Депутаттар «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады.
Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітті
711
оқылды

Парламент палаталарының бірлескен оты­рысында депутаттар 2022 жылғы бюд­жеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітіп, «Прокуратура туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Кон­ституциялық заңды қабылдады.

Парламент палатарының бірлескен отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Конституциялық Сотnың «Қазақстан Республикасындағы консти­­туциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы жайлы болды. Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова Мемлекет басшысының консти­туциялық реформасының нәтижесінде Консти­туциялық Сот құрылып, азаматтарға осы органға қорғау үшін жүгіну құқығы берілгенін атап өтті.

– Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат өз құқықтарын конституциялық қорғауға жүгінді. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі емес, өтініш беруші­лердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды. Бұл ретте Қазақстан заңнамасында Конституциялық Сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың басқа құралдарын қолдану туралы талап жоқ, – деді Э.Әзімова.
Конституциялық Соттың төрағасы азаматтың конституциялық жүгіну институты қоғамның, мемлекеттік аппараттың және азаматтың консти­туциялық құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деңгейін арттыруды талап ететініне мән берді.

Қарау қорытындысы бойынша, Парламент Конституциялық Соттың жолдауын назарға алу туралы шешім қабылдады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту. Бұл жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады.
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков респуб­ликалық бюджеттің атқарылуының негізгі тұстары мен өзекті проблемаларына тоқталып, Үкімет есепті талқылау кезінде айтылған ескертулер мен ұсыныс­тарды алдағы уақытта ескеруі қажет екендігін айтты.

– Мемлекет басшысы бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде қабылданатын барлық шешім мейлінше тиімді болуға тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бюджетті жос­парлау мен атқаруда созылмалы сипатқа ие болып отырған кемшіліктер туралы мәселені депутаттық корпус та үнемі көтеріп отырады, – деді депутат.

Жарыссөз нәтижесінде Мәжіліс пен Сенат де­путаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекіту туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар бірлескен отырыста Парламент «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын екі оқылымда қарады. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан аталған Конституциялық заң жобасын қабылдау уәкілетті органның активтерді қайтару жұмысына септігін тигізетінін айтты.

– Заң жобасы активтерді іздестіру мен қайтару, активтердің шығу тегін анықтау, олардың сақталуын қамтамасыз ету шараларын қолдану, активтерді қайтаруға байланысты халықаралық ынтымақтастық орнату, уәкілетті органдар қызметін үйлестіру және байланыс орнату сынды ережелермен толық­тырылды, – деді А.Құспан.

Талқылау қорытындысы бойынша, депутаттар «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады.

Сонымен қатар бірлескен отырыста Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссия құрамы бекітілді. Бірлескен комиссия құрамына Сенаттан – Мәулен Әшімбаев, Ольга Перепечина, Асқар Шәкіров, Сүйіндік Алдашев, Нұртөре Жүсіп,  Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Сергей Карплюк, Ақмарал Әлназарова, ал Мәжілістен – Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Аян Зейнуллин, Павел Казанцев, Асхат Рақымжанов, Асқар Садықов, Ерлан Стамбеков, Гауһар Танашева, Динара Шүкіжанова енді.