Орманды орта жолдан келгендер отайды

Абай облысында қалың орманның өртеніп, он бес адамның мезгілсіз ажал құшуы тұтас елдің қабырғасын қайыстырып кетті. 60 мың гектардан астам жасыл желектің көз алдымызда ойраны шығып, күлге айналғаны тұтас жүйедегі шектен шыққан жемқорлық пен жүгенсіздіктің салдарын ақтарып салды.

Ащы өкініш өзекті өртейді. Табиғаттың иен байлығына ие бола алмауымыз аталған салада да жауапсыздық пен бірізділіктің болмауын анық көрсетті. Шығыста мыңдаған гектар отқа оранған орман 40 жылдан астам  орман шаруашылығында қызмет  еткен Жантас Рақымжановтың да жанына батқан. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келген ақсақал өз ойын ортаға салды... 

Жантас Бекмырзаұлы – Ақмола об­лысының орман шаруашылығында қара­пайым орманшыдан бастап басшылық қызметтерге дейін 43 жылдан астам еңбек етіп, зейнеттік демалысқа шыққан білікті маман. Саланың ой-шұңқыры мен жай-жапсарын бес саусағындай біледі. Қария қазақ елінің орман шаруашылығының өткені мен бүгінін ой елегінен өткізе оты­рып, саладағы бірқатар өзекті мәселенің орны толмас жағдайға жеткізгенін ашып айтты. 

– Жантас Бекмырзаұлы, Абай облы­сында болған алапат өрт тұтас еліміз үшін орны толмас аса зор қиындықтарға душар етті. Бұл орман шаруашылығындағы  жағ­дайдың соншалықты нашар екенін көрсете ме?

– Иә, Семейдегі орманның өртеніп ке­туі бәріміздің қабырғамызды қайыс­тырып кетті. Өмір бойы осы салада жүр­ген­діктен, 60 мың гектардан астам жасыл желектің күл болып кеткеніне ішім удай ашиды. Қазіргі орман шаруа­шылы­ғының хал-ахуалы аса алаңдатарлық жағдайда. Тіпті, өте мүшкіл деуге де болады. Ең алдымен орманшылардың жала­қысы мардымсыз, өте аз. Сондықтан кім көрінген бұл мамандыққа бара бермейді. Саланы білетін білікті маман қасқалдақтың қанынан қат. Кез келген адам ешқандай оқу-білімсіз-ақ орманшы бола салады. Ал ағаштың қалай өсетінін, оны қалай қорғап, күтіп-баптауын білмейтін орманшылар оны қалай сақтап қалмақ? Кадрлар жоқ. Екіншіден, қазіргі орман шаруашылықтарында қажетті тех­ни­каның сапасы сын көтермейді. Қызмет ету мерзімі әлдеқашан өткен, тозығы жеткен техникамен іс бітпейді. Бірақ қазіргі орманшыларда қажетті техника да тапшы. Бірен-саран жаңа техника беріл­гені­мен, ол мүлдем жетпейді. Соның сал­дарынан осындай орны толмас жағдайлар болып жатыр.

– Сіз кеңес кезеңіндегі де, бүгінгі заманғы да орман шаруашылығының қалай жұмыс істегенін білесіз. Салыстырмалы түрде аталған саладағы жағдайдың қалай өзгеріске түскенін айтып бере аласыз ба? 

–Кеңестік дәуірдегі орман шаруа­шылығы мен қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей. Ең алдымен табиғаттың басты байлығы – қалың орманға жауапсыздық тым шектен шыққан. Кеңес уақытында тұтас орман шаруашылығы министрлігі болған. Яғни, барлық орман шаруашылығы тікелей министрлікке бағынышты болды. Ал қазір кез келген әкім орман шаруа­шылығына билігін жүргізеді. Басқарма басшыларына дейін кімді алып, кімді қоятынына дейін өзі біледі. Орман шаруашылығын білетін яки білмейтін адам болсын тағайындай салады.  Тіпті, «осынша орманды кесу керек» десе, айт­қаны бұлжытпай орын­далып, кесіп те береді. Ол кезде орман шаруашылығын жүргізетін тұтас жүйе болды. Орман ша­руашылықтары 25 гектар орман өрті болса, ол аса ірі саналып, дереу министрліктен келіп, үлкен тексеріс болатын. Қазір 25 гектар түгіл одан көп өртенсе де, шыбын шаққандай болмай қалды. Бұрын әрбір орман шаруашылығы кемінде 200-300 гектарға дейін ағаш егетін. Қазір шамамен 20-20 гектар еге ме, екпей ме, белгісіз. 90-жылдары біз елорда маңында еккен ағаштар қазір жасыл желек болып жайқа­лып өсіп кеткен. Қанша кесу керек, қанша қылқан жапырақты, қанша жапырақты ағашты егу керек, орманның орналасуы, ағаштардың егілуі – ғалымдардың топырақ жамылғысын зерттеуіне байланысты егілетін. Бәріне бақылау жасалды. Орман­ды өрттен сақтау үшін маңайы жырты­ла­тын. Қазір мұның бәрі жөнімен жасала­тынына күмәнім бар. Орман шаруашылық­тарында еш нәрседен хабары жоқ «пара­шют­истер» қызмет етеді. Оған қоса, жүйе құрылымдары тұтастай дұрыс құрылмаған. Орман шаруашылықтары біресе Ауыл шаруашылығы министрлігіне, біресе Экология министрлігіне қарады. Қазір тағы Экология министрлігінің құзырына өткен. Бұл да саладағы жағдайды одан сайын құлдырата түсті деп ойлаймын. 

– Орман шаруашылықтарын қалпына келтіру үшін не қажет деп ойлайсыз? 

– Біріншіден, ең алдымен құрылымы  бұрынғыдай, яғни тікелей министрлігі болатындай, әкімдіктердің қоластына қарамайтындай жағдайда болуы тиіс. Екіншіден, қазір орман шаруашылықтарын ештеңеден хабары жоқ, ағаштар туралы білмейтін, орман туралы еш білімі жоқ адамдар басқарып отыр. Кадрларды ретте­мей, бұл саланың алға жылжуы мүмкін емес. Үшіншіден, саланы ғылыммен байланыстыру қажет. Ғалымдардың жер жағдайына қарай  орманды өсіруі,  егу жұмыстарын жүргізуі – бәрі бір-бірімен байланысты болуы қажет. Мәселен, Нұра, Есіл, Ертіс өзендері тартылып жатыр. Су қоры мүлде азайып кеткен. Егер сол өзендердің айналасына ағаш егілсе, қар тоқтап, өзендерде су молаяр еді. Ал су болса, ағаш та көбейетіні белгілі. Міне, осындай қарапайым қағида ұмыт қалып барады. Салаға жауапкершілікпен қарау ғана бұл жағдайды оңалтуға ықпал етпек. 

– Абай облысында болған алапат өрт қасақана, яғни сол ағаштарды құрылысқа, басқа да пайдаға асыру үшін әдейі өртелді деп ойлайсыз ба? Жалпы, орманның қайта қалпына келуіне қанша уақыт қажет бол­мақ? 

– Әрине, бұл жерде осындай қасақана әрекетпен орманға өрт қойылуы әбден мүмкін. Құрылыс үшін де осындай әрекет жасалуы ғажап емес. Өртенген орман ағаштарын пайдасына жаратпақ болғандардың әрекеті сияқты. Бірақ ол ағаштардың қайтадан қалпына келуі үшін ондаған жыл қажет қой. Мәселен, сол орманда өртке оранған ағаштарды дұрыстап қолға алып, егу жұмыстары жүргізілсе, маңайы қоршалып, мал басып кетпеуін қадағаласа ғана орманды қайта қалпына келтіру мүмкін болмақ.  Орман өртенгеннен кейін ол жерге қаулап ағаштар шыға бастайды. Ең алдымен терек, қайың ағаштары шыға бастайды. Одан кейін біраз уақыт салып қарағайлар өседі. Теректер 40-50 жылда, қайың ағаштары 50-60 жылда, ал қарағайлар толық өсіп жетілу үшін 100-120 жыл қажет. Яғни, біз осынша уақыт бойы өсетін қалың орманнан айырылып отырмыз. Оның орнын толтыру  үшін осынша уақыт қажет. Әрине, мұның өзі де уақытты тиімді пайдаланып, дұрыс әрекет еткен жағдайда ғана мүмкін болмақ. 

– Әңгімеңізге рақмет! Амандық тілейміз! 

Сұхбаттасқан

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы