Кеудесінде жаны бар, ойында зерек санасы бар әрбір адам өзінен кейін не қалдыратынын ойлайды, жарық дүниеден өкінішсіз өтуге талпынады. Өмірін жақсартатын амал іздейді.
Мадақ сөздің мәні жоқ...
1,151
оқылды

Соның ең бастысы – адалдық пен әділдік жолынан таймай, ар-ұяты мен ожданын сатпай, халықтан алғыс алу. Көпшілікке кісілік мықтылығымен сый­лы болу.  Ал өзгеге ұқсас, не болмаса азаматтық артықшылығы, шын мәнінде мықтылығы – өзінің айнымас ұстанымы мен талап­шылдық қасиетінен танылады.

 Қазір жан-жақтан ан­талаған түрлі-түрлі мә­дени-рухани аласапыран­да, адам­дардың қалыпты қарым-қатына­сының өзі есепке құрылып, ізгілік пен мейірімге зәрулік туындап, тек ашкөздік мен ақшаға суарылған дү­ниелер қоғамды тұм­шалай бастаған уақытта әрбір тұлғаның абыройы мен адал, турашыл сөзі таңғы таза ауадай қажет болып отыр.

Өйткені «ақша алға шықса, бақыттың жолы жабылады» деген Шы­ғыс ойшыл­дары­ның мұра сөзі айна-қатесіз шын­дыққа ай­налды. Ал бұл әлеу­мет­тік-тарихи санаға ти­гізетін зарда­бы көп мәселе. Сон­дықтан да көз арбайтын ақшаға, қу дүниеге қызығу бір басқа, ол жақсы өмір сүру үшін артық ет­пей­тін керек нәрсе десек те ананың ақ сүтімен, әкенің қа­ны­мен жара­тылған кісі мұраты адам­герші­лікті асқақ­тату болар. Алайда көріп отырғанымыздай, бұл күндері де дап-дар­дай адамдар егде жасына қарамай, ана жергілікті билікке жағыну мен дә­мелі сый-сияпат, әлде­қан­дай марапатқа тәуел­діктің салдарынан қай жерде болмасын, әсі­ресе, жастар мен зерделі адамдар қа­тысып отыр­ған ортада жү­ре­ктегі ұятты бел­ге байлап, мақ­­тан сөзді үйіп, төгіп, жа­­­­ғым­­паздық пен жәдігөй­ліктің, бей­ша­ралықтың «үлгісін» көр­сету неге еке­нін қайдам, кейінгі уақыт­та өршіп ба­рады. Естіген құ­лаққа тіптен ыңғайсыз: «Сіз келгелі халық ри­за», «Мәсли­хат­қа да біз көп жыл­дан бері күткен ағайын келді» деп жалғаса беретін үй­рен­шікті сөз аясында сөз жа­рыс­тыру баяғыдан бері таныс картина. Ешбір өзгеріске ұшырамаған қалпында қалды, апырай, мақтангерлік пен мақтан сөзді арнаудың өзін адал­дық­пен, өңірдегі жұрт пен қалың қоғам көз­бен көріп, құлақпен естіген жаңа­лық­та­рымен дәлелдеп айтса, оған кім қарсы бола қойсын, өкінішке қарай, олқы со­ғып, тіптен олай болмай тұр. Бұл жосық­сыздау жағдайдың бас-аяғын, әлеуметтік ортадағы әсерін терең зерделесек, бұл биік және дәмді астау төңірегіннен ұзап шықпайтын «белсенділер» қызметі тұтас ел болып, әділетті Қазақстан құруға жауапкер­шілікпен атсалысып жатқан тұста қа­жетті пайдасынан гөрі залал-зияны көп «тәрбие» деп санауға болады. Бастық көрсе, адымды жүрісінен жаңы­латын, жаттанды, әбден жауыр болған жылтыр сөзімен жағымпаздық дертіне ұшыра­ған­дардан қарапайым халыққа келер ешбір қайыры жоқ. Арасында ақыл­сыздықпен өздерін де мақтап был­жырайды. Құлдық психо­логияның сал­дары баяғы. Ер-азаматтарға жара­сатын қасиет – елдің сөзін сөйлейтін, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, көз жа­сын құрғатып сүртуге дайын адам халықтан алғыс алмай ма? Бір қызығы, жергілікті жерде әкім шенеуніктерге жағымпаздық пен жәдігөйлік секілді көріністер әйел кісілер тарапынан жоқтың қасы. Мүлдем жоқ. Аналар айтса, мұң-мұқтажын ашық, кейде қаттырақ айтады. Өздеріне керекті мәселелерді ғана шынайы және ши­рығып қозғайды.

Абай хакім «Құдайға терістіктен не ар мен ұятқа терістікпен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшы­лыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?» деп айт­қан жоқ па?!

«Бірлік емес, байлық үшін жұ­лыс­қан, бас басына би болуға тырысқан» (М. Шаханов) заман өтер, кетер. Ал кісілік сөз бен ойды бұзатын жарамсақ­тық көңіл күй әкімдікте ме, өзге орын­дарда ма, мәдениет пен мемлекеттік қызмет тәртібі қатаң сақталуға тиісті ресми жиналыстың өзінде көрініс табуда. Ешбір ретсіз, рабайсыз мақтау сөзді көпіртіп, көзге түсуін жарамсыз не қисынсыз, орынсыз екенін сол лауа­зым иелерінің өзі де этика тұрғысында сыпайы болса да ескертіп жатпайды. Оған ой-өресі жетпегендігі. Ескі жүйе­нің жетегінде қалған қалпын көрсетеді. Қалай десек те ондай түсінік-пиғылдағы әкім-қаралардың болмысы жаңа Қазақстанның халық қалаған рухымен де, саяси бағыт-бағдарымен де сыйыс­пайды деп білеміз.

Жұрт жасыратын несі бар, қа­мығатын көп жай жоқ. Бірақ ел ішінде көңіл тол­майтын деп, жергілікті бас­шылар атына жалған мақтауды шұ­быртып, мәймөңкелеп, астына көпшік қойып сөйлеп, дабыр­латуға дайын бел­гілі бір топтардың жа­ғым­сыз әре­кеттері жалғаса түсіп, тойлар мен кон­церттерде, салтанатты кездесу­лерде дақпыртқа айналып, жүрек айныта­тын теріс әсері болуын атайды. Қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерді қозғап, жүзеге асыруға салмақты сөздерімен түрт­кі болудың орнына, өмірден көр­гені мен түйгені бар кісілердің жалпақ­шешейлік әрекеттерін билікке жақын жүру жолы деп ұққанын төзгісіз іс деп айыптайды. Шын мәнінде бұл ескіден келе жатқан «дәстүрге» тоқтау болатын түрі жоқ. Бұл пәлекет енді жастарға жұғысты болып, сорламасақ, қанеки?!

Мұндай қоғамдық жарамсыз мінез алға апармайды, шындыққа жетеле­мейді, керісінше кейде өкпе-реніш, ашу ту­ғызады. Қоғамға да, билікке де бұл қауіпті. Керек десеңіз, мақтау сүйетін мыр­заларды енжарлық пен немқұрай­лыққа ұйыта түседі. Жемқор­лыққа да жол ашуы мүмкін. «Сіз кере­метсіз!» деп жа­рысып, құстай сайраған­нан сан соғып қалған талай дәуірдің суретін көріп отырған жоқпыз ба? Дәл осындай шақта жергілікті басшыларға кейде дәл, кейде асыра мін тағып, орын­ды сын айтуға ұмтылатын блогер­лердің қызметіне алғыс айтқың келеді екен. Сол себепті бұл толғақты тақырып қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерде, саяси партияларда да ашық талқыла­нып, мәселенің тәрбиелік мәні мен тигізер теріс жағы жеңіл көз­қарастағы пенделердің жетесіне жеткізіп айтыл­ғанын жөн санаймыз. 

Қазіргі Мемлекет басшысының аса жоғары мәдениеті мен биік ұстаны­мынан, саяси терең ойлары және адам­дармен сөйлесу қарым-қатынасынан табиғи қара­пайымдылық пен шынайы адалдық­тың өнеге-үлгісін аңғарасыз. 

Задында заман зиялысы мен саяси элитаның деңгейіне де көп өзгеріс керек екені даусыз.

Мыжып айтатын мақтау сөздің мәні кеткені рас. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыз Астанада жүр­генінде «Мені де жиындар мен түрлі салтанатты мәжілістерге жиі шақырады. Бәріне бірдей барғым жоқ. Барсаң, май жаққан мақтау мен көтермелеу сөзден құлағың тұнады. Шақырып алып, сені аса бір ілтипатпен құрметтегенсіп, сосын әлдебір жуан дөкейлерді мақ­татуға итермелейді не соған мәжбүрле­гендей болады. Ардан қалай аттайсың, ел не дейді?».

Асыл текті Шераға ар мен ел алдын­дағы абырой мен ұятты ойлап, оны ашық айтып, жазған. Осы орайда еске түсіп отыр, 90-шы жылдардың белор­тасынан ауа Алматыда кіл мықты, ау­зын айға балаған ірі тұлғалар ша­қырылған Үлкен сарай жиыны болды. Бірыңғай мақтау мен мадақтау сөз тау суындай тасқындап, түсінікті саяси науқанды тұс-тұстан жарнамалап, көңілмен кең көсілген мезеттің бір көлкіген сәтінде қайсар мінезді Шераға сөз сұрап алды да өзіне тән мәнермен, қос қалың қара қасын қай­шылап: «Ойнасақ та біраз жерге бардық-ау дегендей, өз ой-пікірлеріңізді айтып жатырсыздар. Бәрі дұрыс. Бірақ елге бір-бірін қайталау мен құрғақ сөз емес, қайратты іс керек. Сөзді тоқтатайық, ағайындар. 

Тау жақта қалақай деген ащы шөп өседі. Қанша жерден оған бал жақсаң да қалақай болып қалады» деді. Зілсіз сөз зілді болып естілді. Алтын жалатыл­ған зал ішін үнсіздік басты. Ығай-сығай…Төр басына қарады. 

Жиын аяқталды.

Қазір де желпілдеген жағымпаз, мән­сіз мадақ сөзбен өңірлер мен ай­мақтарда жұрттың ренішін туғызып жүрген «жақ­сыларға» Шерағаның ал­мастай бірауыз өткір сөзі керек боп тұр.

Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев кезінде «Төбелердің көңілі үшін кейде шыңның асқақтығын жасырдық» деген еді. Қазір екінің бірі «ұлы қайраткер», «ұлы тұлға» деп те жүрміз, зер салып қарасақ, олардың көпшілігі тау емес, жай ғана жота екенін аңғарамыз. Бір өкі­ніштісі, нағыз тұлғаны танып, ас­қақ­тата алар руханият пен қасиетке тапшымыз. Міне, соған енді әр әкім шенеуніктер би­лік қызметінде отыр­ғанында «Сізге сенеміз. Көптен күткен едік» деген сыңайда, сосын не істеп, не қойғанын еш сезін­бесе де «О, сізге риза болып жатыр­мыз» деп жарамсақтанған, ал күндердің күнінде қызметі ауысқан жағдайда «Бізді қолдап жүрдіңіз. Жолыңыз болсын!» дегеннен аспайтын «штаттағы» шешен­дердің «түлкібұлаң қызметі» қосылды. 

Тегінде, қоғамға керегі не? Тұр­мысты түзету болмақ. Адамдардың күнкөрісі барлық жерде бірдей жақсы емес. Жер­гілікті жерде, облыс ор­талығында, аудан мен ауылдарда жаңа өндіріс орны, жаңа технологиялар көзделген межеде ашы­лып, кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы күресті күшейту – басты шарт. Бір ауданда отыз жылдан астам уақыттан бері тым болмаса бір сүт цехы ашылмаса, онда ауыл шаруашылығы саласы оңды дегенге ешкім де сенбейді. 

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкім­діктердің алдына әлеуметтік ин­фрақұры­лымдарды түбегейлі жаңғырту, ауылдарда мемлекеттік бағдармалар мен жобаларға сәйкес жұмыстарды жүйелі және сапалы жүргізу, шағын және орта бизнесті да­мыту, инвес­торларды тарту және қоғам­дық бірлік пен халықтың пікіріне құлақ асып, азаматтық ашық қоғамды қалып­тастыру секілді зор міндеттерді жүзеге асырып, көпшілік сенімін күшейтуге тиіс деп аса қажетті талаптарды қойып отыр. Мемлекет қаржысын бөліп беріп, бюд­жеттің тиімді жұмсалып, орын­далуын бақылаумен ғана әкімдік жұ­мысы біт­пейді. Ел басқару ісі бұйырған екен. Әкім болған азаматтар жауап­кершілігі мен міндетін таза мансап тұр­ғысында қарас­тырмаған жөн. Қазіргі әкімдер толық­қанды мемлекет және қоғам қайраткері биігінен табылуы тиіс. Жеке абырой-беделі, білімі мен ал­ғырлығы, бастама­шыл, идеялық тап­қырлығы, кісілік мә­дениеті мен көп­шіліктің тілін таба алатын ақыл-ойы, рухани-ұлттық кесек мінезі және дү­ниеқоңыздық, сұғанақтық, жер­лестік, рушылдықтан ада қадір-қасиеттері атойлап тұруы керек. Бірақ барлық жерде бірдей бұл талап сақталмайды. Кездейсоқ болмаса да әкім дегенге шапқылап жүр­ген елгезек жігіт ша­масында ғана шыра­мытып қараса, онда не шығады? Тағы бір мәселені айтпай тұра алмадық. Ел ішінде жұғымсыз жұрыс-тұрысымен, лас айлакерлігімен аты шыққан байырғы шенеунік көкелер кейбір жас әкімдердің кадр таңдау және тендрді жеңдіру мәсе­лесінде «сенімді кеңесші, құпия уәзіріне» айналған-ды дегендей алыпқашпа әңгіме көп. Аяқ астынан олардың «сыйлы» тұлғаға айналуы да осындайда бекер емес дейді. Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды. Өз көлеңкесі бол­маса –өлгені дейді. Есті адам ел пікі­рін ескеретін болса, екінің бірінде есі ке­тіп сөйлемес еді ғой мінберден?! Жоқ, олай емес. Тек мақтау керек, «айтсам өз сөзім» деп өзеурейді. Ал мақтауға үй­рен­ген мырза сол сөзді сағынып тұрады ма, ел естісін дей ме, міз мақпайды. Бұл жа­ғы­­нан жарыс, бәсеке де бар секілді. Жақ­сы кісілер еді… Жағымпаздық пен жал­пақшешейлікке қалай дәті бара­ды? деп те ойлайсың. Халық «Жағымпаз­дық жардан жығады» деп те айтқан.

Қоғам өмірінде өңкей өтірік пен өңмеңдеген пиғылдар, жағы талмайтын жағымпаздық арқылы талай дүниенің ойранын шығарады. Бүлдіреді. Жаң­ғырту мен жаңаруға кесірін тигізеді.

Біз бұған сақ болуымыз керек. Са­наны сергітетін, жадыны жаңғыртатын ұлттық, халықтық құндылықтарды қас­терлеу үшін жоғары мәдениеттілік көрсету керек-ақ.

Жалған мадақ пен жылтыр сөз – қоғамның да, адамның да абыройын асыра алмайды, біле білсек, мұндай пиғылды ұнату мен оны бетімен жіберу басшы атаулының имиджіне ешбір қызмет етпейді.

Жалпы, бұл өзекті мәселеде тиісті орын­дар тарапынан кеңесіп, кесімді, піс­кен бір тоқтам болуы қажет. Олай дей­тініміз, жергілікті әкімдердің ара­сында өздерін жарты патша санайтын жаман пиғыл түсініксіз жағдайда төбе көрсетіп, етек алып барады. «Аузы жаман елді былғайды, аяғы жаман төрді былғайды» ( Халық нақылы).

Бұл жақсы емес.

Адамдық биіктікті ұстау кімге болса да сын. Мемлекеттік қызметшілер үшін қандай деңгейде болмасын бұл тіптен маңызды.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

қоғам қайраткері