Алла қаласа, санаулы күннен ке­йін киелі Мекке шаһарында мұ­сылманның бес парызының бірі – қажылық науқаны басталады.
Мұсылманның сабыры сыналатын сапар
938
оқылды

 Ал­маты халықаралық әуежайынан қажылардың алғашқы легін қа­сиет­ті мекенге шығарып салдық. Биыл елімізден 4 000 адам қажы­лық парызын өтейді. Қажыларға 18 қажылық фирмасы қызмет көрсетеді.

Қажыларымызды киелі мекенге елі­міздің Астана, Алматы, Түркістан, Ақтау қалаларынан Сауд Арабиясының, Ку­вейт­тің, Түркияның  халықаралық әуе ком­па­ниялары тасымалдайды. Сондай-ақ ҚМДБ жанынан құрылған қажылық миссиясы қажылықты ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру және ақпарат тарату жұмыстарымен айналысады. Қазір қажылық миссиясы өз жұмысын бастап кетті. Миссия мүшелері елімізден барған қажылардың алғашқы легін қарсы алып, орналастыру жұмыстарын атқарып жатыр. Алла қажыларымыздың ізгі ниетін, қажылығын қабыл етіп, елімізге аман-есен оралуын нәсіп еткей!

Тарихқа зер салсақ, қажылық дәстүрі қазақы ортада ешқашан үзілмеген. Ресей империясы кезінде де бабаларымыз қасиетті Меккеге барып, қажылық пары­зын өтеген. Әрине, ол кезде қазіргідей ұшақ, көлік, қонақүй болған жоқ. Соған қарамастан, бабаларымыз арып-аршып ұзақ жол жүріп, ұлы сапарға аттанды. Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ ше­жіресі» еңбегінде: «Қазақ қазақ болғанда бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған уақ Нүркен бай», – дей келіп, қазақтан Самат бай, Байжан хазірет, Құнанбай сұлтан­дардың қажыға барғанын жазған болатын. ХIХ-ХХ ғасырлардағы Мекке-Мәдинаны бетке алған алғашқы қажылар туралы деректі әңгімелер, өлеңдер, қисса-дастан­дар қалдырған бір адам болса, ол – Мәш­hүр Жүсіп Көпейұлы. Ол қажылыққа бай­ланысты көрген-білген, естігенін қа­ғазға түсіріп, қазақтардың қажылығы туралы мол мағлұмат қалдырды.

Мәшhүр Жүсіп өз жазбаларын Мекке мен Мәдинаға барып келген қажылардан естігені мен ел аузында айтылып жүрген түр­лі аңыз-әңгімелерді пайдалана отырып жазды. «Біреуі бес парыздың – қажыға бару, Бұл жолға мал мен жанды керек салу», – дей келіп, қажылардың ауыр жолда көрген-білгенін, тындырған істерін баяндады. Мәшhүр Жүсіп сапардан аман келген қажыларға шүкір етіп: «Өлмей тірі келгенге сын көп әлі, көбің дерсің бұл сөздің жалғаны жоқ», – деп ескертсе, сол жақта қайтыс болған қажының отбасына, ел-жұртына: «Барып сонда өлгеннің арманы жоқ,  аяп сонан құдайдың қалғаны жоқ», – деп басу айтқан.

1874 жылы Досжан, Нұрпейіс хазі­рет­тер, Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы, Жамбылдың ағасы Тәйті Жапаұлы, басқа да қазақтың тұлғалары қажылыққа барған болатын. Осы сапарын­да қазақ қажылары екі үлкен іс атқарды. Оның біріншісі – қасиетті Мекке қала­сында қазақ қажыларына арнап қонақүй (тәкия) салдырды. Екіншісі – қазақтар ресми түрде қажылыққа баруға рұқсат бе­рілген мұсылман халықтардың тізіміне енді.

Аллаға шүкір, бүгінде қазақ деген мұ­сылман халқы бар екенін бүкіл әлем біледі. Тәуелсіздік алған күннен бастап ел мұсыл­мандары қажылық сапарына топ-тобымен барып келіп жатыр. Былтырдан бастап Қазақстаннан қажылық парызын өтеуге баратын мұсылмандар саны 4 000 адамға артты. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген үлкен жетістік деуге болады.

Қажылық – мұсылманның бес пары­зының бірі. Шамасы келетін мұсылман өмірінде бір рет қажылық жасауы тиіс. Алла Тағала Құранда: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы» деген («Әли Имран» сүресі, 97-аят). Абай Құнанбайұлы: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы бол­са, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп жырға қосқан. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» кітабында бұл жайында: «Қаж қылуға қаражатты да һәм үй-ішінің нәпақасына да малы жетерлік байларға ғұмырында бір мәрте қаж қылмақ парыз», – десе, ұлт ұстазы Ыбырай Алтын­сарин «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбе­гінде: «Қаж ету дегеніміз – өмірде бір рет Мекке шаһарында болғушы қағбатул­лаһты, яғни Аллаға құлшылық ететін үй деп танылатын орынға барып, зиярат ету. Қағбаттулаға барып тәуап ету күндегілік я болмаса жыл сайын міндетті амал емес, шамасы келген адам өмірінде бір рет барып қайтса, мойнынан парыз кәміл түседі», – деп түсіндірген.

Қажылық – денемен де, дүниемен де орындалатын құлшылық. Алла Тағала Құранда: «Әйтсе де, кезінде Ибраһимге қасиетті Үйдің (Қағбаның) орнын (құлшылық ететін жер ретінде) белгілеп бергенімізде оған: «Маған еш нәрсені серік етіп қоспа. Үйімді оны тауап ете­тіндер, онда қиямда (тікесінен тік) тұрып, рукуғ жасап (иіліп) әрі сәжде етіп құлшы­лық ететіндер үшін таза ұста» деп бұйырған едік. Адамдарға «Қажылыққа келіңдер» деп жар сал. (Барлық адамдарды қажы­лыққа шақыр). Олар саған мейлі жаяу-жалпы, мейлі ұзақ жолдан арып-ашқан түйелерге мініп болса да дүниенің түкпір-түкпірінен (төрт бұрышынан) келсін. Келіп, қажылықта өздерін күтіп тұрған көптеген (рухани һәм дүниелік) пайда­ларды көрсін», – деп бұйырған («Хаж» сүресі, 26-27 аяттар). Осы аятта айтылған­дай, мұсылмандар қажылық кезінде Ал­лаға құлшылық етіп, Қағбаны тауап етіп, ол жерде қиямда (тікесінен тік) тұ­рып, рукуғ жасап (иіліп) әрі сәжде етіп, құлшы­лығын атқарады. Қажылық кезінде дүние­нің төрт бұрышындағы мұсылмандар қасиетті Қағбаға жиналады.

Қажылыққа ниет еткен адам тақуалық киімі, ақырет кебіні ихрамға оранып, дү­ниені тәрк етеді. «Ләббәйк Алла! Әміріңді орындауға әзірмін. Ләббәйк Алла! Сенің ешбір ортағың жоқ. Ләббәйк Алла! Барлық мақтау Саған тиесілі. Нығмет Сенікі, мүлік те Сенікі. Сенің ешбір ортағың жоқ» деп, қажылық рәсімін атқаруға кіріседі.

Аппақ киімге оранған күйде өлгеннен соң қайта тірілуді, маһшарды еске түсіретін Арафат тауында тұрып, өзін есепке тартып жатқандай хәлді бастан кешіп, Алладан күнәсінің кешірілуін тілейді. Хақ Таға­ланың ұлықтығы, құдыреті, салтанаты үстемдік ететін Мұздалифада түнеп, Алланы көп зікір етіп, Ұлы Жаратушыны қаншалықты танығанын салмақтайды. Алланың үйі – қасиетті Қағбаға барып, өзінің Жаратушы Иенің құзырында екенін сезініп, жеті рет тауап жасайды. Одан ке­йін Ибраһим (оған Алланың сәлемі бол­сын) пайғамбардың жұбайы Хажар ана­мыздың жан күйзелісін кешіп, Қияметтегі қайғырған пенденің жай-күйін жүрегінен өткеріп, Сафа пен Мәруа төбелері ара­сында жеті рет сағи жасайды. Осылайша, мұсылмандар Жаратушыға жалбарынып, күнәсі үшін кешірім тілеп, Оның разылы­ғына жету үшін жан азабын кешеді. Пайғам­барлардың, сахабалардың, салиқа­лы жандардың хәлін еске түсіріп, солардың табанының ізі қалған қасиетті жерлерді басып, сынақтан сабақ алып, ой жүгіртеді.

Адамның сабыры сыналатын шақ – осы қажылық кезі. Себебі қажылық мұ­сыл­манды тақуалыққа, сабырлы болуға тәр­биелейді. Алла Тағала Құранда: «Тар­шы­лықта, қиындықта және соғыс кезінде сабырлық танытқандар, міне солар – шыншылдар әрі тақуалар» деген («Бақара» сүресі, 177-аят) болатын. Егер мұсылман қажылық кезіндегі сынақтарды сабырмен еңсерсе – мақсатының орындалғаны. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла Тағаланың разылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, теріс қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туғандай күнәдан пәк болып үйіне оралады» деген (Бұхари). Яғни, өзін теріс қылықтардан тыйып, сынақтарға сабыр етіп, Алланың разылығынан үміт етіп, қажылық парызын орындаған адамның мына жалған дүниеде пендешілікпен істеген барлық күнәсі кешіріліп, жүрегіне иман нұры ұялап, анасынан жаңа туған сәбидей күнәдан пәк күйде оралады. Бұл – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ.
Алайда қажылықтың кемел түрде орындалып, қабыл болуы үшін оның мінсіз, өз ережесі бойынша, әдебін сақтай отырып атқарылуы шарт. Себебі Ислам – көркем мінез бен әдептің діні. Мұсылман ешқашан әдептен озбайды. Бұл шарт әсіресе қасиетті мекендегі қажылық кезін­де орындалуы қажет. Қажылық сапарына ниет еткен жандар алдымен ниетін дұрыстап, қасиетті сапарды бір Алла Таға­ланың ризалығы үшін атқаруды мақсат етуі керек. Сондай-ақ қажылық рәсімдері жайында ізденіп, бұл ғибадаттың парыз­дары, уәжіптері, сүннеттері, тыйымдары сияқты дүниелерді оқып-біліп алғаны абзал.

Ұлы сапарға аттанар алдында ренжіс­кен адамы болса, татуласып, біреуге бо­рыш­ты болса, қарызын қайтаруы тиіс. Қа­жылыққа жұмсайтын қаражаттың адал жолмен табылғанына мән беру қажет. Сол секілді қажылық сапарға аттанатын адам қасиетті мекенге барып, қайта оралға­нынша таршылық көрмеуі үшін өзінің отбасы, бала-шағасын қажетті қаражатпен қамтамасыз етіп, туған-туыстың ризалығы мен үлкендердің батасын алғаны абзал.
Ал қажылыққа барғаннан кейін бұл ғибадатты ынты-шынтысымен орындап, тақуалығын нығайтуға тырысу керек. Қажылықтан келгеннен кейін де тыйым етілген істерден, күнә атаулыдан сақтанып, нағыз мұсылман ретінде өмір сүруі тиіс. Әрине, қажылықтың қабыл болғанын не қабыл болмағанын бір Алла ғана біледі. Дегенмен ғалымдарымыз құлшылықтың қабыл болуының бір белгісі ретінде қажының күнәдан бойын аулақ ұстауын айтқан. Яғни, кім қажылық кезінде күнәлі істерден тыйылып, қажылықтан келгеннен кейін де дәл солай күнәлі істерден тыйылса – қажылығы қабыл болғанының белгісі.

Бірде сахабалары Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең абзал амал қандай?» – деп сұраған екен. Сол кезде Алла елшісі: «Аллаға және елшісіне деген иман», – деп жауап беріпті. Сахабалар тағы да: «Сосын қайсы?» – деп сұрапты. Ардақты Пайғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолындағы күрес», – депті. Сахабалар: «Сосын қайсы?» – деп тағы сұрағанда: «Игі қажылық!» – деп жауап беріпті.
Алла Тағала барша мұсылман баласына осы игі қажылықты нәсіп етсін! Қажылық сапарға аттанған отандастарымыздың қажылығы мен дұға-тілегі қабыл болып, мол сауапқа кенеліп, аман-есен елге орал­сын деп тілейміз.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти