Биыл еліміздің бас қаласы Ас­танаға – 25 жыл.
Зираты жоқ ауыл
720
оқылды

Осы уақыт ішінде елордамыз жан-жақты өсіп-өр­кендеп, республикамыздың негізгі экономикалық даму орталығының біріне айналды. Ғасырлар тоғысар тұста өтпелі дәуірдің қиыншылы­ғынан қысылған жұрттың кәсіп із­деп, осында ағылғаны белгілі. Олар­дың бірқатары қала тұрғында­рының қатарын көбейтсе, енді бірі іргедегі ауылдарға қоныс тепті.  

Елордаға ең жақын, небәрі 11 ша­қырым жерде жатқан Қызылсуат ауылы – осындай елді мекендердің бірі, құ­рамына Шұбар, Аққайың ауылдары кіретін ауылдық округтің орталығы. Аталған ауылдардың Астанамен арақа­шықтығы үлкен болмаса да, оларға қалада күнделікті нормаға айналған кейбір өркениет элементтері жетпепті. 17 мау­сым күні жергілікті жұртшылықтың талап-тілегіне орай осында арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспан халықпен жүздесіп, оларды алаңдатып отырған біраз жайтқа көз жеткізді.


Ауылдың қалалық тұрғындары

Кездесуге жоғарыда аталған үш ауыл­дың тұрғындары қатысты. Ең алдымен, елді мекенде тұрғылықты тіркеу есебіне алынған және нақты тұратын адамдар санының өзара сәйкес келмейтіні сөз болды. Мысалы, Қызылсуат ауылында 1 300 адам ресми тіркелсе, іс жүзінде 4 мыңдай халық тұрады. Яғни, 2 700-дей адам қаланың тіркеу есебінде. Ал Ақ­қайың ауылында бұл көрсеткіш тиісінше 900 бен 1 500-ді құрайды. Бұған жергілікті жерде тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайдың қамтамасыз етілмегені себеп болып отыр. Мысалы, 2014 жылы жаңа­дан салынған Қызылсуат ауылдық ем­ханасы жұмысын бастаған кезде есепте 1 600 адам болса, қазір оның саны 1 000 адамға азайып, 600-дей тұрғын ғана қалыпты. Себебі онда кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі толық көрсетілмейді екен. 2022 жылы аталған емхана ғимараты Целиноград аудандық орталық ауру­ханасының шешімі бо­йынша облыстық маңызы бар Қосшы қаласындағы «Жанұя» жекеменшік клиникасына, 2023 жылы сол қаладағы жаңадан құрылған мемлекеттік емханаға берілген. Бүгінде онда дәрігерлік амбу­латория есебінен бір ғана мейіргер отыр, оның өз бетінше ем тағайындауға құзыреті жоқ. Халық терапевтіге, педи­атрға, хи­рургке, кардиологке, гине­кологке, басқа да дәрігерлерге қаралу үшін Қосшы қа­ласына баруға тиіс. Бұл қала басқа ауыл­дарды айтпағанда, ең жақын деген Қы­зылсуат ауылының өзінен 26 шақырым қашықта. Екі арада жүріп тұрған қоғам­дық көлік жоқ. Оған жету үшін алдымен Астана қаласына барып, басқа автобусқа ауысып міну қажет, яғни жолдың өзіне біраз уақыт кететін көрінеді.

Ауылдық округке жедел жәрдем көлі­гінің келу жылдамдығы да көңіл көншіт­пейді. Оның арты орны толмас қайғылы жағдайға соқтырған кездері де болған. 2013 жылғы 13 сәуірде күні айы-күні же­тіп отырған ауыл тұрғыны кенеттен қатты ауырып, ауданнан шақырылған бригада бір жарым сағаттан кейін ғана келген. Дер кезінде тиісті көмек көрсетілмеген соң дер­ті ушығып, өзі де, жаңа туған бөпесі де қайтыс болған. Сөйтіп, бүтін бір от­басы ойда-жоқта үлкен қасіретке ұшы­раған.

Қызылсуаттықтардың айтуынша, бекітілген жауапты Жедел жәрдем стан­сасы болмаған соң оларға мұндай көмек өзіне тиесілі контингенттен тапсырыс болмаса ғана көрсетіледі екен. Қазір халқының саны 10 мың адамнан асатын Қосшы қаласындағы екі жедел жәрдем машинасы ішкі сұраныстан артылмайды. Жергілікті жұртшылық мұндай алалаудан қатты зардап шегіп отыр.

– Біз қиналғанда Астанадан көмек шақырамыз, бірақ олар «біздің есебімізге кірмейсіңдер» деп, келуден бас тартады, амал жоқ, ақылы қызметке жүгінуге тура келеді, – дейді тұрғындар.

Оның үстіне, елді мекендерде интер­нет байланысы өте нашар, тіпті жоқ деуге болады. Қызылсуат ауылындағы Activ телеоператорының қуаты жетпейді. Шұ­бар ауылында мұндай базалық станса тіптен жоқ. Бұл да жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтерін шақыру мәселесін одан әрі қиындата түседі. Сондықтан көпшілік тұр­ғындар қалалық тіркеу есебіне ауысуға мәж­бүр.


Кері кеткен тірлік көп

Ауылда өзінің жекеше мекемесін ашып, қажетті мамандары мен жабдық­тарын әкеліп, толыққанды дәрігерлік көмек көрсетуге дайын тұрған кәсіпкер азаматтар бар. Алайда соның бір де бі­реуіне Ақ­мола облыстық Денсаулық сақ­тау бас­қар­масы рұқсат бермепті.

Ауылдық округке кіретін үш елді ме­кен­де де мәдениет үйі, спорт нысан­дары жоқ, мектеп жанындағы оқушыларға оқу­лық үлестіретін үш кітапхананы айтпа­ғанда, арнаулы кітапхана да жоқ. Ал ауыл әкімдігі ескі, тар ғимаратта орна­ласыпты.

Мектеп директоры міндетін атқару­шы­ның айтуынша, бұл ғимарат 120 оқу­шыға арнап салынған, бірақ іс жүзінде 288 бала екі ауысымда оқиды. Бала са­ны­ның жыл сайын көбею қарқыны алдағы бес жылда үш ауысымда оқуға көшу ықтималдығын алға тартуда. Аудандық білім бөліміне бұл жөнінде тиісті өтініш берілген, бірақ бәрі де қар­жыға тіреліп тұр. Ауыл да, мектеп те электр тогын жекеменшік қуат көзінен әдет­тегі бағадан қымбатқа алады. Мек­теп­тің өзі ай сайын токқа 300-400 мың теңге төлейді. Оның үстіне, ол таза ауызсумен де қамтамасыз етілмеген. Оқушылар да бүкіл ауыл халқы сияқты ұңғымадан шыққан суды тұты­нады, ал оның сапасының белгі­лен­ген талаптарға қаншалықты сай келе­тіні белгісіз. Себебі судың тұздылығы ба­сым әрі темір құбырды жеміру қаупінің жо­ғары екені айтылды. Соның салдарынан мектептің жылу қазандығын іске қосу мәселесі болып отыр.
Коронавирус пандемиясына байла­нысты қашықтан оқыту енгізілген кезде ауылда интернет байланысының нашар­лығы қатты қиындық туғызған. Қазір де бұл жағдай мектеп мұғалімдері мен оқушы­ларының отандық білім саласында жаппай енгізіліп жатқан «интерактивті сабақ», «электрондық күнделік» сияқты және бас­қа да жаңа технологияларды толық мең­геріп, пайдалануына кедергі болуда.

Аққайың ауылында үш оқу бөлмесі бар, бірқабатты бастауыш мектеп жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдарға жаңа ғимарат салу жөнінде ұсыныс беріл­ген, бірақ бюджеттен қаражат бөлу жағы қол­байлау болып тұрған көрінеді. Бұл ауылға балабақша да қажет.

Қызылсуат ауылында жергілікті кә­сіпкер мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік негізінде балабақша ғимаратын салу­ды қолға алған екен. Бірақ қаржысы жет­пегендіктен, оны толық аяқтай алма­ған. Қазір күтімсіз қалған құрылыс біртін­деп тозып бара жатыр. «Егер үш ауылда да мектепке дейінгі мекемелер ашылса, үйде баламен отырған біраз әйел жұмысқа шы­ғар еді», – дейді тұрғындар.

Кездесуге келгендер сумен және элек­тр тогымен жабдықтау мәселесін баса айтты. Аққайың ауылына Қоянды жақтан тартылған электр желісінің сапасы өте нашар, ток ауық-ауық өшіп, кернеуі аяқасты көтеріліп немесе әлсіреп кетеді екен. Соның салдарынан электр аспап­тары жиі істен шығады.

Ауыл ішіндегі жолдың жағдайы да мәз емес. Кейде Астанамен арада жүретін автобус жүргізушілері сапасыз жолмен жүруден бас тартады екен. Қызылсуат ауылындағы жолға асфальттың бірінші қабаты төселген, бірақ екі жылдан бері қаражат жоқ деген себеппен екінші қа­баты төселмеген. Осы аралықта бастапқы жол жабынының жағдайы біртіндеп нашарлап бара жатқан көрінеді. Бұл жерде мемле­кеттің қаражатын тиімсіз жұмсау байқа­лады. Себебі жаңа асфальт төсеу үшін ал­дыңғы жол жабынын жөн­деуге тура келмей ме? Аққайың ауылында орталық көшеге ғана асфальт төселген.

Қосымша мал ұстайтын ауыл тұрғын­дарын жайылым мәселесі де ерекше алаңдатады. Өйткені ауылдың шетінен басталатын бүкіл жер «Астана маман» деген мекеменің меншігінде. Ондағылар бұл жерді не өздері пайдаланбайды, не басқаның пайдалануына бермейді.

– Бұл мекеменің осы жерге ие болуы­ның өзі аса күмәнді, кезінде бұл бойынша іс сотқа дейін барған, облыс әкімдігінің араласуымен уақытша мәміле жасалған, сондықтан оның құқықтық негізін жете тексеру қажет, – дейді тұрғындар.

Мәжіліс депутаты А.Құспан Қызыл­суат ауылы мен Астана халықаралық әуежайы­ның арасында орналасқан ашық карьерден ауыр жүк машиналарының тынбай құры­лыс материалдарын тасып жатқанын көз­бен көрді. Әуежай жақтан жел тұрғанда осы көліктердің шаңы – ауылды, ал керісінше самал соққанда әуежайды басып қалады екен.
– Бұлар Абылай хан көшесінің бойындағы арнаулы жүк таразысынан қашып, даланың бәрін тарам-тарам жол қылып, табиғи шөп қабатын жойып жатыр. Сол жолмен қаладан түрлі қоқыс әкеліп төгіп кетеді. Бұл экологияға зиян емес пе? Оған қоса, өмір бар жерде, өлім бар. Бірақ біздің ауылымыздың бекітілген тиесілі зираты жоқ. Адамдар бұрын бо­лашағы жоқ деп таратылған Майбалық ауылының зиратына жерлейтін. Қазір бір амалын тауып, қалаға не басқа ауылдарға апарып, келісіп қойып жатыр. Бірақ ондағылар да көп жағдайда рұқсат бер­мейді. Осы мәселені шешкен жөн, – деді келесі сөз алғандардың бірі.

Ал Аққайың ауылында зират орналас­қан жер картаға «орман алқабы» деп белгіленіпті. Сондықтан оны күтімге алып, қоршау мәселесі тиісті демеушісі болса да, шешімін таппай тұр.

Кездесуге жиналғандар өздерінің осы және басқа да өтініші жазылған хаты пен құжаттарын Мәжіліс депутаты А.Құс­панға тапсырды. Абзал Темірғалиұлы да өз кезегінде айтылған мәселелерді жіті зерттеп, тиісті шешімін табуына қолдан келгенше көмектесетінін айтты.

«Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, Астананың дәл жанындағы ауылдардың жағдайы осындай болғанда, басқа өңірлерде, орталықтан шалғай жат­қан ауылдардан не хал сұраймыз. Бұл «Әділетті Қазақстан» бағытының аясында Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан саясатқа, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» атты пилот­тық ұлттық жобаларға қаншалықты сәйкес келеді?!


Азат ҚАЗАҚ