген. Былтыр веб-платформаның қызметін 4 200-ден астам адам пайдаланған.

Қор жетекшісі одан ары биылғы жоспарына тоқталып өтті. Сонымен бірге шетелдегі және елге оралған қандастарға қатысты түйткілді мәселелерді де ортаға салды. Олардың қатарында шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда білім алуға тарту, Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтары үшін этни­калық қазақ екенін дәлелдеу, ше­телдегі қазақ мектептерінің жабдықталуы, шетелдердегі қазақ мәдениеті мен тари­хына қатысты тарихи және қасиетті орын­дарды анықтау, мемлекеттік қорғауға алу мәселелері бар. 

Қор президентінің айтуынша, мем­лекеттік квота негізінде қандастарға бөлінетін гранттар тиімді игерілмейді. Мысалы, былтыр 4 пайыздық мемлекеттік квота негізінде бөлінген гранттар саны 2 920 болғанымен, оның игерілу көрсет­кіші 25 пайызға да жетпеген. Себебі қан­дастарға Ұлттық бірыңғай тест тапсыруда қи­налады. 

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе бо­йынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы И.Ис­панов баяндама жасады. Ол баяндама­сында елімізге оралған қандастарды қо­ныс­тандыру жайына тоқталып, жинал­ғандарға жан-жақты мәлімет берді. 

«2000 жылдан бастап 642,4 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралды, оның ішінде Маңғыстау облысына келіп, қандас мәртебесін 95,3 мың этникалық қазақ алды, ал СҚО-ға небәрі 5,7 мың этникалық қазақ немесе елдің оңтүстік-батыс өңірінен 17 есе аз келді.

Негізінен, оңтүстік өңірлерде тұруды таңдау, анклавтардың пайда болуы және тұрудың оқшаулануы, әсіресе солтүстік өңірлерде әлеуметтік-мәдени айырма­шылықтар, тілдік кедергілер себебінен қазақстандық қоғамға интеграцияның төмендігі сияқты этникалық қазақтарды жайластыру жөніндегі проблемалардың өсуі мен тереңдеуін ескере отырып, Мем­лекет басшысы этникалық қазақтарды қабылдау тетігін қайта қарауды тапсырды», – деді И. Испанов.

Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушының айтуынша, енді келетін қандастарымызды төрт санатқа бөлу көзделген.

Бұдан кейін кеңес отырысы пікір алмасуға ұласты. Отырысқа қатысушылар өз ойлары мен ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Белгілі қоғам белсенділері Ауыт Мұқибек, Рақым Айыпұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз алып, виза, азаматтық алу, қандастарды қоныстандыру жобалары туралы мәселе­лерді тілге тиек етті.

Ш.АТЫХАН