Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екін­ші отырысы аясында жұмыс секция­лары­ның отырысы өтті.
Құндылықтар тоғысы
1,067
оқылды

Елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен Пар­ламент депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері және БАҚ басшылары мен сарапшылар қоғамдық консолидация, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелері бойынша секцияларға бөлініп, салаға қатысты өзекті мәсе­лелерді  талқылады. 

«Қоғамдық консолидация» секциясын Пре­зидент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Ұлттық құрылтай хатшысы Аида Балаева жүргізіп отырды.  Онда ел бірлігін, татулықты ту етіп жүрген бірқатар зиялы қауым өкілдері мен қоғам қай­раткерлері сөз алып, пікірлерін білдірді. 

Жеке талқылау блогы халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру тақырыбына арналды. Са­рап­шылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция қызметкерлерін, прокуратура мен сот орындаушы­ларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультациялар ұйымдастыру тәжірибесін жаңар­туды ұсынды.

Сонымен қатар Ұлттық құрылтай мүшелері отандық БАҚ пен медиа контентті дамытуға жәр­дем­десу, сондай-ақ олардың қоғамдық шоғырлан­дыруды нығайту құндылықтарын ілгерілетудегі рөлі туралы пікірлері және  ұсыныстарымен бөлісті. 

«Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбындағы секцияны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі мен Мәдениет және спорт министрі А.Оралов жүргізіп отырды. 

Келелі жиында еліміздегі медиа және мәдени-рухани даму мәселелері қаралды. Ұлттық құрылтай мүшесі Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық  өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды өткен жылы Ұлытауда көтерілген мәселелер бойынша топтарға бөлініп, ел арасында кездесулер өткізіл­генін, нақты проблемаларды шешу жолдарының қарастырылғанын сөз етті. 

 «Мен барған жердің барлығында мәдениет үйінің жұмыс істеп тұрғанын көрген жоқпын. Барлық мәдениет үйлерінде қара құлып тұрады. Ол тек қана сол ауыл әкімінің, аудан әкімінің жиналыс өткізетін орны ғана болып тұр. Сондықтан аудан­дағы мәдениет үйлерін барынша жандандыру керек. Біз соларды сіңіру арқылы ғана елдің рухын көтереміз. Рухани астанадағы Ұлттық Құрылтайда елдің болашағы үшін тың, елдік шешімдер шығып жатса кәнеки», – деді Азамат Сатыбалды. 

Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұр­лы­ханов болса қоғамда туындап жатқан пробле­малардың бірі жастардың жағдайы екенін айтып өтті. Алқалы жиында кітап ұстамайтын ұрпақ көбейгені, оны шешу жолдары да айтылды. Жиынға  қатысушылар бүгінгі халықтың әлеуметтік жағ­дайымен қатар болашағына да мән беру керек дейді. Халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері елдің әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайын жақсарту, рухын көтеру бағытында қызу пікірталас өрбітті. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанова еліміздегі дін мәселесіне тоқталды. Әр ауылда бір емес, бірнеше мешіттің болуы, оның әрқайсысы әр рудың ұрпақтарының иелігінде екені ұлттық болмысымызға сын екенін ашына жеткізді. Елді біріктіретін емес, бөлетін мұн­дай үрдістен арылып, одан да балаларға қажетті мектептер мен үйірмелер, спортзалдар салу қа­жеттігін ұсынды. 

Түркістандағы Ұлттық құрылтайдың бірінші күніндегі үш секция жұмысы аясында қызу пікірталастар мен жанды идеялар алмасу – бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасының эволюциясының көрнекі көрінісі. Президенттің бірнеше жыл бұрын ұсынған бұл идеясы тиімді саяси реформаларды қалыптастыруға және жүзеге асыруға ықпал етеді. 

Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын іске асыру жөніндегі арнайы  іс-шаралар жоспарын әзірлеуге қатысты шешім қабылданды. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы