Бес күнде 126,5 тонна гуманитарлық көмек жиналды.
«AMANAT»: Абай облысында өрттен зардап шеккендерге 126,5 тонна гуманитарлық көмек жинады
836
оқылды

«AMANAT» партиясының мүшелері Абай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындарға, сондай-ақ апаттың алдын алып жатқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға жан-жақты көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

Бас-аяғы 5 күнде еліміздің бірқатар өңірінде 126,5 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Оның ішінде азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, жеке бас гигиена заттары, жанар-жағармай және т. б. қажетті заттар бар.

 

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген «Жастар рухы» Жастар қанатының 500-ден астам волонтері халықты эвакуациялау, зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу, құтқарушыларға ыстық тамақ, дәрі-дәрмек және киім-кешек жөнелту ісіне атсалысуда.

«Еріктілеріміз күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Көмек көрсетуге ынталы жастар бірнеше күн бойы ұйықтамай еңбек етуде. Қосып жатқан үлесіміз апаттың алдын алуға сеп болады деген сенімдемін. Тұрғындар өз үйіне, байырғы өміріне оралуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек», – деді «Жастар рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Күні кеше Жастар қанатының волонтерлері мен белсенділері Семей қаласындағы «Жоламан» сауда-логистикалық орталығында орналасқан қоймаға жеті жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті түсірді. Өңірлерден келіп жеткен көмек Озерск ауылдық округіне қарасты Бородулиха ауылында да сақталады.

 

«Облыс аумағындағы орман өртіне байланысты кешеден бері еліміздің барлық өңірінен гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Біз оның барлығын қоймаларға жеткізіп, жеке-жеке есептеп, волонтерлер арқылы өрт аумағындағы штабтарға жөнелтеміз», – деді «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Сүлейменов.

Айта кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалы жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылған еді. Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Нұртай Сабильянов, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай және Самат Нұртаза өрттен зардап шеккен тұрғындардың хал-жағдайын біліп, өрт сөндірушілермен кездесті.

 

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фракциясының жетекшісі Тұрарбек Әзекеновтің бастамасымен «Семей орманы» орман шаруашылығының қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмек ретінде «Қазмырыш» АҚ 1 млн теңгеден бөледі.