Үкім заңды күшіне енді.
Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі өзгерді
18,853
оқылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің жазасын өтеу мекемесі жоғары қауіптіліктен орташаға ауыстырылды.

2023 жылғы 16 маусымда Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сатысы К.Мәсімов, А.Садықұлов, Д.Ерғожин, М.Осипов және олардың қорғаушыларының шағымдары бойынша «өте құпия» деген белгімен қылмыстық істі қайта қарады.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі үкімімен К.Мәсімов пен А.Садықұлов Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі, 179-бабы  3-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 және 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Д.Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабы  3-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

М.Осипов Қылмыстық кодекстің 362-бабы 3-бөлігі бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Апелляциялық саты К.Мәсімовке, А.Садықұловқа және Д.Ерғожинге қатысты соттың бірінші сатыдағы «жазасын қауіпсіздігі ең жоғары мекемеде өтеу» үкімін «орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жазасын өтеу» үкіміне өзгертті.

Қылмыстық кодекстің 6-бабына сәйкес, сотталғандардың жағдайын жақсартатын заң кері күшке ие және соттардың қолдануы үшін міндетті.

2023 жылғы 21 мамырда күшіне енген Қылмыстық кодекстің 46-бабына заң шығарушы енгізген өзгерістерге сәйкес, бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген, қасақана қылмыс жасағаны үшін 2 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылған адамдарға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде тағайындалады (бас бостандығынан айыруға қарамастан).

Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалады. Үкім заңды күшіне енді.