Головкин барлық чемпиондық титулынан айырылды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) орта салмақтағы IBO чемпионы атағынан ресми түрде бас тартты. Халықаралық бокс ұйымының (IBO) президенті Эд Левин орта салмақтағы чемпиондық атақ өз иесін күтетінін мәлімдеді, деп хабарлады vesti.kz сайты.

«Геннадий мен IBO арасындағы байланыс 12 жылға жалғасты. 22 жекпе-жек болды. Біздің белбеумен оның орта салмақтағы чемпиондық жолы басталды. Басты қарсыластары қаншама жыл жұдырықтасудан сескеніп-ақ жүрді. Себебі ол бірде-бір рет нокдаунға түспеген мықты боксшы болды. Оның чемпиондық атақтан бас тартқан шешіміне құрметпен қараймыз. Әрине, өкінішті. Бұл атақ осы салмақтағы өз иесін күтеді», – деді Эд Левин.