Жобаның жалпы құны – 770 миллион доллар.
Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілді
1,982
оқылды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үлкен Алматы айналма жолында (ҮААЖ )  көлік қозғалысының бүгіннен бастап ресми ашылғанын хабарлады.

 

Аталған жобаны әзірлеу 2000 жылдардың басында басталған болатын.  Құрылыс 2008 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған, бірақ сол кездегі  әлемдік дағдарысқа байланысты жоба белгісіз уақытқа кейінге шегерілді. Жұмыстың қайта жандануы 2012-2014 жылдары деп  жоспарланды. Бірақ белсенді құрылыс тек 2019 жылы басталды.

Жоба концессиялық механизм бойынша жүзеге асырылды. Концессионер   BAKAD Investments and Operations  ЖШС, ал құрылтайшысы  Alsim Alarko – Makyol – SK Ecoplant – Korea Expressway түрік-корей консорциумы. Концессионердің қызмет ету мерзімі – 15 жыл.

Жобаның құны 770 миллион долларға бағаланады: 185 миллион долларды BAKAD Investments and Operations компаниясы бөлді, қалған 585 миллион доллар үш қаржы институтынан: Еуропалық қайта құру және даму банкінен, Ислам даму банкінен және Еуразиялық даму банкінен қарызға алынды.

Аталған айналма жол –  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі.   

ҮАААЖ жобасы Қаскелең іргесіндегі Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар маңындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. 

Ашылу рәсіміне қатысқан Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің дерегінше, ол Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Құрылыс жұмыстары инвестордың жеке қаражаты есебінен жүргізілген. Енді таяу 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады.  

Айналма жолдың ұзындығы 66 шақырымды құрайды, ол 4 жолақты (ұзындығы 9 шақырым) және 6 жолақты (57 шақырым) көлік қозғалысын, көпірлер мен жолайрықтарын, төлем пункттерін және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Магистральдағы болжамды жылдамдық – 120 км/сағ.

Жолды пайдалану ақылы болмақ.  ИИДМ-нің  мәліметінше, ҮАААЖ бойымен бір сағат жүру құны жүргізушілер үшін 242 теңгеден 2 484 теңгеге дейін тұрады. Алыдын ала абонементтік жазылу да қарастырылған:

Мәселен, жеңіл автомобильдер сағатына 0,07 АЕК – 241,5 теңге төлейді (ай сайынғы абоненттік төлем – 0,5 АЕК немесе 1 725 теңге, ал жылдық – 6 АЕК немесе 20 700 теңге);

16 орындық   жолаушы  автобустары және жүк көтерімділігі 2,5 тоннаға дейінгі көліктер – 0,12 АЕК немесе 414 теңге (айлық абоненттік төлем – 2,5 АЕК немесе 8625 теңге, ал жылдық – 30 АЕК немесе 103 500 теңге);

32 жолаушы орындық автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі көліктер – 0,22 АЕК немесе 759 теңге (айлық абоненттік төлем 4 АЕК немесе 13 800 теңге, ал жылдық – 48 АЕК немесе 165 600 теңге);

32 жолаушы орындық автобустар және жүк көтерімділігі 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,36 АЕК немесе 1242 теңге (айлық абоненттік төлем – 5 АЕК немесе 17250 теңге, ал жылдық – 60 АЕК немесе 207 000 теңге);

жүк көтергіштігі 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,43 АЕК немесе 1 483 теңге (айлық абоненттік төлем – 6,5 АЕК немесе 22 425 теңге, ал жылдық – 78 АЕК немесе 269 100 теңге);

жүк көтерiмдiлiгi 15 тонна және одан да көп жүк автомобильдерi, оның iшiнде тiркемелiлер, жүк тракторлары – 0,72 АЕК немесе 2 484 теңге (айлық абоненттiк төлем – 8,5 АЕК немесе 29 325 теңге, ал жылдық – 102 АЕК немесе 351 900 теңге).

Жалпы, ҮАААЖ  арқылы тәулігіне 40 мыңға жуық жеңіл көлік өтеді деп күтілуде. Оның 80 пайызы жеңіл, 20 пайызы жүк көліктері. Мамандар жобадан бюджетке түсетін жылдық кіріс шамамен 5 миллиард теңгені құрайды деп болжап отыр.

«Жаңа нысан «Шығыс-Батыс» бағытындағы халықаралық автокөлік маршруттарын байланыстырып, көлік қатынасын жақсартуға, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етеді. Осы жол арқылы тасымалданатын жүктің болжамды көлемі таяу 10-15 жылда 87%-ға ұлғайып, 35,9 млн тоннаға жетуге тиіс», – деді Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов. 

                                                                               Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы