«Шығыстың жарық жұлдызы», қазақтан шыққан тұңғыш этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың мәңгілік қоныс тапқан мекені Жетісудың Күреңбел аймағындағы Шанханай атты ауылдың маңы.
Шоқанның Шанханайдағы музейі
2,179
оқылды

Осы елді мекенде өмірден  жастай өтсе де, артында өшпес із қалдырған  Шоқан Шыңғысұлының өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен музей бар. Ескерткіші орналасқан.  Жанындағы жотада Шоқанның өзі жатыр. 

Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтын­емел» мемлекеттік мемориалды музейіне кірген адамның көзіне бірінші түсетін жәдігер – Шоқанның жүріп өткен жолдарын бейнелейтін, 250 келі қой жүнінен тоқылған, бір қабырғаны тұтас алатын гобелен кілем. Сонымен бірге ға­лымның Қашқария сапарына өзімен бірге алып барған тапаншасы мен сол жақтан тағып келген парша белбеуі де келген жан­дардың қызығушылығын оятады. Ре­сейден арнайы алғызып, оқыған «Совре­менник» журналын да музей жәдігер­лерінің арасынан көре аласыз. Шоқанның бейнесі көпшіліктің жадында қайта жаң­ғырып, жарқырай түспесе, көмескіленген жоқ. Аудан орталығынан шалғайда, үлкен жолдан жырақта орналасқан ауылға Шоқанның ескерткішіне тағзым етіп, қабіріне Құран оқып, музейдегі жәдігер­лерді көруге келетіндердің қатары сел­діремеген. Дегенмен дара да, дарынды тұлғаны бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін Шанханайдағы музей мен ескерткіштің, қорымның қолдауды қажетсінетінін бұ­дан бұрын жазған едік. Былтыр Жетісу об­лы­сының жұртшылығымен жолыққа­нда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Біз Шоқанды әлем­дік деңгейде дәріп­теуіміз керек» деп ұлылар жатқан тарихи орын­дарды жас­тарға таныстыру жа­йында сөз қозғаған. Осы сөз шарапатты шараларға серпін бергендей, шоқантануға басқа қырынан, бүгіннің сұранысына сай қайта оралу қажет екенін нұсқағандай болды. 

Әзірге Шанханайдағы «Алтынемел» мемориалды музейі өз мүмкіндігінше жұмыс істеп, қазақтың біртуар ұлы тұлға­сын насихаттауға, танытуға шамасы жет­кенше үлес қосып келеді. Жылына мұнда 2 500-дей адам келіп, асылдан қалған жәдігерлерді көріп кетеді екен. Олардың ішінде алыс-жақын шетелдерден де ат арылтып арнайы сапарлайтындары бар. Атап айтқанда, көршілес елдерді қоспа­ғанда, алыстағы Швеция, Жапониядан, Еуропа елдерінен саяхатшы ғалымдар, журналистер келіпті. Музейде 1 058 экс­понат бар. Олардың ішіндегі 758-і негізгі қорда. Мұнда Шоқанның ата-бабасы, балалық шағы мен өскен ортасы, қатар­лас­тары, қызметтестері, Шоқанның есте­ліктері, ғылыми зерттеулері туралы құнды дүниелер қойылған. Уәлихановтар отбасы тұтынған тұрмыстық заттар: мыс табақша, ақ металл қасық, бұрыш ұнтақтағышын да осы жерден көре аласыз. 

Шоқанның Қашқария сапарынан тағып келген парша белбеуі аса құнды жәдігерлердің бірі екенін жоғарыда атап өткенбіз. Музей директорының сөзіне қарағанда, алғашында бұл белбеу Орталық музейде тұрған. Кейін 1985 жылы Шоқан­ның 150 жылдығына орай «Алтынемел» музейі құрылғанда аса құнды жәдігер осында тапсырылған. Содан кейінгі 40 жылға жуық уақыттан бері «Алтынемел» музейінің көрнекті экспонатына айна­лып­ты. Таза қытай жібегінен жасалған белбеу бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің бастапқы қалпын сақтаған.

Музейге келушілердің қызыға қарап, тамсана тамашалайтын жәдігерлерінің тағы бірі – 1858 жылы Петербордан шық­қан «Современник» журналы. Шоқан бұл журналды Қашқария сапарынан оралған­нан кейін қызметте жүргенде оқыды ма, әлде емделуге байланысты елге оралған­нан кейін алғызды ма, оны тап басып айту қиын. Дегенмен Шоқанның жазушы Федор Достоевскийге жазған хаттарында орыс басылымдарына қатысты пікірлерін білдіргені есімізде. Солардың бірінде: «Әл­гінде айттым ғой: оқитын еш нәрсе жоқ. Сондықтан маған «Времяны» жібере көріңіз, кейін есептесерміз, ал егер қар­жыңыз болса, мен үшін «Современникке» жазылыңыз», – дейді Шоқан досы Ф.Достоев­скийге 1862 жылдың 15 қа­занында жазған хатында. Не де болса, бұл қазақ даласында айдауда болған орыс зиялы­лары арқылы алдырған журнал екені анық. 

Музейге кіргеннен көз тартатын го­белен кілем – суретші Шәміл Қожақанов­тың туындысы. Мұражайдың ашылуына арнайы дайындалған кілемде өрнекті ма­тамен Жаркент, Қашғар, Құлжа, Алтынемел, Қапал, Верный, Аягөз, Семей қалалары арқылы Шоқанның жүріп өткен жолдары бейнеленген. Мамандардың ай­туынша, кілемге 250 келі қой жүні жұм­салған. 

Музейде «Чокану Валиханову» деген жазу бедерленген, «1858» деген белгісі бар Шоқанның тапаншасы да тұр. Шоқан Уәлихановтың патшалық Ресей үшін табысты атқарған ісінің бірі – Қашқария сапары. Аса маңызды әрі қауіпті сапарды атқарушы адам ретінде Шоқанға өзін қорғау үшін арнайы осы тапанша берілген. Бұл жәдігерді 1958 жылы қазіргі Алма­тыдағы мемлекеттік орталық музейі Ген­надий Василевич Попов деген азаматтан 100 рубльге сатып алыпты. Ал оған тапан­шаны 1936 жылы Оспан есімді қазақ та­нысы сыйға тартқан екен. Тарихи жәдігер Алматыдағы мемлекеттік орталық музей­ден Ш.Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орай Шанханайда музей ашыл­ғанда осындағы қорға табыс етіліпті. 

Мемлекет басшысы Жетісуға келген са­парында туризм саласына қатысты мәселелерді тізбектей келіп, Шоқан Уә­лиханов атындағы «Алтынемел» ме­мориал­ды музейіне арнайы тоқталғанын жоғарыда айттық. Жөндеу көрмегеніне бірнеше жыл болған киелі шаңырақ жаң­ғыртылып, кетеуі кеткен кесенесі жөнде­летін болды. Құрылыс жұмыстарына рес­публикалық бюджеттен 338 млн теңге қарастырылыпты. Жақында ауданға жұ­мыс сапарымен барған облыс басшысы тұр­ғындар мен музей қызметкерлеріне му­зейдің қайта түлейтінін айтты. Ес­керткіш маңы да абаттандырылып, қорым төңірегі реттелетін болды. Кезінде Ш.Уәлиханов еңбегін зерделеуге келген ғалымдардың орналасуына мүмкіндік беретін қонақүй, конференция залы, асханасы жұмыс істеген нысанға қайтадан көңіл бөліне бастағаны ауыл тұрғындарын қуантып отыр. 

Ауданға сапарын Шоқан жерленген жерге тоқтап, ғалымның рухына Құран бағыштаудан бастаған өңір басшысы қабірдің маңайын, қоршауын ретке келтіру мен музейдің жөнделу жайы, ес­керткішті қайта қалпына келтіру қалай жүргізілетінін «Қазреставрация» кәсіп­орнының мамандарымен егжей-тегжейлі талқылады. Ағартушы ғалымның ескерт­кішін қайта қалпына келтіруде бұрынғы кейпі сақталуына баса назар аударылады. Маңайы абаттандырылады. Музейдің іші де бүгінгі күн талабына сай жаңғыртылады. 

«Шоқан музейі – әрі тарихи мұрамыз, әрі туристік жағынан тартымды нысан. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін бол­ғандықтан, бұл кешенді жан-жақты жаңғыртуға күш салуымыз керек. Қыста музейдің ішінде тұрақты температура болуы қажет, онсыз жәдігерлерді сақтау қиын. Сондықтан жылуды еден арқылы жіберудің мүмкіндігін бірлесіп, қарас­тырып көрейік», – деді Бейбіт Исабаев.

Жалпы, музейге 2013 жылы күрделі жөндеу, 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір музей жанындағы бірнеше жыл қараусыз бос тұр­ған ғимарат былтырдан бері мә­дени-ғылыми орталық ретінде қайта жаң­ғыртудан өткізіліп жатыр. Болашақта бұл нысан осы музейге қарасты ғылыми конференциялар, түрлі мазмұнды бас­қосулар өтетін рухани ордаға айналады. 

Біз шоқантанушы Бағдат Ақылбековке жолығып, 2025 жылы туғанына 190 жыл толатын Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу мен зерделеу, елге насихаттауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сұраған едік. 

Оның айтуынша, Шоқанның көп­шілікке белгісіз ғылыми мұралары мен ашылмаған құпияларын, өмір деректерін одан әрі мұқият зерттеу қажеттігі туралы Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Бегалин, Х. Айдарова, Шота Уәлиханов, Д.Қонаев, С.Зиманов, Ә.Бисенова, С.Мұхтарұлы, Б.Көмеков сияқты қазақ зиялылары айтып, жазып, кейінгілерге жүк­теп кеткен. Әйтсе де, сол тұлғалардың ама­наты орындалып жатыр деуге кел­мейді. 

– «Шоқантану» ғылымы көңілді то­лық қанағаттандыратындай деңгейге жетті деп айтуға әлі ертерек! Тек мерей­тойлары қарсаңындағы ғылыми конфе­рен­цияларда Шоқан жайлы бірер баян­дамалар жасалып, ғұламаның еңбектерін ескі сарынмен, аздаған ғана өзгерістермен қайталап шығарумен шектеліп келеміз. Осы орайда тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтің 2014 жылы 2 желтоқсанда «Алаш айнасы» газетінде жарияланған «Шоқан өлді дегеннен кейін де 10 жыл тірі болған...» деген мақаласында жазған: «Негізі, Шоқан – өте күрделі тұлға. Оған нүкте қою әлі ерте. Өкінішке қарай, бізде шо­қантанудың тікелей соңында жүрген адам жоқ. Соңғы шыққан 6 томдық 1985 жылғы нұсқадан аударылған. Бірақ ол нұсқаның өзі кезінде күлдібадамдау болып шыққан болатын» деген пікірі әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Одан бері де он шақты жыл өткенімен, «баяғы жартас – сол жартас», – дейді Бағдат Ақылбеков.

Ғалымның пікірінше, Шоқан аз зерт­телмеген. Ол туралы көптеген тарихшы, жазушы, ақын, ғалым қайраткерлер қалам тербеді. Том-том еңбек жазды. Олардың арасында өз достары мен замандастары Г.Потанин, Ф.Достоевский, П.Семенов, А.Гейнс, К.Гутковский, Н.Ядринцев, И.Березин, Н.Наумов, Г.Гасфорт, Л.Берг, Н.Веселовский, Э.Жонво, Ф.Остен-Сакен, Г.Клеменц сияқты тұл­ғалар бар. Қазақ зиялыларының ішінде Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Бегалин, Шота Уәлиханов, Д.Қонаев, С.Зиманов, Ә.Бисенова, С.Мұхтарұлы, Б.Көмеков және тағы басқаларды тізе беруге болады. 

 Дегенмен шоқантану саласында атақты ғалым Әлікей Марғұланның шоқ­тығы басқалардан биік тұр. Атағы таудай ғұламалар мен заңғар жазушылардан кейін Шоқан туралы ешқандай беймәлім жайт немесе жауапсыз сұрақ қалуы мүмкін емес сияқты көрінетіні де рас. Алайда ел мен жердің өткені мен бүгінін жақсы білетіндіктен, әлі зерделейтін тұстар жеткілікті.

Шоқантанушы шанханайлықтардың ауылға Шоқан атын беру туралы талабы­ның ескерілгенін қалайды. Әйтсе де, бұған құлақ асатын жан табылмай тұр­ғандай.

– Кербұлақ ауданындағы Шоқан колхозында ержетіп, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітіргендіктен, ұлы ғалым туралы бірер ой-толғам айтуға құқылымын деп ойлаймын. Қазір бұл ауыл Шанханай деп аталады. Ал жер­гілікті тұрғындар болса, ауыл атауының бұлай өзгертілу себебін әлі күнге дейін түсінбейді және әлі күнге дейін «Шоқан ауылы» деп атайды. Бірақ жергілікті би­лік басын­дағылар тұрғындардың ауылға Шоқан атын қайтару туралы талабын ескерер емес. Осы мәселе де шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ол. 

Бұл ауылдың ақсақалдары мен үздіксіз келіп-кетіп жататын ғалым, жазушы­лардан Тезек төре мен Шоқан туралы көптеген әңгіме-хикаяны әңгімелейді. Солардың бірінде Шоқанның 1864 жылы Тезек төренің ауылына соңғы рет келуі және сол жерде тұрақтауы айтылады. Тезек төренің Шоқанды қарындасы Айсараға үйлендіріп, ұлан-асыр той жасап, бөлек отау құрып бергені, 1865 жылғы сәуір айында Шоқанның қайтыс болуы, Тезектің қайғыдан қан жұтып, қайғыруы, Шоқанды жерлеуі, басына күмбез тұрғызуы және Көкшетаудағы әкесі Шыңғысқа қаралы хабарды естірту үшін хат жазып, өз елінің игі-жақсы­ла­рынан хабаршылар жібергені баяндалады. 

–  Біз көп оқуға тырыстық. Әсіресе, Шоқан туралы жазылған кітаптарды шұқшия оқып, керек мағлұматтарды жазып алатынбыз. Есейе келе Шоқанға деген қызығушылығым арта түспесе, кеміген жоқ. Арман қуып Алматыда оқыған жылдарымда да Шоқанға бай­ланысты басылымдарды қалт жібермеуге тырыстым. Студенттік кезеңнен бастап, Шоқанның сан қырлы өмірі мен қыз­метіне қатысты беймәлім жайттар да қылаң бере бастады. Шоқантанушы ғалым болмасақ та, шамамыз келгенше оны зерттеу жұмысымен үзбей айналысып келемін, – деген Бағдат Ақылбеков Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін Жетісу облысында музей мен Шоқан жатқан қорымды реттеуге назар аударыла бастағанына қуанышын біл­діріп, қазақтың тұңғыш этнограф-ға­лымын толық танып, білу жолындағы зерттеу жұмыстары да тың серпінмен қолға алынатынына сенетінін айтады. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы