Енді 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық зорлық құрбаны арыз түсірмесе де, іс қозғай береді. Бұл істе отбасындағы озбырлықтың куәсі болған адамның түсініктеме беруі жеткілікті.
Таяқтауға тоқтам болады
1,091
оқылды

Ішкі істер министрлігінің мә­ліметінше, жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға 35 мыңнан астам өтініш түскен. 6 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда көп жағдайда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартады екен. 5 айда 43 мыңнан астам қоңырау мен хабарлама түссе, олардың 60 пайызы арыз жазудан бас тартады. Қалған әкімшілік істердің жартысынан көбі сотта тараптардың татуласуы бойынша іс тоқтатылады. Осылайша, құқық бұзушылардың 17 пайызы ғана шынайы жазаға тартылады. Бұған қоса, енді 1 шілдеден бастап полиция тұр­мыстық зорлық құрбаны арыз түсірмесе де іс қозғайды. Әрі 1 шілдеден бастап тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі болмайды. Қылмыстық істердің жар­тысы татуласумен аяқталып, сотқа жет­пей жатқандығына байланысты осындай өзгеріс енгізілді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсыр­малар жө­нін­дегі аға инспекторы Ақмарал Серік­баеваның айтуынша, тұрмыстық зор­лық-зомбылық жасаған «агрессор­ларды» тұрғын үйінен заңмен шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр екен. 

– Көп жағдайда балалары бар жәбірленушілер жанжалдан қашу үшін үйлерінен кетіп жатады. Мұнда бізге мемлекеттік сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтары көмекке келеді. «150» қысқа нөмірлі ұлттық жедел желі де құрылды. Кез келген азамат тегін, жасырын түрде консультациялық көмек ала алады әрі дағдарыс орталықтарының орналасқан жерін біле алады. Сонымен қатар тұр­мыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді, – дейді аға инспектор Ақмарал Серікбаева.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері ретінде арнайы мамандар қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, соның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық тұрақсыз­дықтар, жұмыссыздық, отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адами құндылықтардың төмендеуі мен отбасы институтының жоғалуы деп топшылайды.

– Қазір кейбір отбасыларда өз құ­қықтарын қорғай алмай зорлықтың құрбаны болып жатқан әйелдер мен балалар көп. Отбасында күш қолданатын адамдардың да бар екені елге мәлім. Көбінесе, күш қолданып зорлық-зомбылық жасауға құмар ойынға немесе ішімдікке тәуелді, тек өз басын ғана ойлайтын адамдар бейім келеді. Со­нымен қатар жүйке жүйесі тозған адамдар да ашу үстінде өзін-өзі басқара алмай қатігездік танытуы да мүмкін. Аяусыз күш көрсету құрбандарының 90 пайызы – әйел адамдар. Еліміздегі үй ішіндегі 60 пайызы зорлық-зомбылық­тардың болуы ішімдіктердің кесірінен болып жатады, – дейді психолог Сағым Нағашыбаева.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін заңды қатаңдатудан өзге де шаралар қолға алынып жатыр. Әсіресе, бұл іске жастар қомақты үлес қосып жүр. Соның бірі – тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алуға бағыт­талған Tozbe қосымшасы. Зорлық­қа душар болған жандарға дереу хабар беру қиынға соғып жатады. Осы сәтте жәбірленушілер Tozbe-нің көмегіне жү­гіне алады. Жоба авторларының айтуын­ша, қосымшада дыбыстық хабарлама және нақты мекенжайы да жіберу мүм­кіндігі қарастырылған..

– Жоба барысында техникалық жағынан кедергілер болды. Қазақ тілінде дыбыстық хабарламаны жасау қиындық туғызды. Қазір біз қосымшаны қол­данысқа енгізумен айналасып жатырмыз. Қосымшаның басты функциясы – қиындыққа тап болған жанның дер кезінде көмекке шақыруы. Алдын ала таңдаған кілт сөзіңізді айтқан кезде, сенім телефондарға хабарлама жі­беріледі. Хабарламада жәбірленушінің соңғы мекенжайы болады. Хабарламадан бөлек кілт сөздің айтқан сәттен бастап телефоныңыз дыбысты жазуды бас­тайды. Алдағы уақытта бізде бірнеше қосымша нұсқасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа ұшыраған жандар үшін заңды чеклист шығару ойда бар. Оның да жоспарын дайындап қойдық, – дейді жоба авторы Сәния Мұхамбетқалиева.

Қорытындылай келе, тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі қоғамның өзекті мәселе. Статистикалық мәлімет­тер де сөзімізді растайды. Әрине, отбасы институтының іргетасы мықты болғаны керек. Сонда ғана отбасы-ошақ қа­сындағы мәселені таяқтауға жеткізбей шешуге болатындай.

Жанел ҚҰТТЫБАЙ