Былтырғы кезеңнің 12 қатысушысы мәслихат депутаты атанды.
Tomiris жобасы: 2023 жылға өтінімдерді қабылдау басталды
1,145
оқылды

«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен Tomiris  жобасының жаңа кезеңі басталатынын хабарлады.

Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей әйелдердің мемлекеттік басқаруға белсенді араласуын кеңейту қажет. Осы орайда «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Tomiris жобасының жаңа кезеңінің басталғанын хабарлайды. Ол Қазақстандағы әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуге бағытталған.

Былтыр қыркүйек айында өткен осы жобаның бірінші кезеңін іске асыру барысында 342 өтінімнің ішінен 30 әйелдің кандидатурасы іріктеліп алынды. Олар біріктірілген бағдарлама бойынша арнайы оқу бағдарламасынан өтті. Оның ішінде 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлауда депутаттыққа өз кандидатурасын 20 әйел ұсынды. Бұл – Tomiris қатысушыларының жалпы санының 66%-ын құрайды. Өкілді билік органдарына сайлау қорытындысы бойынша,  жобаға қатысушылардың 12-сі (60%) өтті.

«Партияның негізгі басымдықтарының бірі – әйелдер құқығын қолдау және гендерлік теңдікті қалыптастыру. Ал еңбекақы мен лауазым жынысына емес, қабілет-қарымына қарай берілуі керек. Биыл біз қарқынды оқу бағдарламасына қатысу үшін 30 әйелді іріктеп аламыз. Олар көшбасшылық, саясаттағы гендерлік мәселелер, эмоционалды интеллект, жобаларды басқару, келіссөздер, көпшілік алдында сөйлеу және басқа да тақырыптар бойынша курстардан өтеді. Бағдарламада Қазақстан мен Германияның саяси қайраткерлерімен кездесулер қарастырылған», - деді Академия директоры Данияр Мұқитанов.

Айта кету керек, Қазақстанда өткен жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,7%-ды құрайды (2019 жылы – 55,7%, 2020 жылы – 55,5%). Бұл ретте ҚР бойынша басшылық лауазымды иеленген әйелдердің үлесі 39%-ды құрады. Барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйел депутаттардың қатары – 30,6%.

Tomiris жобасына кемінде 2 жыл еңбек өтілі бар, іріктеуге өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін құжаттардың толық пакетін ұсынған әйелдер жіберіледі.

Жобаға қатысқысы келетіндер:

1. Төмендегі сілтеме бойынша онлайн форманы толтыруы қажет:

https://forms.gle/EfqrV1QtwcGTHyPQ9

2. info@apm.amanatpartiasy.kz электронды поштасына Tomiris деген белгімен мына құжаттар пакетін жіберуі керек:

a) Жеке бас куәлігінің көшірмесі;

b) Мотивациялық хат (500 сөзден көп емес);

c) Түйіндеме/CV;

d) Төмендегі тұлғалардың бірінің қолы қойылған еркін нысандағы ұсыным хат: партия Төрағасы / партияның Атқарушы хатшысы / партия Хатшысы / партияның Орталық аппаратының басшысы / партияның өңірлік / аумақтық филиалының Атқарушы хатшысы / бастауыш партия ұйымының төрағасы / «AMANAT» партиясынан кез келген деңгейдегі мәслихат депутатының / саяси мемлекеттік қызметші.

Құжаттарды тапсыру мерзімі: осы жылдың 15 маусымынан 15 шілдесіне дейін, Астана уақыты бойынша сағат  18.30.

Жобаға қатысу шарттарымен Саяси менеджмент академиясының әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан толығырақ танысуға болады:

https://www.facebook.com/apm.amanat 

https://www.instagram.com/apm_amanat 

Анықтама үшін байланыс телефоны: 

+7 7172 707 621