Іс-шарада Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалығы басталды.
Қазақстан 2023 жылы Орталық Азия әйелдері диалогына төрағалық етуді бастады
1,064
оқылды

Бүгін Астанада БҰҰ мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі» тақырыбында Орталық Азия елдері әйелдері диалогының отырысы өтті.

 

Іс-шарада Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалығы басталды. Оған Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті палаталарының спикерлері, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева, БҰҰ  Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча сөз сөйледі.

Ерлан Қошанов Орталық Азия елдерінде цифрлық гендерлік алшақтықты жою басым бағыт болуы керектігін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің даму деңгейі әйелдердің қоғамдағы мәртебесімен өлшенетінін талай рет айтты.  Бүгінгі кездесу әйелдердің осы өңірдегі елдердің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне қатысуын жан-жақты кеңейтуге ықпал етеді деп сенеміз. Осы орайда заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар гендерлік теңдік үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Ерлан Қошанов.

Аида Балаева өз сөзінде әйелдер бизнес қауымдастығын, академиялық және ғылыми орталарды, үкіметтік емес және азаматтық секторларды біріктіре алатын Орталық Азия өңірі елдерінің белсенді әйелдерінің күш-жігерін біріктіруге баса назар аударды.

«Осы платформаны және оның қатысушыларының белсенді әлеуетін ескере отырып, біз әйелдердің, отбасыларымыздың әсіресе жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайындағы өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ортақ проблемаларды бірлесіп шеше аламыз», – деп атап өтті Аида Балаева.

Сондай-ақ, Аида Балаева Орталық Азия елдерінің ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтарының демографиялық дамудың, гендерлік теңдіктің өзекті мәселелері бойынша ынтымақтастығын кеңейтуді,  туризмді дамыту, мәдени саласында бірлескен жобаларды іске асыруды, экология саласында өзара іс-қимыл жасауды, сауда-саттықты, соның ішінде цифрлық сауданы дамытуды ұсынды.

Сессияға ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева жетекшілік етті. Ол Орталық Азиядағы әйелдер диалогындағы Қазақстан төрағалығының басымдықтарына тоқталды. Атап айтқанда, біздің еліміздің бастамасымен цифрландыру әйелдерді әлеуметтік-экономикалық қатынастарға кеңінен тартудың жаңа тиімді құралы ретінде Диалогтың басымдықтары қатарына енгізілген. Бұл мәселеде Қазақстанның үлкен жетістіктері бар және оларды бөлісуге дайын.

Еліміз бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі жөніндегі мәселелерде тәжірибе алмасу аясын кеңейтуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясына қазақстандық 6 әскери бақылаушы, соның ішінде 1 әйел сарбаз қатысуда. Қазақстанның Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасында әйел әскери қызметшілерді даярлау туралы тармақ бар.

Сессия қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері әйелдері диалогының 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Оған Алматыда «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» атты халықаралық конференция өткізу мәселесі де енгізілді.

«Әйелдердің қатысуымен инновациялар мен технологияларды дамыту саласындағы озық тәжірибелер» атты тақырыптық сессияда жаңа технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлін көрсететін табысты инновациялық жобалар таныстырылды. Сессия барысында қатысушылар әйелдер стартаптарын, жасанды интеллект, ауылдық жерлерде цифрландыруды дамытуға бағытталған цифрлық жобаларды талқылады. Сонымен қатар отбасы мен қоғамның, әйелдер кәсіпкерлігінің, кәсіптік-техникалық білім беру мен жұмыспен қамтудың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған әзірлемелерді қарастырды.

Диалогқа қатысушылар әйелдер бетпе-бет келетін құрылымдық және экономикалық мәселелерге де назар аударды. БҰҰ Әйелдер өңірлік офисінің мәліметі бойынша, Еуропа мен Орталық Азия аумағында 60 миллионнан астам әйел мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан ер азаматтарға қарағанда оқу мен экономикалық даму мүмкіндіктерін жиі пайдалана алмайды.

Нақты және жаратылыстану ғылымдарындағы гендерлік теңсіздік орта мектепте басталып, жоғары сыныпта нығаяды, жоғары оқу орнында қарқын алып, еңбек нарығына дейін жалғасады. Нәтижесінде әйелдер техникалық және технологиялық инновацияларды жасауға жауапты салаларда салыстырмалы түрде жеткіліксіз қамтылған.

Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, заманауи цифрлық трансформация әйелдердің экономикалық және әлеуметтік құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады әрі Орталық Азияның барлық мемлекеті жариялаған гендерлік теңдікті арттыру мақсатына пайдаланылады.

Анықтама үшін. Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы – өңірдегі әйелдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң.

Диалог 2020 жылғы желтоқсанда басталды. Өткен жылдары оған Өзбекстан (2021), Түрікменстан (2022) төрағалық етті. Диалог БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатия өңірлік орталығының, БҰҰ Даму бағдарламасының және БҰҰ Әйелдер ұйымының қолдауымен құрылып, жұмыс істеп келеді.