Мақсат – қараусыз қалған қарттарды мемлекеттің қамқорлығына алу.
Шымкентте Қарттар үйі ашылды
10,517
оқылды

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Қарттар үйі ашылды. Бұл туралы басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова Facebook-тағы парақшасында жазды. 

Қала аумағында орналасқан қарттар үйі кезінде Түркістан облысының балансында қалған болатын. Жаңадан ашылған №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан қазіргі таңда 30-ға жуық қария, оның ішінде, ерекше күтімді қажет ететін 5 мүгедектігі бар қарт пана тапқан. 

50 адамға арналған толық стационарлы мекемеде қарттарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, экономикалық, құқықтық, мәдени және еңбек терапиясы сынды 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. 

«Тағдыр тауқыметін тартқан қарияларымызға ерекше мейірім, қамқорлықпен қызмет көрсету міндетіміз. Әлеуметтік саланың қызметін жүрекпен қабылдау керек. Сондықтан орталық мамандарына кең пейіл, адал қызмет тілеймін. Қарияларымыздың жағдайын басқарма үнемі қадағалайды», – дейді Балмаржан Нарбекова. 

Бұған дейін  Қонаев қаласындағы Қарттар үйінде суицид жасаған 76 жастағы ер адам туралы жазған болатынбыз. 

Фото: Б.Нарбекованың Facebook-тегі парақшасынан алынды