Баланың қазір жағдайы жақсы және шок күйінен арылған.
Қарағандыда дауылдан зардап шеккен балаға үш операция жасалады
786
оқылды

Қарағандыдағы ойын алаңында жарақат алған баланың жағдайы белгілі болды.

Дәрігерлердің айтуынша, біреуіне бірден үш хирург ота жасайды. Екінші 9 жастағы зардап шеккен баланың жағдайы тұрақты. Есі дұрыс, бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында.

Ал 2015 жылы туған тағы бір бала қатты жарақат алып, шок күйінде жансақтау бөліміне жатқызылды.

"19 маусым күні сағат 14:55-те бізге 2015 жылғы бала түсті. Ойын алаңында ойнап жүріп ауыр жарақат алған. Бұл жартылай жарақаттанған: жақ-бет, бас миының жарақаттануы және оң жақ білек сүйектерінің сынуы. Бала реанимация бөліміне жатқызылды. Оған емдік шаралар, толық диагностикалық зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде мидың қысылуынсыз маңдай сүйегінің ұсақталған сынығы анықталды. Алдымен бірінші дәрежелі бас миының контузиясы, үстіңгі жақ сүйектерінің фрагменттік сынықтары, төменгі жақ сүйегінің сынуы анықталды", – деді Қарағанды облысының бас нейрохирургі Ғабит Махамбаев.

Бүгінде дәрігерлер баланың жағдайын тұрақтандырды. Баланың қазір жағдайы жақсы және шок күйінен арылған.

"Бүгін үш маман ота жасайды. Нейрохирургтар маңдай сүйегінің сынығына, хирургтер жақ-бет жоғарғы және төменгі жақ сүйектерінің сынуына, травматологтар оң жақ білек сынығына ота жасайды. Біз баланың жағдайы жақсы болады деп үміттенеміз", – деді Махамбаев.