Облыс әкімі білім ордасы 8 маусымда мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты.
Алматы облысында 15 миллион  теңгеге сатылып кеткен мектеп мемлекетке қайтарылды
1,114
оқылды

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылындағы 15 млн теңге жекеменшікке сатылған мектеп мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты. Ақпаратты Halyq Uni тілшісі хабарлады.

   - Мектеп тапшылығы бар. Бізде үш ауысымды 51 мектеп бар. Нақты осы мектеп (сатылған – авт.) туралы айтсақ, біраз соттастық. 8 маусымда алған адам өз еркімен мектепті үкіметке қайтарып берді, - деді облыс басшысы ОКҚ-да өткен брифингте.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында толық күрделі жөндеуден өткен мектеп ғимараты 15 млн теңгеге сатылып кеткенін айтқан болатын. Депутат білім ордасын екі ай ішінде қайтаруды талап етті.

«Өткен аптада Алматы өңіріне барып келдім. Мектеп туралы айтып жатсыздар. Мен сіздерге бір сұмдықты айтайын. Біз бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 орынға арналған орта мектеп болған. Соңғы жылдары толық күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан спортзал салынып, нысан пайдалануға берілді.

Барлық ауыл баласы қуанып жүргенде, ауыл мектебін жекеге сатып жіберген. Оны әкімдіктен басқа кім сатады? Оны 15 млн теңгеге сатқан. Прокуратураға «Қайда қарап отырсыңдар?» деп айттық. Олар сот шағымын қабылдамайтынын, шамасы жетпейтінін айтып отыр», - деді депутат Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.

фото: yandex.kz