Еуразия ұлттық университеті – Ұлттық ғылым академиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған бірінші ЖОО.
Университеттік және академиялық ғылым ынтымақтастығының  жаңа деңгейі
948
оқылды

Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлар Кеңесі арасында, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен ынтымақтастық туралы екі келісімге қол қойды. Тараптар қолға алынған іргелі және қолданбалы зерттеулердің сапасын, ғалымдардың отандық экономиканы жаңғыртуға және қазақстандықтардың әл-ауқатының арттыруға қосатын үлесін арттыру мақсатында университет пен академиялық ғылымның әлеуетін біріктірмек.

Ынтымақтастық туралы құжаттарға ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлар кеңесінің төрағасы, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және ҚР ҰҒА президенті Күнсұлу Закария қол қойды.

Келісімдер шеңберінде бірлескен күш-жігер Қазақстанда ғылымды дамытуға жәрдемдесуге, іргелі және қолданбалы зерттеулердің сапасын арттыруға, олардың нәтижелерін экономикаға табысты енгізуге бағытталады. Ынтымақтастық жоғары оқу орындарының инновациялық қызметін дамытуды, отандық ғалымдарды кәсіби тұрғыда біріктіруге және олардың ғылыми жетістіктерін танымал етуді, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

 «Біз бірлесе жас ғалымдарды қолдауға, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне және шығармашылық әлеуетін ашу үшін жағдайлар жасауға ерекше назар аударамыз. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында бергені мәлім. Мен келісімде белгіленген бағыттар бойынша іс-шаралардың нақты жоспарын жасауды ұсынамын. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында назар аударған құндылықтарды қалыптастыруға ғылыми қауымдастықтың қатысуы аса маңызды деп санаймын. Әділ Қазақстанды тек адал азаматтар құра алады.  Адал азамат – бұл адал ғалымдар, адал тәлімгерлер, адал жастар», – деді ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлар кеңесінің төрағасы, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов

Тараптар жаратылыстану ғылымдары, инженерлік-технологиялық, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғылыми орталықтар мен институттарды және ғылыми қамтымды өндірістерді құруды, ғылыми кадрларды даярлауды, ғылыми зерттеулер жүргізуді, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, ақпараттық жүйелерді құру мен дамытуды, ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Еуразия ұлттық университеті – Ұлттық ғылым академиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған бірінші ЖОО.  Мемлекет басшысы ғылымға, оның ішінде университеттік ғылымға үлкен көңіл бөледі.  ҚР Президенті жанында ғылым және технологиялар бойынша ұлттық кеңес құрылды, Ұлттық ғылым академиясына жоғары мәртебе берілді,  бүгінде ғылым туралы жаңа заңжобасы әзірленуде.  Оған ЕҰУ ғалымдары да белсенді түрде атсалысуда. 2024 жылы Академияның 4 өңірлік филиалы Астане, Ақтобе, Өскемен және Шымкент қалаларында ашылады. Сіздер бұл филиалдармен де белсенді жұмысты жалғастыратындарыңызға сенемін. Университеттің, әсіресе жас ғалымдардың әлеуеті ғылыми жобаларды сараптауға бағытталады», – деді ҚР ҰҒА президенті Күнсұлу Закария.

Атап өткен жөн, өткен жылы ЕҰУ зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Бүгінде ЖОО ғалымдары түрлі салада 200-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асыруда. 2022 жылы ғылымнан және коммерцияландырудан түскен табыс 2021 жылмен салыстырғанда едәуір артты. Бүгінде ЕҰУ нақты сектордың ірі компанияларымен байланысты нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге, ғылыми әлеуетті арттыруға баса назар аударуда. Өткен жылдан бері университет өз қаржысы есебінен коммерцияландыру идеяларын қолдау үшін «JANA ASU» гранттарын тағайындайды.