Көкшетау қаласында жамбы ату мен теңге ілуден жасөспірімдер, жастар, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.
Көкшетауда жамбы ату мен теңге ілуден ел чемпионаты басталды
972
оқылды

Ат үстіндегі мергендердің біріншілігіне еліміздің 15 өңірінен 100-ге жуық жамбышы, 65 теңге ілуші келді.

Оның ішінде, жамбы атудан әлем чемпионы Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Абзал Тұлыбековтер де бар. Жамбышылар «қазақ», «түрік», «корей» стильдері бойынша мергендіктерін сынайтын болады. Теңге ілудің халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалымжан Ізжанов та осы жарыста бағын сынайтын болады.

Жарыстың салтанатты ашылуына ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев, республикалық «Теңге ілу» федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов арнайы келіп қатысты.

«Табиғаты бүкіл әлемге әйгілі Көкшетау жерінде өтіп жатқан жамбы ату мен теңге ілуден ел чемпионатының басталуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Білікті де білімді бабаларымыздан мирас болып қалған жамбы ату мен теңге ілу бүгінде бұқаралық сипатқа ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық спорт мәртебесін көтеру және оны Олимпиадалық спорт түрлерінің деңгейіне көтеру, сондай-ақ ұлттық спортты дамыту тұжырымдамасын әзірлеу  бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Біз бұл бойынша жұмыстарды бастап кеттік.

Ұшқыр ойлы, ыстық жүректі, мықты рухты жастарды тәрбиелеуде ұлттық спортымыздың алар орны ерекше. Келер жылы елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оның жоғары деңгейде өтуіне баршамыз атсалысуымыз керек. Себебі, еліміздің атын бүкіл әлемге паш ететін бұл таптырмас мүмкіндік», – деді жарыстың ашылуында сөз сөйлеген Тастанбек Құтжанұлы.

Чемпионатты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, республикалық «Жамбы ату» және «Теңге ілу» федерациялары мен Ақмола облысының әкімдігі ұйымдастыруда.

Жарыстың бас демеушілері – Alageum Electric және  AlemAgro Holding компаниялары екі спорт түрі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 7 000 000 теңге көлемінде жүлде қарастырған.

Ал турнирдің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» АҚ, ал, серіктесі Sportqory спортты қолдау қоры.

Айта кетейік, сайыстың финалдық ойындары 22 маусым күні өтетін болады.