Жетісу облысының құрылғанына жыл толды. Былтыр маусымда Алматы облы­сы екіге бөлініп, Талдықорған аймағында жаңа облыс өз алдына бөлек отау тіккенде, сәуегейлер бұрынғы ірі облыстың өнер­кәсібі өркендеген, ауыл шаруашылығы алға басқан, табысы тасқындаған аудан­да­рының барлығы дерлік Алматы облы­сының еншісінде қалғанын жабыла айтып, Жетісу облы­сының болашағына қатты кү­мәнданған еді.
Жерұйық өлкенің өркендеуге мүмкіндігі мол
1,014
оқылды

Бірақ былтырдың негізгі көрсеткіштері бойынша жаңа облыс жыл­ды алғашқы бестік қатарында қорытын­дылаған. Бұл жайында Текелі тауының қойнауындағы демалыс орнында өткен брифинг барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді. 

«Соңғы кезде әлеуметтік желіде сізді ұйқыдағы әкім деп қатты сынауда. Соған не айтар едіңіз?» деген сауалға жауап ретінде дәл осы уәжді көл­денең тартты. Өзінің күніне 4-5 сағат қана ұйықтайтынын, қалған уақытта өңірді өркендетуге күш салатынын, алғашқы құрылған кезде негізгі көрсеткіштер бойынша 19-орында тұрған облыстың жылды төртінші болып қорытындылауы соның нәтижесі екенін батыл түрде мәлімдеді. 

Әкімнің айтуынша, қазіргі кезде халқының саны 700 мың адамға жеткен, жер көлемі – 118 мың шаршы шақырым болатын облыстың дамуы ойдағыдай және алдағы кезде де солай жалғаса береді. Өйткені жерұйық мекеннің барлық бағыт бойынша өркендеуіне мүмкіндік бар. Тек тізгінді берік ұстап, ел үшін еңбек етуден ерінбейтін, мемлекет мүддесін, қоғам жағдайын бәрінен биік қоятын жандарды ортақ мақсат төңірегіне топтастыра білу керек. 

Облыста биылғы 5 айда даму қарқыны сақ­талып қалыпты. Сауда-саттық 1,8 есеге, респуб­ликалық бюджеттің түсімі 2,8 есеге, құрылыс 31,3 пайызға, өндіріс көлемі 14,1 пайызға өсіп, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3 пайызға жеткен екен. 

Мемлекет басшысының облысқа келген сапа­рында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілген аэроғарыштық түгендеу жұмыстары ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 млн 77 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқанын анықтады. Оның 857,2 мың гектары жайылым жерлер болып шыққан. Тиісті шаралардың нәтижесінде сол жайылым жерлердің 327 мың гектары айналымға енгізіліпті. Тағы 401,7 мың гектар жердің иелеріне заң бұзушылықтарды жоюға бір жыл мерзім берілсе, 128,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне алынған. Жыл соңына дейін 220 мың гектар қайтарылмақ. Қаңтар айынан бері 101,4 мың гектары кері алыныпты. 

Өңірде стратегиялық дақыл саналатын қант қызылшасының алқабын ұлғайтуға да баса назар аударылады. Облыс әкімі биыл қант өндірісін дамыту үшін қызылша алқабынының 2 есеге ұлғайғанын мәлімдеді. Жетісулық шаруалар 8 515 гектарға тәтті түбірді еккен екен. Күзде 47 мың тонна қант өндіру жоспарланыпты. Бұл өңірдің қантқа деген сұранысын толық жауып, өнімді еліміздің өзге өңірлеріне шығаруға мүмкіндік беретін көрінеді. Дегенмен бұған тоқмейілсуге болмайды. 

Жетісу облысында биыл төрт түліктің саны 3 миллионға жетті, соның ішінде ірі қара – 613,3 мың, қой-ешкі – 2 миллион 183 мың, жылқы – 201,4 мың, түйе – 2,1 мың. Осының арқасында ет өндірісі 28,6 мың тонна, сүт өндірісі 87,3 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда біршама артқан. Әкімнің сөзіне сүйенсек, жалпы жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,8 пайызға өсіп, 544 млрд теңгеге жетпек. 2027 жылға дейін құны 57,9 млрд теңге болатын 53 инвестициялық жоба іске асырылып, 1,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде «Ірі жобалар» пилоттық жобасы аясында 44,8 млрд теңгеге 18 жобаны жүзеге асыру көзделсе, биыл 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салына бастайды. Бұл нысан 2024 жылы іске қосылады. «Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде 3,2 млрд теңге бөлініп, 562 үміткерден құралатын пул қалыптастырылыпты. 

Биылдан бастап облысқа тікелей бағынатын «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы эконо­микалық аймағы өңір экономикасының дамуына тың серпін берері сөзсіз. Арнайы экономикалық аймақ аумағында 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 570 млрд теңгелік 30 жобаны іске асыру межеленген. ҚХР-мен бірлесіп, «Қа­зақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индус­триалды технопарк құрылысының жобасы қолға алынып жатыр. Аумағы 1000 гектар бо­латын жобаға 330 млрд теңге инвестиция тар­тылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Облыстың шығысындағы мемлекеттік шека­радағы «Достық» теміржол стансасының мүм­кіндігін толық пай­далану, дамытуға қатысты да жобалар жетерлік. 

Жалпы, облыста 2026 жылға дейінгі инвес­тициялық портфельге 146 жоба енгізілген. Бұл жобалардың құны 1,6 трлн теңгені құрайды. Оларды іске асыру нәтижесінде 7,1 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бір жыл ішінде 47 жоба іске асырылып, 1000 астам жұмыс орны құрылды. Қаңтар айынан бері 8 жоба іске қосылған екен. 

Он жылдам астам уақыттан бері тоқтап тұрған жоғары маркалы кремний өндіретін, қуаты 6 мың тонналық Kazsilicon зауыты қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Текелі қаласында темірді тікелей қалпына келтіретін, қуаты 20 мың тонналық «Электромарганец» зауыты жұмыс істей бастады. Жаңғыртудан өткізілген Ақсу қант зауыты осы жылдың тамыз айында жұмысқа кіріседі. Көксай кен орны мен тау кен байыту комбинаты құ­рылысының жобасын іске асыру қолға алынды. Комбинат 50 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы. Оған 976 млрд теңге инвестиция тартылып, 2300 жұмыс орны құрылды. Нысан 2026 жылы іске қосылады. 

Жетісу облысының әкімі журналистер алдында бұдан басқа да жетістіктерді жіпке тізіп, өңірдің өркендеу мүмкіндігінің мол екендігіне тоқталды. 

Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да тыңғылықты жауаптар қайтарылды. Облыс­тағы білім саласындағы былықтың егжей-тег­жейлі тергеліп, тексеріліп жатқанын айта келе, кінәлі­лердің барлығы жазалануын бақылауда ұс­тай­тынын білдірді. Жыл сайын жырға айна­латын жолдарға қатысты да айтылды. «Талды­қорған – Үшарал», «Үшарал – Достық» авто­трассасының құрылысы биыл толық аяқталса, жөндеуі жеті жылға созылған Балқаш көліне апаратын жол келер жылы бітеді. Жұртшылықты сансыратқан «Сарыөзек – Көктал» жолы да келесі жылы толық реттеледі. Облыста туристік мүмкіндікті барынша пайдалануға баса назар аударылады. Елді мекен­дерді газдандыру, таза ауызсумен қамтуға қатысты мәселелер де ке­зегімен шешілуде. Денсаулық сақтау және әлеу­меттік қорғау саласындағы сұ­рақтар да жауапсыз қалмады. Инклюзивті қоғам құрудағы қадамдар да сараланды. Мәдениет саласының маңызды тұстары түгенделді. Қалай болғанда да, былтыр алғаш құрылғанда, болашағы бұлыңғыр деп аталған Жетісу облысының бүгінгі жетістіктері көңіл тоғайтарлықтай. Ал болашақ дамуына мүмкіндігі мол. Тек сөз бен істің ара­сында ал­шақ­тық болмасын деп тілейік. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы